облыстық Қазақ драма театрының 83-ші маусымы «Асқаровтың аққайыңдары» атты спектакльмен ашылды
Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың есімін алаш жұрты тегіс ардақтайды. Еліміздің үш облысын 23 жыл бойы басқарған тұлғаның халқымызға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Алайда Кеңес одағының соңғы жылдарында Асанбайдай арда ұлдың саяси қуғын-сүргінге ұшырап, жылдар бойы жазықсыз жазаланғаны белгілі. Қашанда әділет, шындық жеңеді. Қара бұлттай төнген қатерлі күндер де өтіп, Асқаров өзін сүйген, бағалаған халқымен қайта қауышты. Сол қуғын-сүргін кезінде Асқаровты сатып кеткен қызметтестері де, достары да аз болмады. Екіжүзділік пен сатқындық – көптеген адамдардың бойынан табылатын жаман қасиет. Облыстық қазақ драма театры 83-ші жаңа маусымын жазушы-драматург Мархабат Байғұттың «Асқаровтың аққайыңдары» атты драмасымен ашты. Драманың қоюшы- режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов, қоюшы-суретшісі – Мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева. Қойылымды облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, Түркістан, Алматы облыстарынан келген өнер қайраткерлері мен еңбек ардагерлері, Асқаровпен қызметтес болған інілері, туыстары, бауырлары көпшілікпен бірге тамашалады. Спектакль басталмас бұрын облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов сөз сөйлеп, өнер ордасы халықпен қашанда бірге екенін айтып, қазіргі ғимараттың қазақ драма театрына берілуіне сол кездегі облыс басшысы А.Асқаров ықпал еткеніне тоқталды. Спектакль басталғанда зал толы көрермен тынышталып, сахнаға назар аударды. Әуелі музыка ырғағымен аққайыңдарды айнала билеп, ақ қанатты бишілер шықты. Асқаров ұстанған әділеттің аппақ періштелері іспетті. Мұнан соң Асқаровтың (ҚР Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков) партия қатарынан шығарылып, күйзеліске түскен сәтімен драма жалғасады. Қайраткердің жары Фатима (Индира Мұстафаева) шыр-пыр күйге түсіп, көңілі алаң жолдасын жұбатпақ болады. Алайда бұл жұбана қоятын жағдай емес еді. Артынша түрменің бастығы, полковник (Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан) келеді де, «Асанбай Асқарұлы, сіз бізге керексіз!» деп, алып кетеді. Қоғам қайраткері алдағы тағдырының жеңіл болмасын сезінгендей, жарына: «Фатимаш, бекем бол!» деп, кете барады. Мұнан соң А.Асқаровтың түрмедегі азапты күндері шынайы суреттеледі. Бір сәт сол кездегі саяси көзқарас көз алдымызға келіп, еңсеміз езілді. Тергеуші Калиниченконың (Жандар Қырықбаев), КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Золиннің (Мәмбет Қожалиев) қыңыр, қырсық сұрақтарына ақ қағаздай арының тазалығымен жауап береді. Қойылымда Асанбай Асқарұлының Шымкентте аққайыңдар еккені, дендросаябақ салдырғаны, басқа да қажетті ғимараттарға қаржы бөлгені айтылып, сол үшін айып тағылады. Әуелі Желтоқсан оқиғасының тұтануына себепкер деп тұтқындап, тергеушілер ол ойларынан өздері айниды. Осы сәтте Асқаров шынайы күліп: «Уа, сендер, сақсыңдар, ә! Ертең Желтоқсан оқиғасы басқаша сипат алып кетсе, арты қалай болады деп қорқасыңдар, ә?» деп мысқылдайды. Осылай қоғам қайраткерінің қайсарлығы, турашыл мінезі ашыла түседі. Тергеуші: «Сені атамыз, ісіңді ату жазасына жеткіземіз» деп кіжінгенде, Асқаровтың: «Атсаңдар атыңдар! Бұл азаптан атылып кеткенім артық. Алаш арыстарынан артық емеспін» деп өжеттік танытуы қайраткердің тұлғасын биіктете түсті. КПСС Орталық Комитетінің Саяси бюро мүшесі Соломенцевтің түрмедегі Асқаровқа келіп, намысына тиюі, «Осы жерден шықпайсың!» деп зіркілдеуі барша көрерменнің жүрегін ауыртқаны анық. Сол қиын шақта анасының (Халық әртісі Мәкен Рахымжанова) дем беруі шынайы қойылған. Екінші пландағы рөл болғанымен, Соломенцевті сомдаған Мәлік Ақүрпековке жұрт риза болды. Асанбай мен Фатиманың түрмеде кездесуі, бірін-бірі жұбатуы, ақиқаттың жеңетініне сенуі сәтті шыққан дер едік. Фатима кеткеннен кейін абақтыдағы Асанбайдың «Сағындым! Алатауымды сағындым! Алматымды сағындым! Туған жерімді сағындым» деп толғануынан үлкен жүректің еліне деген шынайы махаббатын сезіндік. Әйтсе де алаш ардақтысын тізерлетіп отырғызбай-ақ қою керек еді деген ойға шомдық. Сот жүріп жатқан кезде сот төрайымының (Жадыра Құлтаева) сөзін бөліп, көпшілікпен бірге отырған актерлердің: «Асқаров ақталсын!», «Асқаровқа бостандық!» деген айқай-шуы халықтың қолдауын айғақтайды. Режиссердің осы ойы сәтті шыққан дер едік. Қойылым соңында Асқаров ақталады. Әділет жеңеді. Асанбай Асқарұлының өзі еккен аққайыңдардың жанына келіп, ойланып отыруы, Тәуелсіздігіміздің 10 жылдығына дайындықтың айтылуы бірін-бірі толықтыра түскен. Бұл жерде бағымызға айналған тәуелсіздіктің аспаннан түспегені, Асқаровтай арда ұлдардың қайсарлығымен жеткені көрініс тапқан. Жары Фатима екеуінің аққайыңдар жанында сырласуы, бір-біріне деген шексіз құрметтері шынайы берілген. Спектакльге таңдалған музыка да, хореография да көңілге қонымды. Асқаровтың тәуелсіз еліміздің ертеңіне сеніммен қараған көзқарасымен қойылым аяқталады. Актерлер көрермендер алдына шығып жатқан кезде А.Асқаров жайлы әннің баяу орындалып тұруы да режиссердің шеберлігі деуге болады. Спектакль соңында барша көрермен орындарынан тұрып, шапалақ соғуы арқылы актерлерге деген алғыстарын білдірді. Бұл қойылымда әр актер өз рөлін сәтті алып шықты десек, артық айтпаспыз. Әсіресе басты рөлдердегі Жүніс Әлімбеков пен Индира Мұстафаеваның шеберліктерін мойындамасқа амал жоқ. Сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі әкелінді. Соңында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жандар Кәрібаев сөз сөйлеп, халқымыздың көрнекті тұлғасы Асанбай Асқаровтың азаматтық асқақ болмысына тоқталып, жаңа драмасымен қайраткердің есімін тағы бір жаңғыртқан автор Мархабат Байғұтқа құрмет көрсетіп, көпшіліктің атынан шапан жапты. Мұнан соң жазушы-драматург Мархабат Байғұт сөз сөйлеп, шығармасының қойылуына қолдау білдірген облыс әкімі Асқар Исабекұлына, облыстық қазақ драма театры ұжымына шынайы алғысын білдірді. «Бүгін Түркістан облысынан осында кезінде Асқаровпен бірге қызметтес болған Исмат Тұрсынқұлов, Сұлтан Сүгірбаев, Дәурен Сандыбаев және журналист Байдулла Қонысбек бастаған бірнеше кісі келіп отыр. Олардың бұл келісін маған емес, Асанбай Асқарұлына құрметтері деп түсінемін», – деді. Мұнан соң түркістандық қонақтар Исмат Тұрсынқұлов пен Дәурен Сандыбаев сөз сөйлеп, драма театры ұжымына құрмет көрсетті.
Есет ДОСАЛЫ
Суретті түсірген Алтынбек Қартабай.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді