«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Дүнгендер ата-баба дәстүріне адал

Дүнгендер ата-баба дәстүріне адал
ашық дереккөз
Дүнгендер ата-баба дәстүріне адал
Сортөбе ауылында дүнген этносының мәдениет күні аталып өтті. Іс-шараға өңіріміздегі «Вынхуа» дүнген мәдени бірлестігінің ардагерлері, ақсақалдар, жастар және облыстағы көптеген этникалық топтың өкілдері қатысты. Татулықты ту етіп, өзара ынтымақтастықты арттыруды көздеген басқосуға Қазақстанның дүнген қауымдастығының бірінші президенті Исхар Лоу және көрші елден Қырғыз халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты Кус Абдумажит Юсуров және Қазыма Сушанло келді. Меймандарды ауылдық округ әкімі Ілияс Буларов қарсы алды. Жиынды сөз сөйлеп ашқан Қордай ауданы әкімінің орынбасары Бейқұт Жаманкөзов ұлтаралық келісімнің ішкі тұрақтылықтың сақталуына тигізер әсері туралы әңгімеледі. Сортөбе ауылдық округіндегі жергілікті дүнген қауымдастығының төрағасы Шисер Динлосан және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, Дүнген ассоциациясының президенті Абубекер Воинц бұл басқосудың мәні мен маңызына тоқталып, түрлі этностардың салт-дәстүрлерін сақтау, мәдениетін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Өңірімізде ұрпақтар сабақтастығын сақтап, дәстүрін жалғап, ұл-қызына саналы тәрбие беріп, татулықты дәріптеп жүрген дүнген этносының өкілдері бар. Жиында облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі, Маржан Қожаева солардың есімдерін атап, оннан аса қызметкерге Алғыс хаттар табыстады. Осы шарада «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестік қауымдастығының төрайымы Айша Идибо және Лугмар Буларов аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету туралы сертификаттар үлестірді. Бұдан соң келген қонақтар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткішіне гүл қойды. Дүнген этномәдени бірлестігінің мәдениет күнінің қарсаңында сортөбеліктер қазақтар мен дүнгендердің қоғамдық-саяси өміріне зор үлес қосқан батыр отандастарын еске алып, Ноғайбай би стелласының ашылу салтанатына қатысты. Бұл күні ескерткіш маңына арнайы жеті шырша отырғызылды. Тағылымды іске Ноғайбай бидің немерелері мен шөберелері Құлхан Жүнқұлова мен Ілиясбек Ділдашұлы да куә болғанын айта кеткен жөн. Бұл дүнген мәдениетінің қазіргі және көне дәстүрлері қайта жаңғырған күн болды десек, артық айтпаймыз. Түрлі этномәдени бірлестіктер қатысқан фестиваль ұйымдастырылды. Жұртшылық «Үкілім», «Чунтян» халықтық ән-би және «Севинч», «Соседушки», «Калинка» ансамбльдерінің, «Болашақ» триосының, сондай-ақ бірқатар жеке өнерпаздардың өнерін тамашалады. Фестиваль аяқталғаннан кейін Ұлан батыр ауылындағы №19 мектепте осы батырдың этнографиялық музейі ашылды. Сонымен қатар қазақ-дүнген этномәдени бірлестіктері көрмелері таныстырылып, іс-шараның соңы спорттық ойындарға жалғасты. Назерке ОҢҒАР, облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесі баспасөз бөлімінің маманы. Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар