«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйелі жұмыс нәтижеге жеткізеді

Жүйелі жұмыс нәтижеге жеткізеді
ашық дереккөз
Жүйелі жұмыс нәтижеге жеткізеді
 width=Сұлушаш Құрманбекова, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы.

Елбасы биылғы Жолдауында ел болашағын бағдарлайтын басты мақсаттарды белгілеп берді. Жылдың басты құжатында қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату, терминология мәселелері кеңінен қамтылды. «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабында Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі – қазақ ұлтының мәдени тұтастығының қайнар көзі. Ғасырлар бойы солай болған, болашақта да солай бола береді», деген еді. Сондықтан өңірде тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу – басқарманың негізгі міндеті. Биылғы жылдың 2 шілдесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №401 қаулысымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» жаңа редакцияда бекітілді. Ол 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Алғашқысы мемлекеттік тілді меңгеру деп аталды. 2017 жылдың соңында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындар үлесі 97,43 пайызды құрады. Осы жылдың 8 айында 1121 тыңдаушы қазақ тілін тегін үйрену курстарынан өтті. Оның 47 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Әр тоқсан сайын мемлекеттік органдардағы қазақ тіліндегі шығыс құжаттарының үлес салмағына мониторинг жүргізілуде. Биылғы жылдың І жарты жылдығы бойынша бұл көрсеткіш 99 пайызды құрады. Мемлекеттік тілді үйрету үдерісінде жаңа ақпараттық технологияларды енгізу жұмыстары қолға алынуда. Тілдерді оқыту орталығының tilzhambyl.kz ресми сайты арқылы кез келген тіл үйренуші онлайн жүйесінде курсқа жазыла алады. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында 40-тан астам іс-шаралар өткізілді. Тоқсан сайын аудандар мен Тараз қаласы әкімдері мен облыстық басқармалардың сайттарындағы тіл тазалығына мониторинг жүргізіліп, ағымдағы жылдың І жарты жылдығы бойынша қорытынды аталған мекемелердің басшыларына жіберілді. Мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген мектеп түлектерінің үлесі 2018 жылы 90 пайызға жетуі тиіс. Осы бағытта облыс мектептерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған облыстық семинар ұйымдастырылып, әдістемелік көмектер көрсетілді. Мектеп бітірушілер үшін «Қазтест» жүйесі бойынша байқау сынағы ұйымдастырылып, Тараз қаласындағы №1, 7, 24, 39, 40, 41 мектеп-гимназияларында білім алатын 344 оқушы қатысты. Мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгермеген мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білу деңгейі жыл сайын «Қазтест» жүйесі арқылы анықталады. Биылғы сәуір айында 2037 адам осы жүйе бойынша тест тапсырды. Оның 419-ы мемлекеттік қызметшілер, 1618-ы – мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардан. Өзге ұлт өкілдері – 24,1 пайыз (492). Жыл соңына дейін «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық жастар форумы, «Тіл – достықтың дәнекері» атты фестиваль, Абай атындағы көркем сөз оқу шеберлерінің облыстық байқауы өткізіліп, мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесін анықтау мақсатында әлеуметтік зерделеу жұмысы жүргізілетін болады. Екінші бағыт – мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануын танымал ету және оның пайдаланылу аясын кеңейту. Мұнда бір нысаналы индикаторға қол жеткізу көзделген. Мемлекеттік ақпарат құралдарындағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 2018 жылы – 71 пайыз болуы тиіс. Өткен жылы облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметі бойынша бұл көрсеткіш 77 пайызды құраса, биылғы жылдың 8 айының қорытындысымен 66 пайыз болып отыр. Үшінші бағыт – қазақстандықтардың тіл мәдениетінің деңгейін арттыру. Мұнда бір нысаналы индикатор, бір нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу көзделген. Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешім қабылдау үдерісін талқылау кезінде қоғамдық қолжетімділік пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесі биыл 81 пайыз болып белгіленген. Аталған индикаторға қол жеткізу мақсатында облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының екі отырысы өтіп, әкімшілік-аумақтық бірліктер, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау туралы 153 ұсынысқа оң қорытынды берілсе, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, тұлғалардың есімдерін мәңгі есте қалдыру мақсатында республикалық ономастикалық комиссияның 25.05.2018 жылғы оң қорытындысы негізінде ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 9 тамыздағы №485 қаулысымен облыстық филармонияға Кенен Әзірбаевтың, Тараз қалалық Мәдениет үйіне Ықылас Дүкенұлының, Тараздағы №10 орта мектепке Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдері берілді. Аудандардағы ономастика жөніндегі жұмысшы топтардың жұмыстарына, жалпы ономастикалық ахуалға байланысты жыл басынан бері 2 рет зерделеу жүргізіліп, қорытындылары облыстық ономастикалық комиссияның кезекті отырыстарында қаралып, Жуалы, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандары әкімдерінің орынбасарлары – аудан әкімдіктері жанындағы ономастика мәселесі жөніндегі жұмысшы топ төрағаларының есептері тыңдалып, орын алған кемшіліктерді жою міндеттелді. Жыл басында мағынасы ескірген 34 әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктері болса, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде олардың саны 15-ке кеміді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында «Атаулар сыр шертеді» жаңа телевизиялық жобасы қолға алынып, іске асырылуда. Осы жылдың 18 сәуірінде Сарысу ауданындағы Саудакент, Тоғызкент елді мекендерінің, 24 мамырда Жамбыл ауданындағы Ақбұлым, Әулиекөл елді мекендерінің, 30 мамырда Жуалы ауданындағы Қошқарата, Шақпақ ауылдық округтерінің, 29 тамызда Шу ауданындағы Көкқайнар, Көктөбе елді мекендерінің атаулары туралы арнайы телебағдарламалар түсіріліп, көпшілікке көрсетілді. Көрнекі ақпараттарда мемлекеттік тілдің пайдаланылу деңгейі 2018 жылы 85 пайыз деп белгіленген. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тілдерді дамыту басқармасы аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен келісімге келіп, көрсеткіштерді еңсеру жоспарын бекітті. Бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша жоспарланған меже облыста 83,5 пайыз болса, аталған көрсеткіш 85,1 пайыз болып, 1,6 пайызға артық орындалды. Сыртқы көрнекі ақпараттарды (жарнамаларды) Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына, «Жарнама туралы» Заңының 6-бабына сәйкестендіру мақсатында «Тіл сақшысы» телевизиялық жобасы жоспарланып, осы жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында жергілікті «Jambyl» телеарнасы арқылы 10 аудан мен Тараз қаласынан 527 нысан қамтылып, зерделенген нысандарда жіберілген 239 кемшіліктерді жою жөнінде аудандар мен Тараз қаласы әкімдеріне хаттар жолданды. Шілде айынан бастап, аталған телевизиялық жобаның қайта түсірілімі жүргізіліп, Меркі, Байзақ, Шу аудандарынан 141 нысан қамтылып, алдыңғы зерделеу барысында анықталған кемшіліктердің 85-90 пайызы ретке келтірілгені анықталды. Жалпы 8 айдың қорытындысы бойынша облыстағы 13582 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізіліп, оның 2067-сінен кемшіліктер анықталып, барлық нысан иелеріне тиісті заңнама талаптары түсіндірілді. 28 сәуір күні тұңғыш рет жарнама агенттіктері арасында «Жарнама – жаңалықтың жаршысы» атты облыстық байқау ұйымдастырылып, оған облыстағы ірі 8 жарнама агенттіктерінің басшылары қатысып, тиісті заңнамалар бойынша сұрақтарға жауап беріп, талапқа сәйкес жарнама әзірлеу мақсатында сынға түсті. Басты мәселелердің бірі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің 20.07.2016 жылғы №6-1 тапсырмасына сәйкес облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, кенттердегі, ауылдардағы және басқа да елді мекендердегі көше көрсеткіштерін бір үлгіде жазуды және орналастыруды қамтамасыз ету. Осы мақсатта облыстық тілдерді дамыту басқармасы 2018 жылға барлық аудандар мен Тараз қаласы үшін меже белгілеп, әр аудан, қала бойынша жылдың соңына дейін барлық көшелердің кемі 50 пайызын жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтуды міндеттеді. Аудандық, Тараз қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің мәліметтері І жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 1265 көше жаңа үлгідегі аншлагтармен қамтылып, көрсеткіш 24,1 пайызға орындалғанын айқындап отыр. Жыл соңына дейін белгіленген межеге қол жеткізу көзделуде. Дегенмен Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласында аталған мәселеге ерекше бақылау жүргізу қажет. Төртінші бағыт лингвистикалық капиталды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау екені мәлім. Бағдарламаға сәйкес орыс тілін меңгерген тұрғындар үлесі 2018 жылы – 89 пайыз, ағылшын тілін меңгергендер үлесі – 25 пайыз, үш тілді меңгергендер үлесі – 24 пайыз, этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесі 78 пайыз болуы тиіс. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу мақсатында облыста көптеген жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың 8 айында Тілдерді оқыту орталығы мен оның 8 аудандағы бөлімшелерінде 218 тыңдаушы орыс тілін, 1026 тыңдаушы ағылшын тілін тегін оқыды. Басқарма этномәдени бірлестіктер жанындағы қазақ және ана тілдерін оқыту мәселесіне үлкен көңіл бөліп, этнос өкілдерінің қатысуымен көптеген іс-шаралар өткізуде. Өткен жылы әлеуметтік жоба арқылы этнос өкілдеріне мемлекеттік тілмен қатар, неміс, қытай, түрік, кәріс тілдерін оқытуға мүмкіндік жасалса, биылғы жылы Тілдерді оқыту орталығы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясымен 22 этномәдени бірлестіктер арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасады. Меморандум аясында қазақ тілін меңгеруге ниет білдірген 524 этнос өкілдері тегін үйренуде. «JAMBYL» телеарнасы арқылы басқарманың тапсырысымен мамыр айынан бастап «Тілі бірдің – тілегі бір» атты телебағдарлама эфирге шықты. Латын әліпбиі: жоспарлы жұмыс өз нәтижесін береді Мемлекеттік бағдарламада көзделген міндеттердің бірі – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру. Қоғамдық пікірді қалыптастыру мақсатында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу – басты міндет. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Сағынтаевтың 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 Өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітілді. Ол 3 кезеңнен тұрады. 1 кезең – 2018 – 2020 жылдар, 2 кезең – 2021 – 2023 жылдар, 3 кезең – 2024 – 2025 жылдар аралығын қамтиды. 53 пункттен тұратын іс-шаралар жоспарының 14 пункті жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Жоспарға сәйкес, орфографиялық, орфоэпиялық ережелер, жыл соңына дейін латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде емле ережелер әзірленуі тиіс. 2019-2025 жылдар аралығында жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушылары біліктілік арттыру курстарынан өтеді. Мемлекеттік қызметшілерді латын графикасына үйрету 2019-2021 жылдар аралығында жүргізіледі. Мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған және әзірлеушілер солар болып табылатын қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ олардың құзыретіне жататын актілерді латын графикасына көшіру бойынша жұмыстар 2021 жылғы қаңтардан, ал жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын латын графикасына көшіру 2024 жылдың желтоқсан айынан басталады. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ жанынан латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылды. Басқарманың ұйымдастыруымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін таныстыру мақсатында жоспарлы іс-шаралар қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта «Латын әліпбиі – қазақ тілінің жаңа көкжиегі» атты ғылыми-практикалық конференция өткізу, «Жаңа қазақ әліпбиі: орфография, терминология, пунктуация, әдістеме мәселелері» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастыру, жаңа қазақ тілі әліпбиін үйретудің онлайн бағдарламасын әзірлеу, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін кеңінен танымал етуге бағытталған республикалық конференция өткізу, ұлттық комиссия мүшелерінің қатысуымен аудандар мен Тараз қаласында 55 семинар-тренингтер ұйымдастырып, 2000-ға жуық адамды қамту жоспарланып отыр.

Ұқсас жаңалықтар