Ел болашағы – білімді ұрпақ қолында. Адамзаттық құндылықтарды жас ұрпақтың бойына дарытатын да, тұлға ретінде қалыптастыратын да – ұстаз. Сондықтан да мұғалім мәртебесі биік болуы тиіс. Осы бағытта елімізде көптеген шаралар қолға алынуда. Олардың еңбегін қолдау мен ынталандыру жолдарын Президент Н.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетті. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» Заңды әзірлеуді тапсырды. Елбасы Жолдауынан туындаған міндеттер, мұғалім беделін көтеру мақсатында қолға алынған шаралар туралы облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованы сөзге тартқан едік. Кәсіби мереке қарсаңындағы сұхбатта ұстаздардың еңбегі мен жеткен жетістіктері жайлы да әңгіме өрбіді.
– Рахия Сейітбекқызы, Президент «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім берудің, денсаулық сақтау саласының, тұрғын үйдің сапасы мен қолжетімділігі, жайлы және қауіпсіз жағдайда өмір сүру мәселелері әрбір қазақстандық отбасына қатысты екенін атап көрсетті. Тұрмыс сапасын арттыру үшін білім саласын да дамыту қажет. Жолдау жүктеген міндеттерге тоқтала кетсеңіз? – Иә, білім – экономиканың басқа салаларын дамытуда қозғаушы күшке ие екені даусыз. Тағы бір назар аударатыны, тұрмыс сапасының артуы білім берудің барлық сатысына қатысты. Мәселен, жас отбасылар тұрақты табыс тауып, өмір сүру сапасын көтеруге ұмтылады. Олар үшін балаларын мектепке дейінгі мекемеге кедергісіз беру маңызды. Бұған дейін балабақша кезегін азайту мәселесі бірінші орында болған. Енді Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды міндеттеп отыр. Себебі ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасады. Сондай-ақ Президент білім саласында біліктілік талаптарын, оқыту әдісін, тәрбиешілердің және балабақшадағы басқа да қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеу жүйесін қайта қарауды, орта мектептерде Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесін таратуды тапсырды. Осы ретте біздің өңіріміз бұл істі біраз бұрын бастап кеткенін айта кеткен жөн. Біздің педагогтер табысқа жету үшін озық әдістемені үйренуден қашпайды. Жалпы Жолдау жүктеген міндеттер өте ауқымды. Біз оны іске асыру үшін өз ұсыныстарымызды әзірлеп, бірлесе жұмыс жүргізетін боламыз. – Республика мектептері оқу процесінің жаңартылған білім мазмұнына көшуде. Облыста бұл қалай жүргізілуде? – Жаңартылған білім мазмұнын енгізу елімізде Назарбаев зияткерлік мектептерінен бастау алды. Оған облыс мектептері кезең-кезеңімен көшуде. Жаңа оқу жылынан бастап, 3, 6, 8-сыныптар оқи бастады, бұған дейін 1, 2, 5, 7-сыныптар көшкен болатын. Жаңартылған мазмұнмен қатар, 5 күндік оқу аптасына мектептердің 85 пайызы көшті. Жалпы, облыс бойынша 15633 немесе мұғалімдердің 63,3 пайызы жаңартылған мазмұн бойынша курстан өтті. 888 мұғалім жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тіліндегі курста оқыды. Бұған қоса ағымдағы жылы аудандар мен Тараз қаласында физика, химия, биология, информатика пәндерінен сабақ беретін 220 педагог жергілікті бюджет есебінен «USTAZ Professional Learning Centre» ЖШС мамандарының ұйымдастыруымен ағылшын тіліндегі курста білімін жетілдірді. Осындай біліктілікті арттыру шараларын нақты ұйымдастырудың арқасында биылғы оқу жылында облыс бойынша 277 мектепте 756 педагог физика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде жүргізе бастады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін ұстаздардың жалақысы 30 пайызға көбейді. Сондай-ақ педагогтерді аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 4 мыңға жуық мұғалім қатысты, олардың ішінен 2 мыңнан астамы аттестациядан өтті. Олардың жалақысына да 1 қыркүйектен бастап үстемақы қосылып отыр. Сонымен қатар биыл мектептердің барлығы дерлік электронды құжат айналымына көшті. Бұл – білім саласын қағазбастылықтан арылтудың бір жолы. Құжаттар электронды форматта толтырылады. Мұғалім күнделікті электронды жүргізеді. Қағаз журналын электронды журналмен қатар жүргізуге міндетті емес. Ал бұны мектеп әкімшілігі талап ете алмайды. Ата-ана мектепке бармай-ақ баласының оқу үлгерімін, сабаққа қатысуын қадағалай алады. – Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 1 қазаннан бастап өңірімізде мұғалімді жұмысқа қабылдау автоматты түрде жүргізіледі деген болатын. Осы тапсырма қалай жүзеге асырылып жатыр? Аталған жүйені енгізу не береді? – Бүгінгі күні мұғалімдерді жұмысқа қабылдауды автоматтандыру бойынша келісімшарт жасалды. Жүйеге облыс мектептерінің директорлары мен іс-жүргізушілерінің аты-жөндері енгізіліп жатыр. Әр мектепке жеке логин таратылады. Қараша айының соңына дейін жүйе толық қолданысқа енгізілетін болады. Ал оған дейін жүйені пайдаланатын қызметкерлер үшін семинарлар ұйымдастырылып, дайындықтан өткізіледі. Педагогтерді жұмысқа қабылдау үшін веб-порталда білім беру ұйымдарындағы бос жұмыс орындарының электрондық тізбесі жасалады. Үміткерлер электронды өтінім береді. Бұдан әрі комиссия отырысы өткізіліп, енгізілген құжаттар тексеріледі. Үміткерлер тестілеуден өтіп, байқау комиссиясы электронды дауыс береді. Ал мектеп директоры лауазымына тапсыру үшін қатысушылар Ұлттық тестілеу орталығының сертификатын жүйеге тіркеуі тиіс. Бұл жұмыстар педагогтерді қабылдаудың ашықтығына мүмкіндік береді. Саладағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуға көмектеседі. Ең бастысы бұл жүйе ашық жүреді әрі адами фактор жоқ. – Сонымен қатар облыс әкімі жаңа оқу жылының басында сағат бөлуде орын алып жататын келеңсіздіктердің алдын алу үшін білім басқармасына мұғалімдердің сағатын бөлу процесін автоматтандыруды міндеттеп, 1 қарашаға дейін ережесін бекітуді тапсырған болатын. Бұл талап қалай орындалып жатыр? – Бүгінде бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Мұғалімдердің сағатын бөлу процесін автоматтандыру бойынша IT саласы мамандарының ұсыныстарына сәйкес шешім қабылданып, ереже жасалатын болады. – Республикалық додаларға қатысып, жеңімпаз атанған мұғалімдер туралы айтып өтсеңіз? – 2017-2018 оқу жылында облыстың 508 педагогі түрлі байқаулар мен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Атап айтсам, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында 18 педагог жүлдегер атанса, «Табысты менеджер» республикалық байқауында 2 мектеп директоры жеңіске жетті. Ал республикалық «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсында 15 педагог үздіктер қатарынан көрінді. Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру үшін облыс әкімінің бастамасымен биыл облыстың 5 «Үздік педагогіне» сыйақы тағайындалды. Сонымен қатар 4 педагог республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы атанып, 2 миллион 405 мың теңгелік сертификатқа ие болып отыр. – Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Камила БОРАШОВА.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді