Қазақ поэмасы ХІХ ғасырда түлеп, ХХ ғасырда көркемдік жетістігімен әдебиетшілердің көңілін тоғайтқаны анық. Сол дәуірде Мұхаметжан Сералиннің «Топ жарған», «Гүлқашима» поэмалары жаңа формамен жұртшылықтың жүрегіне жеткен еді. ХХ ғасырдағы таңдаулы шығармалардың қатарында алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың ғаламат туындылары болғаны талас тудырмайды. Әсіресе эпикалық жанрдағы «Батыр Баян» поэмасы ұлт әдебиетінің жаңа дәуірі туғанынан хабар берген-ді.
Иә, эпикалық жанрдағы «Батыр Баян» поэмасында махаббат пен сатқындық, сезім мен төзім, сенім сынға түседі. Бұл – романтикалық рухтағы ғажап туынды жаңа дәуірдегі жазба әдебиет талаптарына сай жазылған, көркемдік құрылымы мен жетістіктері тың тұрпаттағы әдебиеттің жемісі. Тарихи кейіпкерлердің образы барынша ашылып, тұлғалардың мінезі өлең тілінде өрілген поэманың қашанда шоқтығы биік. Жұртшылықтан Жұмахан Әбдіқадіров туралы сұрай қалсаңыз: «Батыр Баян ғой» деп кідірместен жауап береді. Кейде театр сахнасындағы ондаған басты рөліңді көк жәшіктегі бір образың басып кететініне осының өзі жарқын мысал болатындай. Смағұл Елубаев сценарийін жазған, режиссер Исламбек Тәуекелов тәуекел етіп түсірген «Батыр Баян» фильмі Жұмаханның өнер әлеміндегі төлқұжатына айналды. Бұл образды сомдауды талай актер армандағаны даусыз. Өйткені тарих ақиқаты әдеби тілде бейнеленген, көркемдік деңгейі жаңа сатыға көтерілген, тұтас бір ұлттың рухын көтеретін шығарма көпшілікке ой тастайтыны анық. Баянның әрекетін қызғанышқа балау я болмаса Ноянның қарекетін сатқындыққа теңеу әркімнің таным-таразысына байланысты болса керек. Бастысы Баянның рөлі Жұмаханға бұйырды. Ұлт батырының кейпінде ғұмыр кешу бақытына ие болған актерде дәл сол кезде басқа қандай арман болсын?.. Жұмаханның бойы да, келбеті де, көзқарасы да образды аша түсетінін режиссер де сезгендей. – Кейде актердің оң жамбасына келетін рөлдер болады. Егер сол образды сәтті сомдап шықсаң, ол сенің төлқұжатыңа айналып, мәртебеңнің өсуіне, танылуыңа ықпал етеді. Әрине, ол оңай емес, үлкен еңбекпен келетін дүние. Оның үстіне, көп шаруа ұжымға, рөлдерді бірге сомдайтын қасыңдағы әріптестеріңе де байланысты. Мүмкін сондай қажеттіліктердің бәрі ымдасып-жымдасып, сәтті үйлескендіктен шығар, жұрт мені сол киноға түскелі бері «Батыр Баян» атап кеткені. Болмысыма әбден сіңіп кеткен образ болды десем, өтірік емес. Әйтпесе, бұдан бұрын да біраз киноларда негізгі кейіпкерлерді сомдап жүрдім ғой. Смағұл Елубаевтың сонау ашаршылық нәубеті хақындағы «Ақ боз үй» романының желісі бойынша түсірілген режиссер Дамир Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей» фильмінде де негізгі кейіпкерлердің бірін алып шықтым. Түсірілім жұмыстары Маңғыстау өңірінде өткен сол фильмде Халық әртісі Нұрмұхан Жантөринмен бірге еңбектендім. Сол сияқты, әртүрлі киноларда талантымды ұштауға, танылуға тырысып бақтым. Кейіннен тоқсан үшінші жылы Алматыға шақырту алдым. Барсам, «Батыр Баян» киносына іріктеу жүріп жатыр екен. Ол кезде кинобайқау дейтін. Алдыңғы еңбектеріммен таныс шығармашылық топ жетекшілері мені батыр Баян бейнесіне бекітіп қойыпты. Режиссер Исламбек Тәуекеловпен де сол жерде таныстым. Кинодағы інім Ноян мен қалмақ қызының рөліне лайықты өнер иелері таңдалған соң, көп ұзамай Көкшетау өңіріндегі Бурабай баурайында түсірілім басталып, бар-жоғы үш айда кино көрерменге жол тартты, – дейді актер бұл киноға қалай келгені туралы әңгімелеп. Жұмахан Әбдіқадіров – өтірік айта алмайтын адам. Қандай мәселеде де тек ақиқатты тілге тиек етеді. Болмысы сондай. Әйтпесе журналистердің: «Киноға түспес бұрын Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын оқып па едіңіз?» деген сауалына міз бақпастан: «Иә, оқығанмын. Бұл өзі ұлт руханиятына ғаламат жаңалық болып келген шығарма», деп аузын көпіртіп отыра беруіне болар еді. Батыр аңғал келеді емес пе? Жұмекең де сондай. Өнерге, өзіне адал болған соң турасын айтады. «Өтірік айтуға хақым жоқ. Мен бұл поэманы ілгеріде оқыған емеспін. Тіпті Мағжан Жұмабаевтың кім екенін де әлсін-әлсін ғана білетінмін. Себебі біздің кезімізде алаш арыстарының шығармалары түгілі, аттары да аталмайтын. Аталғанның өзінде, халық жауы ретінде еміс-еміс есімдері естілетін. Содан шығар, олар туралы не мектеп бағдарламасында, не институт қабырғасында деректер кездеспейтін. Тек бабалар арманы болған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана біртуар асылдарымыздың тарихи болмыс-бейнелерімен қауыша бастадық», – дейді Жұмекең.
Тағдырдың тауқыметін жеңген жанЖаратушының сүйген құлын сынайтыны әу бастан аян. Тәттісін ұсынған тағдыр Жұмаханды ащысымен де қарсы алды. Оның аласармас асқақ арманы көп еді. Кино әлемінің көкжиегіне Батыр Баян болып көтеріліп, жұлдызы жарқыраған Жұмахан Әбдіқадіров қырықтың қырқасынан аспай жатып, тағдырдың тауқыметіне тап боламын деп ойламағаны анық. Айтып келмейтін көлік апаты денсаулығына зақым келтірді. Бірнеше мәрте отаға түсті. Қазақстанда жасалған екі ота айтарлықтай нәтиже бермеді. Осы кезде ол Елбасының шарапатын көрді. Батыр Баянның жағдайынан хабардар болған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен Тұңғыш Президент қоры қомақты қаржы аударып, Германияның білікті дәрігерлері үшінші мәрте ота жасады. Ота сәтті өтті. Бірақ өнер әлемінің тарланы аяққа тік тұрып кете алмай, балдақтың көмегіне арқа сүйеді. Театр сахнасын сағынған саңлақ бекзат өнер ордасымен қимай қоштасты. Алайда тағдырдың сынымен бетпе-бет келген өр тұлғалы азамат бордай езілген жоқ. Еңсесін тік ұстады. Тараз қаласының шетіндегі автотұрақтардың бірінде қарауыл болып та жұмыс істеді. Мұның бәрі де тіршілік түйткілдері ғой. Сынған сүйек театр сахнасына оралуына мүмкіндік бермеді. Әлбетте, орны толмас өкініш деуге негіз бар. Қасқыр қақпанға түссе де, шыңғырмайтыны белгілі ғой. Жұмахан да қасқыр мінезді ер екенін көрсетті. Тағдыр ұсынған сынаққа батырларша қасқайып қарсы тұра білді. Мұны өмірдің қалыпты құбылысы ретінде қабылдады. Еш мойымады. Бұл Жұмекеңнің өмірді жанындай жақсы көретінін айқындаса керек. Жағдайын сұрай барғандарға: «Аллаға шүкір, жақсымын. Бірде ауырып, бірде сау боп өмір өтіп жатыр. Аяққа тұрып кетуім уақыттың еншісінде екен. Әзірге балдақтың көмегімен қозғаламын. Жаттығу ретінде жиі қимылдауды әдетке айналдырғанмын. Бір жағынан, жасқа да байланысты ма деймін. Жас болсам, сүйек тез бітіп кетер ме еді… Ал біз алпыс беске келдік қой. Дегенмен осы күніме шүкіршілік», – дейді тәубесін ұмытпай. Иә, қазақ кино өнерінде Батыр Баян бейнесімен өшпес із қалдырған Жұмахан Әбдіқадіров биыл алпыс бес жасқа толды. Оның көзінде күдіктің табы жоқ, үміттің шоғы бар. Оның жүзінде өкініштің сызы байқалмайды, ізгіліктің ізі аңғарылады. Мұның бәрі жақсы жардың арқасы деп білгеніміз абзал.
Жұмаханның – жары, өнердің – ары
Өне бойына еуропалық менталитетті сіңіріп алған әйел қалауынша ғұмыр кешетіні екі бастан белгілі. Оның бойынан эгоизмнің элементтері табылатыны сөзсіз. Қашанда қарақан басын алдыға қоятыны талас тудырмайды. Жаһандану дәуірінің салқыны сезілген кезеңде ғұмыр кешіп жатқандықтан ба, мұндай мысалдарды тізсек, санына жете қоймаспыз. Отағасының жағдайы мүшкіл болғанда бас сауғалап, басқа жақтан бақытын іздейтіндер қаншама? Бірақ бұл әңгіменің Гүлшат Қыпшақоваға еш қатысы жоқ. Ел аузында «Батыр Баян» атанып кеткен Жұмахан Әбдіқадіровпен сұхбаттасатын, пікірлесетін кездерде оның жары Гүлшат Қыпшақоваға хабарласып, мән-жайды біліп тұрамыз. Бұл жолы да сөйттік. «Жұмахан қазір сырқаттанып жүр еді. Оның үстіне өзінің алпыс бес, менің алпыс жасқа толуыма байланысты өтетін бенефистен толық хабардар да емес. Бұрыннан сұхбат алып жүрсің ғой. Білгеніңді, көкейге түйгеніңді қағазға түсіріп, өзіңше жазшы, айналайын. Бізге дұрысы сол ғой», – деген ол әрқашан Жұмахан Әбдіқадіровтің басты қамқоршысы екені сөзсіз. Ол қазақы тектіліктің үлгісін сақтап, отағасының қабағын бағып отырады. «Еркек үйдің егесі, әйел үйдің шегесі» деген қағидаттан еш аттап кеткен емес. Асыл жарының жағдайын жасай жүріп, еңбек етіп келеді. Гүлшат Қыпшақова сомдаған керемет рөлдер жеткілікті. Әлемдік классика болсын, қазақ драмасы болсын, берілген рөлдің барлығын жоғары деңгейде алып шығады. Әйткенмен, Гүлшат Қыпшақова (Гүлтәжі) десе, елдің есіне бірден Айша бибі рөлі оралатыны ақиқат. Ол махаббатқа берік, адал арудың рөлін кемеліне келген шағында жетер жеріне жеткізе орындап, көрермендердің жанарын жасқа шылады. Содан да болса керек, халық оны «Айша бибі» атап кеткен. Режиссердің тапсырмасы мен өзінің шеберлігін ұштастырып, трагедияны трагедия күйінде талғампаз көрерменге ұсынған Гүлшатта арман жоқ та шығар. Өйткені ол көрерменін сендірді. Рөлді сомдаған жоқ, сахнада Айша бибі болып ғұмыр кешті. Театр сахнасындағы дебютін Шекспирдің Дездемонасымен бастаған Гүлшат Қыпшақова бір спектакльде бірнеше рөл сомдауымен де ерекшеленді. Мәселен, Әкім Таразидың «Қыл көпірінде» әке, жас қыз және кемпір рөлін сомдап, көпшілік ықыласына бөленді. Көптеген театр фестивальдерінің лауреаты атанған Жұмекеңнің жарына «Еңлікгүл» сыйлығы да бұйырды. Еліміздің еңбек сіңірген қайраткері атағының иегері Гүлшат Қыпшақова қандай жүлдені қанжығасына байласа да, еңбегінің еленгені. Өйткені актер дейтін ақ тер, көк тер болып жүретін халықтың еселі еңбегі ешқашан жұрт жадынан шықпақ емес. Ол – Жұмаханның және халықтың Айшасы. Айша бибі махаббатқа адалдығын қалай сақтаса, Гүлшат та тұла бойына дарыған тектілігінің арқасында адалдық жолынан айнымады. Жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай «Батыр Баянын», өзінің өмірдегі «Қараханын» құрметтеудің, қадірлеудің озық үлгісін көрсетіп келеді. Егер қазіргі кезде әйел бейнесін дәл Ғабит Мүсірепов секілді зерттейтін, зерделейтін жазушы болғанда, Гүлшат та бір көркем шығарманың кейіпкері немесе прототипі болар ма еді, кім білсін?! Бәлкім ондай жазушы ортамызда жүрген болар. Шығармаға қолданатын детальдарын әлі де жинастырып жатқан шығар. Әйтпесе халықтың «Батыр Баянын» бағына балаған елдің «Айша бибісінің» өнердегі, өмірдегі жанкештілігі елеусіз қалуы мүмкін емес қой...
Табиғат АБАИЛДАЕВ
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді