Арзан деп арандап қалма

Арзан деп арандап қалма
ашық дереккөз
Арзан деп арандап қалма
Облыс бойынша сот сараптамасы институты жалпы жиырма түрлі сараптау жұмыстарын жүргізеді. Оның ішінде біз бұл жолы трасологиялық сараптамаға ерекше тоқталғымыз келіп отыр. Өйткені, соңғы уақытта автокөлік құралдарына қатысты қылмыстардың көбейіп кеткендігі жасырын емес. Трасология – іздер туралы криминалистік ілім болып табылады. Автокөліктің шанағы мен қозғалтқышы нөмірлерінің қандай жолдармен жасалғандығын анықтайды. Сот сараптамасы институтында үш трасолог маман жұмыс істейді. Автокөлікті тексеру кезінде сарапшылар алдымен көзбен қарап анықтау жұмысын жүргізеді. Көлік шанақтарының нөмірі өшіріліп, үстінен қайтып ұрылған немесе нөмірдің орны кесіп алынып, орнына басқа нөмір дәнекерленген болып шығатын жағдайлар тәжірибемізде кездеседі. Көбіне бұл жәй сырт көзге байқала бермейді. Сондықтан, арнайы ерітінділер арқылы шанақты сүрткен кезде ғана, барлығы айқындалады. Әрине, мұндай жағдайлар «шикі» көліктерде болады. Ресей арқылы Қырғызстанға келіп жатқан автокөліктер еліміздегіден арзанырақ болғандықтан, Қырғыз елінен көлік тасымалдайтындар тыйылмай тұр. Адамнан айла артылған ба? Кедендік рәсімдеу қымбатқа түсетіндіктен, алдымен еліміздегі шроттардан ескі көліктің техникалық құжаттарын тауып алып, дәл сондай маркалы көлік алып келетіндер де кездеседі. Мәселен, облыстық сот сараптама институтына Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында Ресейден әкелінген және Қырғызстанға өтпек болған тоғыз «Range Rover» көлігі ұсталды. Соның төртеуінің шанақ нөмірлерінің өзгертілгендігін сот сараптамасы институтының сарапшылары анықтады. Осылай оңай олжаға ие болғысы келетіндердің әрекеті түбі бір ашылады. Жалпы, әлемнің барлық елдерінде қымбат көліктен бастап арзан көліктерге дейін ұрлықы әрекеттер үнемі тіркеледі. Ұрланған көліктердің алдымен шанағындағы нөмірлерінің өзгертілетіндігі белгілі. Алайда, сараптама бәрін анықтайды. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, дана халқымыз айтқандай, автокөлік сатып алатындар мына жағдайларды ескерсе екен дейміз. Алдымен, алатын көліктің шанағының нөмірін мұқият қарап, көліктің техникалық құжатымен сәйкестігін тексеру қажет. Бұл тексеруді көліктің моторына жүргізсе де артықтық етпейді.

Талғат Әуілбеков,

облыс бойынша сот сараптамасы институтының бас сарапшысы.

Ұқсас жаңалықтар