«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Өрлеу» – халық өмірін жақсартады

«Өрлеу» – халық өмірін жақсартады
ашық дереккөз
«Өрлеу» – халық өмірін жақсартады

Халықтың әлеуметтік қорғалмаған тобына көмек көрсету үшін еліміздің Үкіметі биылғы жылдың ақпан айында Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Өрлеу» жобасын іске қосты. «Қанатты» (пилотты) жобаның алғашқы қарлығашы ретінде үш облыс таңдалып алынды. Оның ішінде Жамбыл облысы да бар. Жоба 2016 жылы еліміздің барлық аймағында жүзеге асырылатын болады. Бүгінде облыс халқын «Өрлеу» дегеніміз қандай жоба?» «Оның мақсаты неде?» деген заңды сауалдардың мазалап жүргені анық. Сондықтан да облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Арубаевпен әңгімеміздің әлқиссасы осы сауалдардан басталды.

– Бүгінгі таңда елімізде табысы кедейлік шегінен төмен тұратын азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек кедейлік шегі және жан басына шаққандағы табыстың айырмасына тең мөлшерде төленеді. Кедейлік шегі 2002 жылдан бері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 40 пайызын құрайды. Республикамыздың аумақтық даму бағдарламасында осы көрсеткішті 2016 жылдан бастап 60 пайызға көтеру көзделген болатын. «Өрлеу» жобасы осындай мақсаттың негізінде өмірге келген. Жоба бойынша шартты ақшалай көмекті енгізудің мақсаты азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға ынталандыру болып табылады. Бұл мақсатқа облысымызға 766,7 миллион теңге қаржы бөлінген, оның 700,1 миллион теңгесі шартты ақшалай көмекке қаралып отыр. Бұл жерде белгіленген қағидаларға сәйкес шартты ақшалай көмек отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыға берілетіндігін баса айтқым келеді. Өйткені, пилотты жоба осы бағытта тәжірибеден өтуде. Осыған байланысты отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуы – «Өрлеу» жобасының міндетті шарты, негізгі мақсаты болып табылады. Бүгінде біздің тарапымыздан облыс көлемінде жобаға қатысушы үміткерлердің саны анықталып, қажетті қаражаттың сомасын және ұсынылатын қолдаудың белсенді түрлерін белгілеу жұмыстары толық жүргізілді. Аудандық уәкілетті органдарға 75 ассистент және 23 жобалық консультант қабылданды, олар қазіргі таңда бағдарламаны насихаттау жұмыстарымен шұғылдануда.

– Жобаға кімдер қатыса алады? Жалпы, оның жемісін көріп отырған отбасылары бар ма?

– Ағымдағы жылдың 1 шілдесіне 965 отбасындағы 1233 адам әлеуметтік қолдаудың белсенді түрлерімен қамтылды. Тарқатып айтқанда олар әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылды, қоғамдық жұмыстарға және жастар тәжірибесіне, жаңа мамандыққа оқуға тартылып, инфрақұрылымдарды ағымдағы жөндеу жұмыстарына қатысып, еңбектенуге мүмкіндік алды. Нәтижесінде осы отбасылардағы 4895 адамға жоғарылатылған мөлшерде 38,2 миллион теңгеге шартты ақшалай көмек тағайындалып төленуде. Жалпы, бағдарлама бойынша 5000-нан астам адамды қамтуды жоспарлап отырмыз.

– Шартты ақшалай көмектің мәнін қалай түсінуге болады?

– «Өрлеу» жобасы бойынша берілетін шартты ақшалай көмек азаматтардың табысы аз санаттарын жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге ынталандырады. Мәселен, шартты ақшалай көмек алушы отбасының еңбекке қабілетті мүшелері «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша құрылыс жұмыстарына, әр түрлі мамандықтарға қайта даярлау курсында оқуға, басқа да ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сөйтіп, жұмысқа тартылған азаматтарға жалақысынан басқа жоғары мөлшерде ақшалай көмек және әлеуметтік қолдаудың белсенді шаралары жасалуда. Шартты ақшалай көмек дегеніміз осы. Бұл әрине аз қамтылған жәрдемақы алушылар қатарындағы азаматтарға ұсынылуда.

– Жобаға аудандардың қатысуы қай деңгейде?

– Барлық ауданда жұмыс жүріп жатыр. Оның ішінде Қордай, Т.Рысқұлов және Байзақ аудандары атап өтуге тұрарлық деңгейде жұмыс атқаруда. Мәселен, Байзақ ауданындағы ауылдық округ әкімдері мен жұмыспен қамту орталықтары мамандарымен бірлесе жұмыс жүргізу арқасында, консультанттар мен ассистенттер 543 отбасымен консультациялар өткізді, оның ішінде бірінші кезекте жұмыс жасындағы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және балалар жәрдемақысын алушыларды әлеуметтік қолдаудың белсенді шараларына тарту жұмыстары жүргізілуде. Осы аудандағы Сарыкемер ауылдық округінде 5 отбасы «Жұмыспен қамту жол картасы -2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына тартылса, 1 отбасы ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылды.

– Жобаның насихатталуы жайын да айта отырсаңыз...

– Бұл бойынша да кешенді шаралар жолға қойылған. Сала мамандарының басын қосып, істі пысықтап алатын жиындар ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Сондай басқосудың бірі сәуір айында Тараз қаласының бөлім мамандары, консультанттары және, ассистенттерінің қатысуымен өтті. Ол 3 күнге созылды. Сонымен қатар, мамыр айында Дүниежүзілік банк өкілдерімен бірлесе екі күндік семинар-тренингтер жүргізілді.

– «Өрлеу» жобасына қатысу үшін не істеу қажет?

– Ол үшін өтініш беруші отбасының атынан өзінің және отбасының барлық мүшелерінде ЖСН болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе кент, ауыл, ауыл­дық округ әкіміне жүгінеді. Мұнда «Өрлеу» жобасына қатысушының отбасылық және материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы мәліметтерді толтыруға арналған сауалнама мен өтініш бланкін тегін алады. Өтініш беруші өз қолымен өтініш пен сауалнаманы толтырады және «Өрлеу» жобасына қатысуға құжаттар топтамасын тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе кент, ауыл, ауылдық округ әкіміне тапсырады. Өтініш берген айдың алдындағы 12 айдың отбасының жан басына шаққандағы айлық табысы облыстарда (республикалық маңызы бар қалада, елордада) белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан аспаса, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар, табысы аз адамдар қатарындағы еңбекке қабілетті жастағы адамдар санатына жатқызылған еңбекке қабілетті мүшелеріне жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша шаралар көрсету үшін жолдама береді. Сөйтіп, әр азамат күрделі тұрмыстық жағдайдан шығуға мүмкіндік алып, өз жолын таңдау және өз стратегиясы мен бағытын анықтауға ие болады.Бұл ретте қағидалардың 29-тармағына сәйкес егер отбасы құрамында үш жасқа дейінгі балаларға, он алты жасқа дейінгі мүгедек балаға, бөгде адамның күтімі мен көмегіне мұқтаж бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сексен жастан асқан қарттарға күтімді жүзеге асыратын еңбекке қабілетті мүшелері үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу міндетті шарт болып табылмайды.

– «Өрлеу» жобасынан басқа да жергілікті бюджет есебінен қандай әлеуметтік көмектер көрсетілуде?

– Осы жылдың бірінші жартыжылдығында әлеуметтік төлемдерге жыл бойына қаралған 2154,0 миллион теңгенің 1085,3 миллион теңгесі 155,5 мың тұрғынға атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі, балалар жәрдемақысы, мүгедек балаларды үйде оқытып тәрбиелеуге берілетін материалдық қамсыздандыру, жергілікті өкілетті органдардың шешімімен берілетін әлеуметтік көмек және ауылды жерде жұмыс істейтін әлеуметтік саланың мамандарына отын алуға әлеуметтік көмек ретінде төленіп, 4151 адамға 23,6 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмектердің нәтижесінде облыста кедейшілік деңгейінен төмен тұрып жатқан халық саны 2014 жылдың 1 шілдесіне 7293 адамды құрап, 2013 жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда 3352 адам немесе 31,5 пайызға қысқарды.

Сұхбаттасқан Фариза Әбдікерімова,

«Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар