«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ӨНДІРІС ЭКОНОМИКАНЫ ӨСІРЕДІ

ӨНДІРІС ЭКОНОМИКАНЫ ӨСІРЕДІ
ашық дереккөз
ӨНДІРІС ЭКОНОМИКАНЫ ӨСІРЕДІ

Химия өндірісінің алыбы саналатын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздің және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор. Бүгінде компания тарапынан салықтар мен бюджеттен тыс төлемдер үшін 7,6 миллиард теңге (оның ішінде 2,5 миллиард теңгесі облыстық бюджет есебіне) көлемінде аударымдар жасалады. Елімізде ғана емес, алыс жақын шетелдердің нарығына тауар тасымалдау ісімен айналысатын өңірдегі іргелі кәсіпорын биыл өзінің 40 жылдығын кең көлемде атап өтуді жоспарлап отыр.

Кәсіпорынның тарихы әріден басталады

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жамбыл филиалы ‒ Жаңа Жамбыл фосфор зауыты сары фосфор мен құрамында фосфоры бар өнімдер: термиялық ортофосфор қышқылын, натрий үшполифосфатын, натрий гексаметафосфатын, феррофосфор, түйіршіктелген қож шығаратын химиялық зауыт. Өндіріс ошағы Тараз қаласының шекарасынан солтүстік-батысқа қарай 15 километр қашықтықта «Кіші Қаратау» жотасының Үлкен Бурыл сілемінің терістік етегіне орналасқан. Жаңа Жамбыл фосфор зауытының құрылысын бастау жөнінде 1971 жылы шешім қабылданып, кәсіпорынның құрылыс алаңы келер жылдың тамыз-қыркүйек айларында анықталды. Зауыт жобасын негізгі химиялық өнеркәсіптің (ЛенНИИГипрохим) Ленинград ғылыми-зерттеу және жобалау институты жасайды. Сондай-ақ жобалау жұмыстарына «Проектстальконструкция», «Ленстройпромпроект», «Гипрогазоочистка», «ВНИИгаздобыча», «ВНИИЭТО», қазақстандық «ПромтрансНИИпроект», «Водоканалпроект» тағы басқа мекемелер де атсалысты. Нәтижесінде 1971 жылы өнеркәсіп құрылысымен оған апаратын көлік жолдарын салудың алғашқы сызбалары түсе бастады. 1972 жылдың басында өнеркәсіп алаңдарында дайындық жұмыстарын жүргізу қолға алынды. Ал 1973 жылы зауыттың өнеркәсіп нысандары бой көтере бастады. Осылайша 1974 жылы алғашқы кезекте салынатын барлық негізгі цехтардың іргетасы қаланып бітті. Араға жылдар салып, 1978 жылдың 27 желтоқсанында мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелері өндіріс ошағының бірінші кезектегі кешенін іске қосу актісіне қол қойды. Алғашқы ашылған жылдары 1 кезектік кешен құрамына фосфорит ұнтағынан жылына 1000 мың тонна өнімділікпен агломерат алатын өндіріс (1-агломашинасы), 55 мың тонна өнімділікпен сары фосфор алатын өндіріс (1-2 пештер), 550 мың тонна өнімділікпен түйіршіктелген қож алатын өндіріс, 16 мың тонна өнімділікпен фосфорлы шламдардан фосфор қышқылын алатын өндіріс кірген болатын. Осы кезеңде жаһандық тәжірибеде бірінші рет ЖЖФЗ-ның «РКЗ-80Ф» термиялық пештеріне агломерат ұнтағынан сары фосфор алу технологиясы енгізілді. Бұрын үйіндіге төгілетін фосфорит ұнтағын 312 шаршы метр аумақ өнімін қамти алатын «АКМ-312М» іспетті агломерация машиналарында осы озық технологияның агломерациялау әдісімен кіріктіріп, фосфорит кесектеріне айналдыру арқылы қайта пайдалану жүзеге асатын болды.

Тоқырау кезеңінің кері әсері

1978 жылдан бүкіл әлемге танымалдылығымен аты шыққан зауытта сол кезеңдерде 10 000-ға жуық адам еңбек етті. Дегенмен 90 жылдары елімізде орын алған тоқырау жылдарының қиындығы зауыт еңбеккерлерін де айналып өткен жоқ. Айлап еңбекақысын алмаған жұмысшылар наразылық шараларын өткізіп жатты. 1991 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауытының (ЖЖФЗ) атауы «НОДФОС» өндірістік бірлестігі болып өзгертілді. 1992 жылы 5 тамызда кәсіпорын Жамбыл мемлекет мүлкін басқару комитетінің шешімімен «НОДФОС» АҚ – ашық акционерлік қоғамы іспеттес болып қайта құрылды. Үкіметтің 1996 жылғы 10 маусымдағы №725 «Жамбыл облысының фосфор саласында істейтін кәсіпорындарын, «НОДФОС» АҚ-ын дағдарыстан алып шығудың кезек күттірмес шаралары туралы» қаулысына орай «НОДФОС» АҚ сырттай басқарылу үшін «IBE TRADE CORP» фирмасына берілді. Дегенмен бұл кезеңде де зауыт жұмысы алға басып кетті деп айтуға болмас. – Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өзге республикалармен экономикалық байланыс үзіліп, қиындық басталды. Үлкен өндіріс болған соң өте көп қаржы қажет болды. Еліміздегі ірі банктер өз қаржыларын қайтара алмаймыз деп, кәсіпорын жұмысын жандандыру ісіне қаржы бөлуден бас тартып жатты. Сол кезеңдерде жарты жылдай уақыт айлық болмай, қиыншылықтар орын алды. Осы уақыт аралығында алты инвестор ауысты. Олардың өзі жұмысты дұрыс жүйеге қоя алмай кетіп қалып жататын. Алтыншы инвестор болып «IBE TRADE CORP» кәсіпорны зауыт жұмысын басқаруды қолға алады. Дегенмен ол да өз нәтижесін бермеді. Мен сол кезден кәсіподақты басқаратынмын. Бірнеше айлап жалақыларын алмаған жұмысшыларымыз әкімдіктің алдына барып талап қоя бастаған кездерді де бастан өткердік, – деп еске алады зауыттың кәсіподақ ұйымының төрағасы Шахтыбай Байғанов. Одан бері де кәсіпорын жұмысын ілгерілендіріп, жұмысшылардың жағдайын жасау мақсатында көптеген өзгерістер болды. «Нодфос», «Суперфосфат зауыты», «Қаратау», «Промтранс», «Фосфор» акционерлік қоғамдары акционерлерінің жалпы жиналыстары шығарған шешімдерге сәйкес және республиканың фосфор саласындағы кәсіпорындарын өндірістік-қаражаттық дағдарыстан алып шығуға жағдай туғызу мақсатында мемлекет мүлкі мен Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің активтерін басқару департаментінің 1997 жылғы 23 қыркүйектегі қаулысымен «Қазфосфор» ашық акционерлік қоғамы құрылды. «Қазфосфор» ААҚ басқармасы шығарған шешім негізінде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексіне сәйкес, 1997 жылдың 29 қыркүйегінде «Таразфосфор» филиалы құрылды. 1998 жылы 3 тамызда «Қазфосфор» ААҚ-ның филиалы «Таразфосфор» базасында «ЖЖФЗ» өндірістік кооперативі құрылды. 1999 жылы 21 қазанда Үкіметтің «Қазақстан Республикасы фосфор өнеркәсібіне көрсетілер қолдаудың жекелеген шаралары туралы» қаулысына орай «Қазфосфат» ЖШС сынды аса ірі компания жасақталды. Ол 2000 жылдың 3 мамырында өткен сауда талқысында «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» мүлік кешенін иемденді.

Келешегі кемел зауыт

Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС-ның жұмысы алға басып, өнімдерін алыс-жақын шетелдерге экспорттау жұмысымен айналысуда. Зауыт бірнеше ауысымда жұмыс істейді. Нақтылы кезеңде мұнда төрт пеш жұмыс істеп тұр. Әр пеш 80 мегаваттан есептелгенде, төрт пеш сағатына 320 мегаватта жұмыс атқарып, күніне әр пештен 80 тонна фосфор шығарады. «Қазфосфаттың» құрамында ЖЖФЗ, Минералды тыңайтқыштар зауыты, Темір жол комплексі, Жаңатас, Қаратау, Шымкент және Степногрскі қалаларында бір-бір зауыттан бар. – Зауытта жұмысшыларымызға барлық жағдай жасалған. Бірнеше ауысымда еңбек ететін олар бос уақыттарын өздерінің спорт кешенінде арнайы жаттығумен шұғылданады. Ақжар ауылындағы кешенде алдын ала тапсырыс беріп, балық аулап, демалады. Жылқы, түйе, уақ мал өсірумен де айналысады. Оның өнімі жұмысшыларға беріледі. Қосымша бау-бақша, қарбыз өнімдері де қызметкерлердің игілігіне жұмсалады. Қаратау маңындағы Көктал аумағында арнайы емдеу-сауықтыру орны бар. Онда жұмысшыларға жеңілдікпен қызмет көрсетіледі. Балаларға арналған демалыс лагерінде зауыт қызметкерлерінің балалары жаз бойы кезекпен демалады. Мұның барлығы ұжым мүшелерінің ауызбірлікте, ынтымақта еңбек етіп, мемлекетіміздің өркендеуіне қосар үлесі мол болуы үшін жасалып отырған жағдайлар. Зауыт ашылған жылдары мұндағы 32 цехта 10 000-нан астам адам жұмыс істеген. Қазір олардың біразы біріктірілді, қысқарды. Бүгінгі күні тазаланған сары фосфор шығарып жатырмыз. Фосфорды өңдеу жұмыстарын осында жасаймыз. Бірақ көлемі жағынан кеңес өкіметі кезінен еш төмендеген емес. Өнімдер Германия, Чехия, Польша, Нидерланды, Азияның бүкіл мемлекеттеріне жөнелтіледі. Біздің өнімдеріміз көбіне тыңайтқыштарға, ауыл шаруашылығында, алтын, уран шығаратын жерде пайдаланылады, – дейді кәсіпорын бас технологінің орынбасары Жұмабек Айтжанов. – Бүгінгі күні компанияда 6 000-нан астам адам еңбек етеді. Олардың орташа айлық жалақыларының көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 12,9 пайызға артып отыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда еңбек өнімділігі де 38,9 пайызға өскен. Жалпы осы уақыт аралығында жетістіктеріміздің барлығына да білікті мамандарымыздың ерен еңбегінің арқасында қол жеткізіп отырғанымызды ерекше атап өтсем деймін. Біз жеткен жетістіктеріміздің деңгейінде қалып қоюды ойламаймыз. Нарықтық кеңістіктегі жеткен шебімізді одан ары бекемдеп, жаңа белестерді бағындыруға талпыныс жасай беретін боламыз, – дейді «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Ескендір Мұқашев. Жыл басында минералды тыңайтқыштар Аргентина жеріне алғаш рет жеткізілді. Енді өнімдерін Ауғанстанға экспортқа шығару мәселесі де жоспарда бар. Біз зауыт қызметкерлері өзінің өнімдерін Үндістанға жіберуге дайындап жатқандығының куәсі болдық. Талғат Дүмбаевтың кәсіпорында еңбек етіп келе жатқанына 18 жылдың көлемі болды. Бөлім басшысы: «Біз өндірісте фосфорды қабылдап, өңдеп шетелге жіберу үшін фосфорды арнайы бөшкелерге құямыз. Дайын өнімді вагондарға тиеп, тиісті мемлекеттерге жөнелтеміз, – дейді ол Бұдан бөлек, үшфосфатты натрий өнімін Египет, Түркия елдері нарығына тасымалдау жұмыстары басталды. Африка мен Латын Америкасы елдері нарығы сұранысына зерделеу жүргізіліп жатса, қазіргі уақытта өнім сапасы Жапонияда мақұлдаудан өтуде. Қазан айында өзінің қырық жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқан кәсіпорын басшылары біздің өнімдерімізге әлемдік нарықта сұраныс артатынына сенімдіміз деп отыр.

 

Алпамыс ҚАЗЫБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар