Тепсе темір үзетіндей жастағы Жәнібек Елемесов адал аспен алға басудың орнына бөтеннің мүлкіне көз тігемін деп «темір тордың» арғы жағынан табылып отыр. Нақтырақ айтқанда, Тараз қаласы №2 сотының ағымдағы жылғы 14 ақпандағы үкімімен ол ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы (ұрлық) үшінші бөлігі «б» тармағымен (ірі мөлшерде) кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркілену арқылы үш жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бүгінгі таңда кесімді жазасын түзеу колониясының жалпы режимінде өткеріп жүрген оның қылмыстық іс-әрекетін де азды-көпті таратыңқырап айтсақ, артық болмас.
Өткен жылдың желтоқсан айында ол өзімен бірге жұмыс істейтін Ә. Майманов және А. Қуанышпен бірге жұмыстан соң спирттік ішімдік ішіп, біразырақ көңіл көтеріскен-ді. Сөйтіп, үшеуі мас күйінде А. Қуаныштың қаладағы үйінде арақ ішуді одан әрі жалғастырған. Есін шала-пұла білетін Ә. Майманов тәлтіректеп, өз үйіне кеткенде, А. Қуаныш қатты мастықтан төсекте қорылдап, қалың ұйқыға да кеткен-ді. Міне, осы сәтті жіті байқаған Ж. Елемесов ұрлық жасаудың ұтымды сәті туды деген оймен екі қабат үйдің ішін емін-еркін сүзіп, қолға ілігер бағалы мүліктерді іздестірген. Ақырында жатын бөлмедегі шифонер ішіне ілінген қымбат киім-кешектің ішінен темір сейфтің кілтін тауып алады да, оны ашқанда ішіндегі алтын алқа, білезік, гауһар тасты жүзіктен көзі тұнып жүре бергені ғой. Сөйтіп, ол бөтелкелесінің анасы О. Қарымбаеваға тиесілі алтын бұйымдарды алып, оқиға орнынан тайып тұрған. Осылайша, ол үй иесіне 1025000 теңгедей ірі мөлшердегі материалдық залал келтірген болып шықты. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан дана халқымызда «Сұқ семірмейді, ұры байымайды» деген аталы сөз бар. Міне, соның кері келіп, Жәнібек Елемесовтің қазір түрменің тор терезесінен сығалап, абақты ауласын таптап жүргенін өзге де «суыққолдылар» ұғынып, қылмыстың қылкөпірінен аяғын тартса ғой...
Дәулет Әбдіхалық, Тараз қаласы прокуратурасының қылмыстық істер бойынша сот актілерінің заңдылығын қадағалау бөлімінің бастығы, кіші әділет кеңесшісі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді