Отандық өнім – құнды қазына. Өзгенің бұйымына тамсанғанша, өз өніміңнің қадірін білгенге не жетсін! Елбасы келелі жиындарда отандық өнім өндірудің аса маңызды екенін үнемі айтып келеді. Бұл ретте біздің өңірде де сең қозғалып, нақты жұмыстар жүзеге аса бастады. Жамбыл өңірі кеңес дәуірінде де, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да киім, кілем өндірісімен танылған. Былғары аяқ киім өндіруден талайды мойындатқаны белгілі. Осы жұмыстардың бастауында облыстық халықтың тұрмыс қажетін өтеу басқармасы тұрғаны мәлім. Бұл басқарманы ұзақ жылдар бойы еңбек ардагері Жұматай Лайықовтың басқарғаны ел есінен кете қойған жоқ. Ол жылдары барлық аудандарда халықтың тұрмыс қажетін өтеу комбинаттары жұмыс істеп тұрды. Тараз қаласындағы «Былғары аяқ киім», «Жеңістің 40 жылдығы», «Баян сұлу», «Прогресс» тігін фабрикаларының да жұмысы жемісті болған. Аталған басқарма басшылары 28 мекеме, кәсіпорынға жетекшілік еткен. Осы салада еңбек еткен ардагерлер есімін ардақтау, тарихты жаңғырту мақсатында Ж.Лайықов бастаған ардагерлер облыстық тарихи-өлкетану музейінде отандық киім өндірісін дамытқан ардагерлердің құрметіне арнайы бөлме ашты. Шараны облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Тимур Нұрымбетов сөз сөйлеп ашып, сала ардагерлерінің бастамасын құптап, арнайы бөлменің ашылуымен құттықтады. Мұнан соң жамбылдықтар өндірген отандық өнімнің тарихы туралы деректі фильм көрсетілді. Тараздағы және аудандардағы тұрмыс қажетін өтеу комбинаттарының кезіндегі табысты жұмыстарынан хабардар болдық. Мұнан соң облыс әкімдігі аппараты ардагерлер кеңесінің төрағасы, тұрмыс қажетін өтеу саласының озаты Жұматай Лайықов өзі еңбек еткен, басшы болған жылдардағы жұмыс жағдайын, сол кездегі мүмкіндіктер жөнінде баяндама жасап, бүгінгі таңда да отандық өнім өндірісін дамытуға болатынын жеткізді. Ол сондай-ақ Мәскеудегі халықаралық өнімдер көрмесіне Тараздағы «Былғары аяқ киім» фабрикасының, Қаратау тігін, Жуалы кілем фабрикаларының өнімдері қойылғанын көпшіліктің есіне салды. Аталған фабрикалардың көне құжаттары, ескі бұйымдар, озат қызметкерлердің суреттері, табыстары естелікке қойылғанын сөз етті. Кейіннен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Зүбайра Сембина, Тараздағы «Стекольный» кәсіпорнының басшысы София Этемади, еңбек ардагері Валентина Зубритская сөз сөйлеп, киім және тоқыма өндірісін бүгінгі таңда да дамытуға болатынына тоқталды. Жиын соңында облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Ғалия Әлімжанова тұрмыс қажетін өтеу саласының ардагерлеріне арналған бөлмені жасақтағаны үшін еңбек ардагері, облыстық халықтың тұрмыс қажетін өтеу басқармасының бұрынғы басшысы Ж.Лайықовтың еңбегін Алғыс хатпен атап өтіп, құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді