Біз жанбасақ лапылдап…

103

Жаһандану үрдісінің талабы – үздіксіз даму, әлемнің өркениет көшіне ілесу. Өркендеуді барлық мемлекет жоспарлайды, жастарына сенім артады. Біздің тәуелсіз еліміздің алға қойған асыл мұраты – әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылу. Ұлт Көшбасшысы, Елбасы дана саясатымен еркін елімізді дамудың даңғыл жолына бастап келеді. Ел Президентінің әр Жолдауы маңызды, зор міндеттерге толы. Елбасы қашанда ел жастарына сенім артады. Биылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында да нақты басымдықтарға тоқталды. Мемлекет басшысы келер жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл – жастарға артылған жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім.
Өңірде жастар саясаты «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Облыста 240 222 жас азамат бар. Жастар жалпы, облыс халқының 21,5 пайызын құрайды. Олардың 89 788-і жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алады. 2018 жылы облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 574,6 миллион теңге қаржы қаралған. Ағымдағы жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 64,7 миллион теңгеге 26 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Бұл қаржы негізінен жастарды жұмыспен қамту, қиын өмірлік жағдайдағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталды.
«Жамбыл облысын 2016-2020 жылға дейінгі дамыту» бағдарламасында жастар саясатына қатысты 2 индикаторлық көрсеткіш белгіленген.
Біріншісі, «Жастардың жалпы санындағы NEET (еш жерде оқымайтын, еш жерде жұмыс істемейтін) көрсеткішінің облыстық жоспары орындалды.
Екінші көрсеткіш, «Өңір жастарының мемлекеттік жастар саясатына қанағаттану деңгейі» 2017 жылғы жоспарлы 72,0 пайыздық меже әлеуметтік зерттеулердің қорытындысы бойынша 76,6 пайызды құрады.
Облыста жастарды әлеуметтендіруге басымдық танытылуда. Тиісті уәкілетті атқарушы органдармен және Тараз қаласы мен аудан әкімдері арасында нақты межелер айқындалған 10 индикаторлық көрсеткіштер белгіленді. Оның ішінде, 6 көрсеткіш өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталды.
Аталған келісім аясында 12003 жасты жұмыспен қамту белгіленген. Ағымдағы жылдың 1 қазанына 12159 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды.Статистикалық мәліметтерге сәйкес ІІ тоқсан қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайызды құрады. Өткен жылдың есепті кезеңінен 1,9 пайызға төмендеді. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда төменгі көрсеткіштердің бірі. Республика бойынша көрсеткіш – 3,9 пайыз. Облыста жүргізілген талдау нәтижесінде жұмыссыз, жұмыссыз ретінде тіркелген, еш жерде оқымайтын, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған 11302 жастың базасы жасақталды. Одан бөлек, солтүстік өңірлердегі 1044 жұмыс берушіден және облыстағы 578 жұмыс берушіден ұсынылған 4790 лауазымдық бос жұмыс орындарына жұмыссыз жастарды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан бері 35 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп, оған 962 жас тартылды. Нәтижесінде 2065 жас жолдамаға ие болды.
Одан бөлек, жастарды ерте бастан кәсіптік даярлауға, мамандық таңдауға бағдарлау мақсатында «Түлектер тақтасы» жобасы іске асырылуда. Бүгінгі күнге облыстағы 298 орта мектепте және 15 арнаулы орта оқу орындарында орнатылды.
Сонымен қатар басқарма биыл жоғары және арнаулы орта оқу орындарын бітіруші түлектер мен жұмыссыз жастарды мемлекеттік қызметке даярлау мақсатында «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жұмысын бастады. Аталған мектепке 200-ден астам жас өтінім білдірді. Алғашқы лекте 25 жас 1 апталық оқу курсын аяқтап, сертификатқа ие болды.
Өңірде жастардың кәсіпкерлігін шыңдауға тиісінше мән берілуде. Облыста Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылуда.
Жалпы, жеңімпаз атанған 222 жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 145-і аудандар мен ауылдық елді мекендерден. Жоба аясында өңірдің 762 жасы жұмыспен қамтылады, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар.
Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтарының» ұйытқы болуымен түрлі мазмұнда 4222 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 834 шара патриоттық, отаншылдық бағытта өткізілді.
Алдағы уақытта біртұрпатты шараларды жастардың қажеттілігін ескере отырып, маңызы бар шаралар форматына алмастыруға ден қойылуда. Ендігі өзекті мәселенің бірі – жастар бас қосатын мәдени-спорттық нысандар желісін ұлғайту. Бұл бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін белсенді пайдалана отырып, жастардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған облыстық жоспары бекітілген.
«Нұр Отан» партиясының бастамашыл жобалары аясындағы «коворкинг» орталықтарын атап өтуге болады. Бүгінгі күнде «коворкинг» орталықтар Тараз қаласы мен Жуалы, Талас, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі аудандарындағы Мәдениет үйлері мен кітапханаларда жастарға қызмет етуде. Бұл орталықтарда жастар бос уақыттарын тиімді өткізумен қатар, кітап оқып, шахмат, тоғызқұмалақ ойнайды. Жыл соңына дейін Қордай, Сарысу, Мойынқұм аудандарында осындай орталықтар пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Елбасы келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Бұл ел жастарына үлкен серпін, қуаныш сыйлады. Бұл мәселеге облыс әкімі Асқар Исабекұлы ерекше мән беріп отыр. 2019 жылы басқарма тарапынан атқарылатын жұмыс жоспары жақында облыс әкімінің алдында егжей-тегжейлі қаралды. Өңір басшысы жастарға берері аз, тиімділігі төмен, бірмезеттік алаулатқан шаралардан бас тартып, отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, жастар бойына патриоттық сезімді ұялата отырып, ұлттық сананы жаңғырту, жастар кәсіпкерлігін қолдау, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтендіру секілді нақты нәтижеге бағдарланған жүйелі шараларға басымдық танытуды тапсырды.
Осыған орай, басқарманың келесі жылғы жоспары тиісті мемлекеттік органдар, жастар үкіметтік емес ұйымдарымен бірлесе отырып, қайта әзірленуде.
Одан бөлек, облыста мемлекеттік жастар саясатын іске асырудың 2019-2020 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді. Келесі жылға облыстық желілік кесте әзірленіп, жалпы саны 300-ден астам шара белгіленді.
«Жастар жылы» түрлі санаттағы жастарды әлеуметтендіру аясында жүретін болады. Біз «Жастар жылын» – Елбасының ел болашағы саналған жас толқынға құрметі, сыйлығы деп есептейміз.
«Жастар жылы» облыс жастарын ұлағатты істерге бейімдеу, олардың өз білімдері мен талаптарын дамытуға жол ашу үшін үздіксіз ізденіп, еңбектене береміз.
Мен жанбасам лапылдап,
Сен жанбасаң лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ, – деп ұлы шайыр Назым Хикмет бекерге жырламаған.
«Жастар жылы» жай ұран емес, жалынды жастардың нақты идея, үлкен бастамаларына толы болады деп есептеймін. Ұлт Көшбасшысы да ел жастарынан тың идея, айқын бастамалар күтетіні анық. Міне, осы өркендеу жолына облыс жастарын жұдырықтай жұмылдыра береміз.

Мәди МӘТЕН,
облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.

Comments are closed.