«Сарыкемер-Мырзатай» бағытындағы жолмен қатынайтын жұрт Мырзатай ауылдық округінің аумағынан бой көтеріп, құрылыс жұмысы күннен-күнге қарқын алып жатқан нысанға көз салары анық. Үстіміздегі жылдың сәуір айында қазығы қағылған нысан күн санап бой көтеріп келеді. Бұл – туберкулезге қарсы 60 орындық аурухана.
Құрылыс жұмыстарын облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысы бойынша қордайлық «Темір-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттарына облыстық бюджеттен 11 миллион 92 мың 903 теңге қарастырылса, өткен жылы осы типтік үлгідегі нысанды салуға тағы да облыстық бюджет есебінен 1 миллиард 148 миллион 232 мың 502 теңге қаржы бөлінген болатын. Осылайша, туберкулезге қарсы аурухана нысанының құрылысы басталып кеткен. Күн қызуы басылған тұста біз де құрылыс алаңындағы қызу еңбекті көзбен көріп, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Мұнда алпысқа жуық жұмысшы еңбек етуде. Олардың ішіндегі жергілікті елді мекендерден 25 адам жұмысқа тартылса, Меркі ауданынан – 7, Шымкент қаласынан 15 азамат келіпті. Барлық азаматтар үш мезгіл тамақпен, жатын орынмен қамтылған, жалақыларын да уақтылы алып тұрады. Сондай-ақ, жазғы демалыс уақыттарын тиімді пайдаланып, аталмыш құрылысқа көмекке келген М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бір топ студенттік құрылыс жасағы өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарып, ағымдағы жылдың оныншы шілдесі күні қайтыпты. Сонымен қатар, құрылысқа отандық өнімдер қолданылып жатыр екен. Яғни, кірпіш Меркі ауданынан, цемент «Жамбыл Цемент» ЖШС-нан, бетон плиталары «Ғимарат-Бетон» ЖШС-нан, құм Аса ауылынан, қиыршық тас «Шебен-Керамика» ЖШС-нан, темір арматура Қарағанды қаласынан, тағы басқа да құрылысқа керекті материалдардың басым бөлігі өз елімізде өндіріліп, осылай өз қажетімізге жарап жатқаны көңілді бір көтеріп тастады. Туберкулезге қарсы аурухана нысаны келер жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Мұхтар Манекеев, журналист.
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді