Қымыз өндіру ісінде тың ізденістер жасап, ұлттық сусынымызды ұлықтап жүрген «Заң» ЖШС жуырда шаруашылық жанынан қымыз цехын ашты. «Хан қымыз» тауар белгісіндегі сапа сертификатымен еліміздің бірнеше өңіріне танылған шаруашылық енді өнім көлемін бұрынғыдан да арттырып, толық қуатында жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Белгілі кәсіпкер, аталмыш шаруашылық директоры Дүйсенбек Ыбынәлиевтің айтуынша, цехтың ашылуына қатысты тиісті органдар тарапынан берілген құжаттардың барлығы заңдастырылған.
Ендігі мақсат – жұмысты одан әрі жетілдіріп, өнім көлемін арттыру. Цех қажетті құрал-жабдықтармен толық жарақтандырылған. Мұндағы қымыз өндіру ісі аса күрделі емес. Барлығы автоматтандырылған. Бие сүті электронды күбіде пісіледі де, көлемі бір литрлік, «Хан қымыз» тауар белгісі жапсырылған пластикалық ыдысқа құйылады. Содан соң оның тығыны арнайы аппаратпен бекітіледі. Сөйтіп, тұтынушысына жіберіледі. – Күніне 150-200 литрдей қымыз өндіреміз. Тұтынушылар тарапынан бие сүтіне деген сұраныс та өте жоғары. Ал, цехта тәулігіне бір тоннаға дейін қымыз шығару үшін сырттан сүт қабылдауға тура келеді. Алдағы уақытта осыны қолға аламыз. Бұл бір жағы көптеген отбасының жұмыспен қамтылуына жол ашады,-дейді осындағы технолог маман Сәуле Ыбынәліқызы. Әзірге, мұндағы қымыз шаруашылықтың бұрыннан қалыптасып қалған тұтынушыларына өткерілуде. Сонымен қатар, күнара «Хан қымыздың» біразы Тараз қаласындағы «Арзан» супермаркетіне жөнелтіледі екен. «Інжу» балабақшасы да күніне тапсырыс береді. Сәуле апай «Хан қымызға» еліміздің басқа да облыстарынан сұраныстардың көптеп түсіп жатқанын, келешекте барлық сұранысты қанағаттандыру бағытында аянбайтындықтарын жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі, «Заң» ЖШС жуырда кедендік одақтың сәйкестік туралы арнайы декларациясын иеленіпті. Бұл дегеніңіз, келешекте Тараздан шыққан қазақтың «Хан қымызы» шетелге де жол тартады деген сөз.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді