Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы цифрландырылады

Тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы цифрландырылады
ашық дереккөз
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы цифрландырылады

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауында қай-қай саланы болсын цифрландыру қажеттігі атап көрсетілгені баршаға мәлім. Бұл жұмыстар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қалай жүзеге асырылуда? Энергия үнемдеу дегеніміз не? Кондоминиум нысанының тиімділігі неде? Көп пәтерлі тұрғын үйді қалай күтіп ұстауға болады? Осы және басқа да мәселелер ТИГУ-дің бас ғимаратында Индустриялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитеті мен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткізілген өңірлік конференция барысында кеңінен талқыланды.

Конференция жұмысына Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстық, Шымкент қалалық ТҮКШ басқармалары мен өңіріміздің тиісті мекемелерінің мамандары атсалысып, өзара тәжірибе алмасты. Жиынды «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ облыстық филиалының директоры Сұлтанмахмұт Өтешов ашып, жүргізіп отырды. Ең алдымен сөз алған аталмыш іс-шараның басты үйлестірушілерінің бірі, ТИГУ ректоры Ерболат Саурықов жалпы тұрғын үй қатынастарын жетілдіру мәселесінің бүгінгі күні айрықша елеулі маңызға ие екенін атап өтіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Бұдан соң «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ цифрлық экономика кеңсесі жетекшісінің орынбасары Қуандық Бекенов саланы цифрландырудың барысы жөнінде тарата айтып берді. «Алдағы уақытта абоненттік қызметті сандық жүйеге көшіру саласында есеп жүргізілуі түгел автоматтандырылады. Осыған байланысты барлық тұрғын үйлерге қашықтықтан ортақ су есептегіштері орнатылады. Бұл бірінші кезекте тұрғындар мен коммуналдық сала қызметкерлері үшін тиімді болмақ», – деді ол. Оның айтуынша, бүгінде саланы цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ ТҮКШ бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр екен. Бұл сала қызметінің жеделдігін, тиімділігін және ашықтығын арттырады деп күтілуде. ТҮКШ Ұлттық цифрландыру тұғырнамасы жыл соңына қарай енгізілмек. ТҮКШ пен тұрғын үй қорының бірыңғай экожүйесін құрудың да мезгілі әбден пісіп-жетілді десе де болады. Жалпы, еліміз бойынша бүгінде көп пәтерлі үйлердің 26 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді екен. Олардың 18 пайызы – апатты жағдайда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы осы тұрғыда тиімділігін көрсетуде. Саладағы жаңғыртулар жылу, энергия шығындары әлденеше есеге төмендетілуіне септеседі деп те күтілуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық басқармасының бөлім басшысы Ағабек Мырзабеков те жоғарыда аталған бағдарламаның өңірімізде жүзеге асырылуы барысымен қысқаша таныстырып, «Ал тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландыру жобасы тұтыну қорларын бақылауды реттеп, төлем жасау жүйесін жария етуге және есептеусіз тұтыну көлемін азайтуға бағытталған. Сондай-ақ бізді келер жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының ақылды желісіне жаппай қосылу басталатыны да айрықша қуантып отыр. Бұл жұмысымызды едәуір жеңілдететініне бек сенімдіміз», – деп атап өтті. Бұдан әрі Түркістан облыстық ТҮКШ басқармасының маманы Бақтыбек Уайдин, Шымкент қалалық тұрғын үй инспекциясының бас маманы Бақытжан Сарбасов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының өздеріндегі жүзеге асырылу барысы, БҰҰ даму бағдарламалары өкілдігінің өкілі Нұржан Мүсілімов көп пәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жұмыстарын қаржыландырудың халықаралық тәжірибелері, «Таразтрансэнерго» МКК директорының орынбасары Алмас Айбозымов жалпыүйлік жылу есептегіш құрылғыларын орнату, «Тараз қалалық ПИК қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Елена Цой көп қабатты үйлерді басқару мәселелері мен бағдарлары жөніндегі ой-пікір, ұсыныстарын ортаға салды.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар