Күн баққан Күнбағыс

Күн  баққан Күнбағыс
ашық дереккөз
Күн баққан Күнбағыс

Өңірімізде көкөніс пен бақша дақылдарын негізінен кәріс, дүнген ағайындар егіп өсіретіні белгілі. Бүгінде аталған ұлт өкілдері көптеп шоғырланған Полатқосшы, Гродеково, Айша бибі, Қаратөбе ауылдық округтерінде күзгі жиын-терін жұмыстары қызу басталып та кетті.

Айша бибі ауылы маңынан 100 гектар егістік жерді жалға алып, күнбағыс еккен Денис Николаевтың да «балапанды күзде санап» жатқан жайы бар. – Күте білсе, жер жомарт, – дейді ол. – Жер-ана да иілгенге ииді. Кертартпа, жалқауларды жақтырмайды. Менің бұған он жылдық дихандық тәжірибем барысында анық көзім жетті. Жасырары жоқ, менің достарымның көбісінің шаруаға икемі жоқ. «Жалға жер алып, егін екпейсіңдер ме?» – десем, олар «Қойшы соны» дейді. Білмеймін, олар жерге еңкейгенге ұяла ма, әлде оған намысы жібермей ме, егістік басына бір келтіре алмай-ақ қойдым. Жерге бір дән тастасаң да, пайдасын көресің ғой. Күнбағыс еккеніме бесінші жылға айналды. Қол жұмысын көбірек қажетсінетін бұл дақылдан пайда көп-ақ. Қол жұмысы демекші, мұндағы пісіп-жетілген дақылдың алдымен басын жұлып, соясына іліп кетеді. Ілінген күнбағыс кебуі керек. Сонан соң барып арнайы астық комбайны алқапқа жіберіледі. Жиналған дәнді қаптап, көліктерге арту да қол күшімен атқарылатыны белгілі. Бұл іске бүгінде 63 адам жұмылдырылып отыр. Текке қарап отырар кез емес. Жиын-теріншілерге жұмыс күні аяғында 3000 теңгеден қолма-қол қаражат беріледі. Түскі тамақ – жалгер есебінен. Жұмысшылар арнайы көлікпен тасымалданады. Мұны біз жиын-теріншілердің өз ауыздарынан естігенбіз. Денис болса қазіргі кезде 100 гектар дақылдың 60 гектарының өнімі жиналып алынғанын айтады. Ал гектар қайтарымы орташа есеппен 1300-1500 келіден айналуда екен. Бұл – бір ғана шаруашылықтағы жағдай. Аудан бойынша биыл барлығы 1973 гектар алқапта күнбағыс егіліп өсірілгенін ескерсек, бұл дақыл түрінің өнімін жинау жұмысының ауқымы қандай екеніне көз жеткізу де қиын емес. Жиын-терін ісі өзге шаруашылықтарда да қарқын алуда.

Дүйсенбек ОРМАНОВ, журналист.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар