«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сапасыз өнім сатылымға шығарылмауы тиіс

Сапасыз өнім сатылымға шығарылмауы тиіс
ашық дереккөз
Сапасыз өнім сатылымға шығарылмауы тиіс

Марат ҚҰЛИБАЕВ

«Арай-Плаза» кешенінде «Атамекен» Ұлттық палатасы мен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен техникалық реттеу саласында «Сұр сертификаттарға жол жоқ» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Оған жоғарыда аталған мекемелер мен денсаулық сақтау, мемлекеттік кірістер басқармаларының, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді өткізуде сертификатталмаған сапасыз өнім шығарылуына тосқауыл қою, «көлеңкелі бизнестің» дамуына жол бермеу мақсаты көзделген екен. Жиында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Әлия Ахметова баяндама жасады. Ол өз сөзінде техникалық реттеу саласындағы «сұр сертификаттар» айналымына қатысты біраз мәселенің бетін ашып берді. Ең алдымен кәсіпкердің сәйкестікті растау рәсімі – техникалық регламенттерде, стандарттарда және келісімшарттарда белгіленген талаптарға, сондай-ақ декларациясы мен сертификаты түріндегі сәйкестігін құжаттық растау болып табылады. Бұл құжат сәйкестікті бағалау органдарына аккредиттелген сынақ зертханасында өнімді сынақтан өткізгеннен кейін барып беріледі. Ол өнім түріне байланысты кемі бір-екі күн уақытты алады. Ал зертхананың қорытындысын 10-20 минутта алу заңсыз, тестілеусіз, жалған құжат жасатқан болып шығады. Баяндамашы кәсіпкерлерге заңсыз қызмет көрсеткен тұлғаларға қатысты материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен қылмыстық жазаға дейін тарту үшін жауапты органдарға жіберілетіндігін де ескертіп өтті. Әлия Аманқұлқызы осыған орай техникалық реттеу және метрология комитеті «сұр сертификатты» қауіпті өнімдерді ел нарығына шығаруға жол бермеу мақсатында мемлекеттік бақылау органдары арасындағы өзара әрекеттесу алгоритмін әзірлегені туралы айта келіп, оның атқаратын негізгі жұмыстарына да тоқталды. Жиын барысында «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Жамбыл филиалының директоры Динара Ахметова, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің техникалық регламенттер талаптарының сақталуын бақылау бөлімінің басшысы Марат Құлтаев, «Галеника» ЖШС-ның директоры Қатира Аққұлиева, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің кедендік бақылау басқармасының жетекші маманы Әлімжан Құлымбетов және техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің бас маманы Асқар Бейсенбаев өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар өз кезегінде кәсіпкерлерді техникалық регламенттің талаптары бойынша сәйкестігін растау органдарын таңдау кезінде, сертификатты тез және арзан түрде беруге уәде беріп отырған күмәнді тұлғалардан аулақ болуға шақырды. Егер аталған талаптар орындалмаса сәйкестікті бағалау рәсімін белгіленген тәртіппен өткізіп, оған қоса әкімшілік айыппұл төленетіндігіне назар аудартты. Дөңгелек үстелде кәсіпкерлер тиісті мекемелердің өкілдеріне көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, еркін жағдайда пікір алмасты. Сырттан келетін азық-түлік, басқа да тауарлардың көптігін, сонымен қатар сапасының сын көтермейтіні де басты әңгіме арқауы болды. Өзімізде жеткілікті көлемде тауар өндірілмеуі мұның басты себебі болып отыр. Ондай өнімдерді нарықтан ысырып шығару үшін отандық өнімнің үлес салмағын арттыру керек-ақ. Дөңгелек үстел отырысын ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің техникалық реттеу және метрология комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы Әлия Ахметова қорытындылап, жиында көтерілген мәселелердің күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар