«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бұл - тәуелсіз мемлекеттің таңдауы

Бұл - тәуелсіз мемлекеттің таңдауы
ашық дереккөз
Бұл - тәуелсіз мемлекеттің таңдауы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне көшу туралы тапсырмасы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Әліпби реформасына қатысты құрылған ұлттық комиссияның да атқарған тірліктері ауқымды. Әлбетте, бұл игі іс күн өткен сайын қарқын ала бастағаны аян.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ТИГУ-дың мәжіліс залында «Латын әліпбиі – ел ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Еліміздің маңдайалды мамандары қатысқан жиынды облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали ашып, жүргізіп отырды. Ол өз сөзінде латын графикасына көшудің өзектілігін жан-жақты айтып өтті.

Басқосу барысында алғаш сөз алған  А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Ерден Қажыбек өркениет көшіне ілескен Қазақстан үшін жаңа әліпбидің берері мол екендігін нақты дәлелдермен айтып берді.

– Латын графикасына негізделген әліпбиге бірқатар көршілес елдер ерте көшіп кеткені баршаңызға мәлім. Әйткенмен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл іске байыппен қарап, алдымен халықтың әл-ауқатын арттыруға баса назар аударды. Сол себепті біз бұл қадамға мемлекетіміз әбден кемеліне келген шақта қадам басып отырмыз. Кезінде кириллицаның 42 қарпімен жазу оңайға соқпағаны түсінікті. Сол әліпбиге бейімделу салдарынан қазақ тілінің әуезділігі жоғалғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Енді қазір 32 таңба бар.

Шыны керек, қазіргі таңда туындап жатқан мәселелердің қазақ тіліне қатыстысы шамалы. Басты кедергі – кірме сөздер. Қазір емле-ереже әзірленіп жатқаны аян. Осы мәселеге баса назар аударылады деген сенім басым. Бір өкініштісі, ел азаматтары қазақ тіліне орыстың сөздерін қыстырмаса сөйлей алмайтын жағдайға жеткен секілді. Бұл үрдісті тоқтататын күн туса, шіркін,-деген ол латын графикасына негізделген әліпбидің пайдасы мол екенін тіліне тиек етті. Сондай-ақ Ерден Задаұлы келер көктемде қабылданатын емле-ереже барлық талаптарға сай болса деген ниетін жеткізіп, одан соң сөздіктер жазылатынын, әліпбиді жандандыру жұмыстары толассыз жалғасатынын айтып өтті.

Бұдан соң Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор Жантас Жақыпов латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне қатысты пікірін ортаға салды. Ол латын графикасының әлемде танымалдылығын алға тартып, әліпби реформасы дер кезінде қолға алынып отырғанына тоқталды. Кейіннен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің басшысы Құралай Күдеринова емле-ереже мәселесіне қатысты мәселелер туралы ой қозғады. Латын графикасына көшу жұмыстары сатылы түрде жүргізіліп жатқанын айтқан ол бұл іске қазақстандықтар белсенді түрде қатысып отырғанын да сөз етті.

Мұнан соң Астана қаласы әкімдігінің «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Ержан Еңсебай сөз сөйледі. Ол өзі басқаратын мекеме тарапынан латын графикасына негізделген әліпбиді насихаттау жұмыстары белсенді түрде іске асырылып жатқанын тіліне тиек етті. Сондай-ақ Ержан Еңсебай «Ютуб» арқылы бейнесабақтар өткізуді жоспарлап отырғандарын айтып, өзге де жоспарларымен бөлісті.

Басқосу соңында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова сөз алып, латын графикасына негізделген әліпбиді насихаттау мақсатында өңірде тындырылған тірліктерді жан-жақты баяндады. Түркия еліндегі Карабюк университетінің қызметкері, филология ғылымдарының докторы Энверт Қапаған өз кезегінде Түркия мемлекетінің латын графикасына көшкен кездегі жетістігі мен кемшіліктері туралы ой өрбітті. Басқосуға қатысқан өзге де ғалымдар пікірлерін айтып, ұсыныстарын ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали мазмұнды шараға белсенді қатысқан барлық қонақтарға алғысын айтып, латын графикасын насихаттау жұмыстары өңірде әрмен қарай да лайықты түрде жүргізілетініне сенімді екенін жеткізді.

Жантас Жақыпов, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы, профессор:

– Жаңа әліпбидің біздің ел үшін тиімділігі мол екені айтпаса да түсінікті. Өйткені Қазақстан өркениет көшінен қалмауды мақсат тұтады. Бүгінде кириллицаны әлем елдерінің үш пайызы ғана қолданып отырғаны жасырын емес. Ал латын графикасын 48 пайыздан астам мемлекеттер қолданысқа енгізгенін көзі қарақты азаматтар жақсы біледі. Қазіргі таңда ел тілдің бұзылуын даму процесі деп қабылдайтын жағдайға жетті. Мәселен, қазақ тіліне ыңғайлап «вагон» сөзін «бәгөн» деп жазсаңыз, оны ерсі көреді. Бұл кеңестік психологияның сарқыншағы деуге болады. Сондықтан бұрыннан бойымызда қалып кеткен жасқаншақтық секілді дерттерден арылуымыз керек.

Құралай Күдеринова, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы орфография бөлімінің басшысы:

– Емле-ереже мәселесі көптің көкейінде жүргені анық. Біз бұл мәселені терең зерделеуден өткізіп жатырмыз. Ұлттық комиссияның мүшелері де өз деңгейінде жұмыстар жүргізуде. Кейде өз арамызда мәселе туындап жатады. Ондай жағдайда халықтан сынама-сауалнама алып, түйткілді шешу жолдарын қарастырамыз. Жуырда мұндай сынама-сауалнама алынды. Осы шара еліміздің алты өңірін қамтыды.  Нәтижесінде түзетілген нұсқамен қатар, тағы да бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асты. Анығырақ айтатын болсам, еліміздің жоғары оқу орындарының 51 кафедрасы өз ойларын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Бізге жолданған ұсыныстардың барлығы да таразыланды, ескерілді. Соның нәтижесінде 108 параграфтан тұратын кітапша пайда болып, қолға алынған іс лайықты жалғасын табуда. Емле-ережеге қатысты түсіндіру шаралары алдағы уақытта да тоқтаусыз жүзеге асады. Сондай-ақ 14 қараша күні жалпыхалықтық диктант жазу акциясы өтеді. Оған барша өңір азаматтары белсенді қатысса деген тілегім бар. Бұл жерде «мен қате жазып қоямын» деген түсініктен арылып, жәй ғана өзін сынап көруге ұмтылғандары жөн. Бұл тек қана сынақ екенін қаперден шығармаса деген тілегімді айтқым келеді.

 

Табиғат Абаилдаев

Тараз қаласы. 

Ұқсас жаңалықтар