Жазғы лагерьлердің жартысына жуығы жұмысын тоқтатқан

Жазғы лагерьлердің жартысына жуығы жұмысын тоқтатқан
Ашық дереккөз
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде балаларға арналған жазғы лагерьлер маусым айынан бастап жұмысын бастаған. Дегенмен, мұнда назар аударатын басты мәселе – облыста балалар лагері жетіспейді. Мәселен, биыл жазда 12 сауықтыру лагерінің 7-уі ғана жұмыс істеуде. Сондай-ақ, лагерьлердің басым бөлігі 60-70-ші жылдары соғылғандықтан, көбісінің тозығы жеткен. Материалдық-техникалық базалары да жаңартылмаған. Сондықтан жекенің қолына өтіп кеткен лагерьлерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігі өзекті болып отыр. Бұл туралы Amanat партиясы облыстық филиалы жанындағы білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңестің жазғы кезеңде балалардың демалысын ұйымдастыру, оларды сауықтыру ұйымдарымен қамту және ондағы балалардың жағдайы талқыланған отырысында айтылды.

Жиында партияның білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің төрағасы Махметғали Сарыбеков балалардың жазғы демалыспен қамтылуы туралы статистикада білім басқармасы мектеп жанындағы лагерьлерді «жазғы лагерьлер» деп есептейтінін айтып, «бұл жоқтан бар жасау деген сөз» деді. Бұл сауықтыру лагерьлеріндегі әрбір баланың қауіпсіздігін, олардың құқықтарының қорғалуы мен сақталуын қамтамасыз ету басты міндет екені назардан тыс қалмауы тиіс. Дегенмен, осы салада кейбір келеңсіздіктерге жол берілуде. Мысалы, жақында ғана әлеуметтік желілерде «Берікқара» лагерінде демалушы балаларға әжетхана жуғызған деген ақпарат шықты. Әрине, балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, осындай түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқаны өкінішті. Сондай-ақ, сауықтыру лагерьлерінде санитарлық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары барлығында бірдей сақтала бермейді. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Кеңес төрағасының сөзінше, мұның барлығы балаларды қабылдауға дайындық кезінде қадағалаудың дұрыс жүргізілмеуінен орын алып отыр. Айта кетсек, Amanat партиясының облыстық жол картасында қала сыртында 7 балалар сауықтыру лагерін салу көзделген. Жиында осы және басқа да мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың есебі тыңдалды.

Өңірдің бас ұстазы биыл жаз кезеңінде облыстағы 219 769 оқушының 87,6 пайызын, яғни 192 699 баланы түрлі іс-шаралармен қамту көзделгенін атап өтті. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасының 7454 баласы қала сыртындағы сауықтыру орталықтары мен лагерьлерде және 36 259 баланы мектеп жанындағы ұйымдастырылатын лагерьлерде қамту жоспарланған. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 658 миллион теңге қарастырылған. Оның ішінде мектеп жанында жұмыс істейтін лагерьлерге 181 миллион 300 мың теңге бөлінген. Жұмысты сапалы ұйымдастыру мақсатында жазғы каникул кезеңінде балалардың сауықтыру демалысын, бос уақытын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөніндегі 2024- 2026 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспары бекітілген.

Биыл облыстағы қала сыртындағы 12 лагерь мен орталықтың 7-уі, атап айтқанда, жыл бойы жұмыс істейтін «Мөлдір бұлақ», маусымдық жекеменшік «Болашақ», «Тау самалы», «Берікқара» және мемлекеттік «Балауса», «Жұрындысай, «Жұлдыз» лагерьлері жұмыс істеуде. Оның ішінде Меркі ауданындағы «Жұлдыз» лагері биыл күрделі жөндеуден өткен. Білім басқармасы басшысының айтуынша, 15 шілде күнгі мәлімет бойынша жалпы жоспарланған балалардың 72,2 пайызы жазғы түрлі іс-шаралармен кезең-кезеңімен қамтылған. Аталған лагерьлерде бір балаға жолдама құны 12 күнге 60 мың теңгені құрайды. «Білім беру ұйымдары оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, жан-жақты жазғы демалыспен қамту мақсатында жұмыстар жүргізуде. Мысалы, маусым айында өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының 70 тәрбиеленушісі Жуалы ауданындағы «Берікқара» сауықтыру лагерінде 54 күн демалуға мүмкіндік алды. Ал, көпбалалы, аз қамтылған отбасының 10 баласы Алматыдағы «Бөбек» сауықтыру орталығында 20 күн демалатын болады. Сондай-ақ, 14-17 жас аралығындағы 5 оқу үздігі жетекшісімен бірге 10 күнге Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен халықаралық мәдени-танымдық форумға жіберілді. 5-9-сыныптың 143 оқу үздігі мен түрлі бағыттағы жеңімпаздары республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында демалды. Сонымен қатар, облыстың 571 оқушысы еліміздің бірқатар қалаларында спорттың 49 түрінен өтіп жатқан республикалық жарыстарға қатысуда», – деді Рауан Нұрғалиұлы.

Жалпы өңірдегі 11 маусымдық лагерьдің 5-уі биыл жұмыс істемеген. Мәселен, жекеменшік «Кооператор», «Бәйтерек» лагерьлері төртінші жыл конкурсқа қатыспай, балаларды қабылдамаған. Сенімгерлікке берілген «Рауан» лагері болса, Қырғызстаннан алынатын электр энергиясына байланысты, «Қазфосфат» кәсіпорнының «Жұлдыз» лагері күрделі жөндеу жүргізілуіне орай жұмыс істемеді. Ал, Т.Рысқұлов ауданындағы мемлекеттік Әлия Молдағұлова атындағы лагерь апатты болып танылған. Оның орнына 2026 жылы жаңа лагерь құрылысы салынады деп жоспарлануда. Сондықтан жекенің қолына өтіп кеткен лагерьлерді мемлекет меншігіне қайтару қажеттігі өзекті болып отырғанын сөз еткен кеңес төрағасы М. Сарыбеков облыстағы оқушылардың 87 пайызы сауықтыру лагерьлерімен қамтылады деген ақпараттың шикілігін атап өтті. Кеңес мүшелері Сағындық Ордабеков, Гүлмайра Момбекова, Жәмилә Бекбатырова, Бәтес Егембердиева балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда салғырттыққа бой алдырмау, лагерьлердегі қауіпсіздік шаралары, тойханаларда түнгі уақытта жас балалардың даяшы болып жүргендігі, осы ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, мешітке баратын 70 пайыз жастар мен мектеп оқушыларының кейбірінің өз дінімізден, салт-дәстүрімізден ажырап, басқа елдерге көбірек еліктейтіні қоғамды қобалжытып отырғаны, осы бағытта білім басқармасы жоспарлы жұмыстар атқару керектігі туралы ұсыныстарын айтты.

Сонымен қатар, кеңесте облыстағы дәрілік заттардың айналысы, фальсификатталған және жалған өнімнің босатылуы, оларды таңбалау мен қадағалауды енгізу туралы мәселе қаралып, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлмира Базарханованың есебі тыңдалды. Айта кетерлігі, биыл 1 шілдеден бастап елімізге әкелінген және ел аумағында өндірілген дәрілік заттарды міндетті таңбалау жұмыстары басталып кетті. Мұндағы мақсат – халықтың денсаулығын қорғау. Себебі, соңғы уақытта емделушілердің денсаулығына зиян келтіретін жалған немесе сапасыз, әрі жарамсыз дәрі-дәрмектер көбейіп кеткен. Кеңесте осы мәселелерге қатысты айтылған бірқатар ұсыныстар отырыс хаттамасына енгізіліп, тиісті орындарға жолданатын болды.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП

Ұқсас жаңалықтар