«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ауылды әнге бөлеген бақыт

Ауылды әнге бөлеген бақыт
ашық дереккөз
Ауылды әнге бөлеген бақыт
Талас ауданында мәдени атмосфераны қалыптастыруға бағытталған жұмыстар әлі де жалғасын тауып жатыр. Ондай шаралар бір сәтке де тоқтамақ емес. Солардың бірі - Таластың талантты перзенті, өнерімен көпті тәнті еткен азамат, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақыт Шағырбаевтың «Елге сәлем!» айдарымен өткен жеке концерті - жерлестеріне әннен сый тартуы. Екі аптаға жуық уақыт ішінде әнші ауданның барлық ауылдық округтерінде болып, қарапайым ауыл тұрғындарына сырнайымен сызылтып ән салды, тыңдармандарының көңіліне қуаныш сезімін сыйлады. Жергілікті халықты ән қанатында қалықтатты. Бақыттың ғажап әндері ауыл жұртшылығын серпілтіп, рухани сұраныстарын қанағаттандырғандай болды. Әнсүйер қауым әдемі әсерге бөленді. Аудан аумағындағы ауылдарды түгелдей дерлік аралап, жерлестеріне әннен шашу шашқан өнер иесінің Қаратау қаласындағы Ұлбике ақын атындағы Мәдениет орталығында қорытынды шығармашылық концерті ұйымдастырылды. Көмейіне бұлбұл ұя салған Бәкеңнің шығармашылығына қызыққан жұртшылық өз ұлының өнерін тамашалауға мейлінше көп жиналды. Олар өнер иесінен сәт сайын қошеметін аямай, қанаттандырып, шабыттандырып отырды. Әнші де өз кезегінде тыңдармандарымен диалог орнатты. Репертуарындағы шығармаларды бірінен соң бірін шарықтатып шырқаған оның жүзінен ризашылық сезімі айқын аңғарылып тұрды. Әсем әндермен әдіптелген кештің соңында сахнаға аудан әкімінің ықылас гүлі қойылды. Бұл туған жерге келген өнерпазға, Таластың төл перзентіне көрсетілген құрмет еді. Ауданға арнайы атбасын бұрып, жеке концертін өткізіп, елінің алғысын арқалаған азаматқа деген ізет толас- тамайды. Осы орайда аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов Бақыт Шағырбаевқа аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырып, сәлемін жеткізді. Айгүл МҰРАТБЕКОВА, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі. Талас ауданы.  

Ұқсас жаңалықтар