- Advertisement -

Сапалы білім, саналы тәрбие Педагог мәртебесінен басталады

111

- Advertisement -

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеуді тапсырды. Президент атап көрсеткендей, бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтыны анық.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Жолдауда орта білім беру саласында Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістемесін жалпы білім беретін мекемелердің тәжірибесіне енгізуді міндеттегені белгілі. Ал бұл өз кезегінде жоғары сынып оқушыларын сұранысқа сәйкес мамандықтарға бейімдеуге, білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеуге жол ашатыны айқын. Аталған талаптың үдесінен шығу үшін, әрине, педагогтердің білім-біліктілігін жетілдіру керек.
Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру нақты жоспарлы шараларды қажет етеді. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде осы мәселелер талқыға салынды. Басқосуға арқау болған тақырып – «Елбасы Жолдауы – дамудың жаңа мүмкіндіктері». Дөңгелек үстелдің модераторы, аталған институттың тұлғаны тәрбиелеу және әлеуметтендіру кафедрасының аға оқытушысы Бибі Сқақова бұл шараның маңыздылығына тоқталып, жиналғандарды еркін ой-пікір алмасуға шақырды.
Жиында «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының ұжымы Мемлекет басшысының саясатына зор сенім білдіріп, әрқашан қолдайтынын аталған институт филиалының директоры Гүлшат Медетбекова айтты. Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат Елбасы Жолдауының қазақстандықтар үшін әлеуметтік маңызды құжат екенін атап өтті.
– Бұл саяси құжат – өмір сүруге жайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Біз осыны аудан тұрғындарына түсіндіруіміз керек. Жайлылық дегеніміз – ең алдымен, баспананың қолжетімділігі, қоныс еткен тұрғын үй ауласының әдемілігі мен қауіпсіздігі. Ал тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекенде сапалы инфрақұрылым болуы керек. Мемлекет басшысы осыны баса айтты. Сондай-ақ «Педагогтердің мәртебесі туралы» Заң қабылдау туралы шешім – мұғалімдерге жасалып отырған үлкен қамқорлық екенін атап өткен жөн. Бұл өте дұрыс шешім, – деді Шәбден Тілеумұрат.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова Елбасы Жолдауында халықтың тұрмысын жақсартуға үлкен көңіл бөлінгенін, білім сапасы мен осы саладағы көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасына да ерекше назар аударылып отырғанын айта келіп, жүктелген міндеттердің білім саласында қалай көрініс тауып отырғанына тоқталды.
Басқосуда облыстық «Aq jol» газетінің Директор – Бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы Елбасы тапсырмаларының жүзеге асырылып жатқаны өңірімізде атқарылып жатқан ауқымды шаралардан көрініс тауып отырғанын тілге тиек ете келе, Жолдаудың жалпы тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуіне қандай мүмкіндіктер беретінін қозғап, тұшымды ой айтты.
– «Елбасы Жолдауы – дамудың жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыпты қозғаған соң, бұл бізге қандай мүмкіндіктер беретінін талқыласақ. Педагогтердің мәртебесін қалай көтереміз? Қазір техниканың дамыған заманында кез келгеннің қолында смартфон бар. Қазіргі балалар баяғы біздің кезіміздегі оқушылар емес. Жасөспірімдер де, кейбір ата-аналар да мұғалімге қарсы арандату әрекеттеріне бейім тұрады. Осыған ақылдарының жеткеніне таңғаласың. Мұғалімді әдейі ашуландырып, соны ұялы телефонына түсіріп алып, әлеуметтік желіге салады. Қабылдануы тиіс «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімдердің құқығын қорғауы керек. Сондықтан біз ақылдаса отырып, сол заңға нақты ұсыныстарымызды жасасақ. «Нұр Отан» партиясы бұл істе қолдау көрсететініне сенімдімін. Мысалы, ұжымдық шарттарда еңбек берушінің міндеті, жұмысқа тұрушының міндеті нақты жазылады. Соған қосымша балаларын мектепке беретін ата-аналардың, оқушылардың міндеттерін заң органдары қалай шешетіні көрсетілуі тиіс. Жоғарыда атап өткенімдей, арнайы ұйымдастырылған іс-әрекеттен мұғалімдер өздерін қалай қорғайды? Міне, біз мүмкіндікті пайдаланып, нақты ұсыныстар беруіміз керек. Мұны мен ата-ана ретінде және зиялы қауым атынан айтып отырмын, – деді Көсемәлі Сәттібайұлы.
Сонымен қатар дөңгелек үстелге жиналған сала мамандары мен профессорлар өздерінің ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Жалпы, Жолдауда белгіленген міндеттердің барлығы дерлік халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Елдің даму Стратегиясын әрі қарай табысты жүзеге асыру – адам капиталына байланысты. Жолдаудағы нақты міндеттерді бірлесіп жүзеге асырғанда ғана өз нәтижесін беретіні анық. Дөңгелек үстелге жиналған зиялы қауым мен сала мамандары, профессорлардың осы тұрғыда ойлары бір арнаға тоғысқандай болды.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support