Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Астанаға» есе жіберді
- author «Ақ жол»
- 23 қыркүйек, 2018
- 262
Сенбі күні ел чемпиондығынан үміткер Алматының «Қайраты» Талдықорғанда «Жетісу» командасынан 0:1 есебімен ұтылып қалғаннан кейін «Астанаға» ұпай айырмашылығын ұлғайтуға керемет мүмкіндік туған-ды.
Өткен турда Алматыда «Қайратты» ұтып, тарихи жеңісіне қол жеткізген оралдықтар сапында өзгеріс бола қойған жоқ.
Қос команда үшін аса маңызды бәсекеде алдымен алаң иелері Ненад Эрич қорғаған қақпаның кілтін тапқанымен, тараздық төреші Асхат Абданбаев оны «Ақжайық» футболшылары ойыннан тыс қалды деген себеппен есептемеді.
Бірінші таймның ортасында «Ақжайықтың» айып алаңына әуелете асырылған доп орталық қорғаушы, украиналық Сергей Басовтың қолына тиіп, төреші 11 метрлік пенальти белгіледі. 23-минутта бұл нүктеден Ричард Алмейда мүлт кеткен жоқ. Іле-шала алаң иелері айып добын орындауға мүмкіндік алды. Алайда қарымта шабуылды керемет пайдаланған елордалықтар есепті ұлғайтты. 26-минутта сол қапталдан берілген Роман Мұртазаевтың пасынан кейін «Астананың» сұрмергені Алексей Щеткин украиналық қақпашы Евгений Боровикті қапы қалдырды - 2:0.
Бұдан кейін алаң иелері алға ұмтылып бақты. Сондай сәттердің бірінде, 36-минутта Азат Ерсәлімов тепкен допты Н.Эрич қайтарғанымен, ол қақпа маңдайшасына тиіп, кері қайтты. Сосын қақпашы ұстап үлгермеген допты Латвия ұлттық құрамасының мүшесі Артур Карашаускс қақшып алып, торда тулатты - 1:2.
Екінші таймда оралдықтар сапында Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов, сосын А.Карашаускстің орнына украиналық легионер Игорь Худобяк шықты. Украиналық бапкер Сергей Зайцев Еркебұлан Нұрғалиевті Руслан Қайыровпен алмастырды. Григорий Бабаян жаттықтыратын елордалықтар құрамында да өзгерістер болмай қалған жоқ. Астаналықтар допқа көбірек иелік етіп, ойын тізгінін уысынан шығармады.
Осылайша елордалықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл турдан кейін көш басындағы «Астана» ұпай санын 61-ге жеткізіп, «Қайраттан» (54 ұпай) ұзай түсті. «Ақжайық» сегізінші орынға сырғыды.
Айта кетейік, 26 қыркүйек күні келесі, ХХVІІІ турда «Ақтөбе» - «Ертіс», «Жетісу» - «Ордабасы», «Ақжайық» - «Тобыл», «Қайсар» - «Қайрат», «Атырау» - «Астана», «Қызылжар» - «Шахтер» кездесулері өтеді.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді