Тараз қаласындағы «Достық» үйінде Қазақстан Республикасының Президенті әйелдер ісі және отбасы демографиясы жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлейменнің қатысуымен жиын өтті. Оған Өзбекстан Республикасының әйелдер ісі комитеті төрағасының орынбасары Мүкарам Нұрматова, елімізден және сырт елдерден келген іскер әйелдер, кәсіпкерлер, бірқатар басқармалардың басшылары және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының өкілдері қатысты. Басқосу барысында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Өзбекстан Республикалары арасындағы іскерлік-ынтымақтастық байланыстарға тоқталып, іскер жандардың кездесуіне сәттілік тіледі. Кейіннен Өзбекстан Республикасының әйелдер ісі комитеті төрағасының орынбасары Мүкарам Нұрматова сөз сөйлеп, Тараз жерінде тұңғыш рет өтіп жатқан халықаралық деңгейдегі сән апталығына келгендеріне, мұндай шараның өтуі аса маңызды оқиға екеніне тоқталып, ала тақиялы ағайындар елінен жеткен іскер әйелдердің жобаларымен таныстырды. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Қазақстан мен Өзбекстанның әріптестік шекарасы. Өңірдің туризмін дамытудағы жаңа жобалар» тақырыбында баяндама жасап, екі ел арасында туристік байланысты дамыту, осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларды бірлесе жүзеге асыру жөнінде ой қозғады. «Атамекен» Ұлттық палатасы облыстық филиалы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгүл Ақшалова өңірлерді дамытудағы кәсіпкерлік саласының рөліне айрықша мән берді. Өзбекстаннан келген делегация мүшесі, «Узтекстильпром» қауымдастығының басқарма төрайымы Дилбар Мухамедова көрші елдегі өнеркәсіп пен тоқыма өндірісінің дамуына тоқталып, тоқыма өндірісінің 80 пайызын әйел азаматтар жүзеге асыратынын айтты. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Гүлдара Нұрымова еңбек нарығындағы әйелдердің үлесі, олардың экономикалық мүмкіндіктері жайлы пікірімен бөлісті. Өзбекстандық үздік дизайнер Камола Гулямова Қазақстандағы және өзге елдердегі дизайнерлермен әріптестікті нығайтудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Тараз қаласындағы «Асыл Дизайн» сән үйінің директоры Айдархан Қалиев әріптестік байланыстың дамуы халықаралық келісімдерге жол ашатынына, бірнеше шетелдік әріптестерімен байланыс жасап, табыстарға қол жеткізіп отырғанына тоқталды. Мұнан соң «Жамбылдық туризм индустриясы» қауымдастығы өзбекстандық әріптестерімен өзара іскерлік және әріптестік туралы меморандумға қол қойды.
Есет ДОСАЛЫ
Суретті түсірген Юрий КИМ.
Ұқсас жаңалықтар
«Даму» қорынан қолдау тапқан жобалар жетерлік
- 4 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді