«Fail Conference» деген атаудың өзі көп нәрсені білдіреді. Ғылымда бәрі бірден сәтті бола бермейді. Ол – үздіксіз ізденістің, күмән мен қателіктің, қайта тұрудың жолы. Конференцияда осы мәселелер кеңінен қозғалды. Соңғы конституциялық өзгерістерде ғылым мен инновацияға ерекше мән берілді. Ал осы ғылымның ішінде әйелдердің рөлін күшейту – уақыт талабы ғана емес, конституциялық тең мүмкіндіктер қағидатының нақты жүзеге асуы. Сондықтан ғылым саласында қызмет ететін әйелдерге кәсіби қолдау көрсету, ғылыми ортаға қыз-келіншектерді көбірек тарту, талантты зерттеушілер шеңберін кеңейту және ғалымәйелдердің күш-жігерін біріктіру мақсат етілді. Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов әйелдер тек отбасының тірегі емес, мемлекеттің зияткерлік тірегі екенін, олардың әрбір ғылыми зерттеуі елдің технологиялық тәуелсіздігіне үлкен үлес қосатынын сөз етті.
– Ғылымдағы әрбір жетістік – жеке адамның табысы ғана емес, ол – тұтас ұлттың интеллектуалдық болашағына салынған инвестиция. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ қыздары білім мен ғылымда әрдайым алдыңғы қатардан көрінді. Бүгін де сол дәстүр жалғасып келеді. Еліміздің мыңдаған ғалым әйелдері медицинада, IT саласында, аграрлық ғылымда, педагогикада, инженерияда еңбек етіп жүр. Біздің аймақтағы жоғары оқу орындарында профессор-оқытушылар құрамының 60 пайыздан астамы – әйелдер. Олардың ішінде 7 ғылым докторы, 60-тан астам ғылым кандидаты, 165- ке жуық PhD, 570-тей магистр бар. Бұл – үлкен интеллектуалдық әлеует. Алайда статистика көрсеткендей, шешім қабылдайтын ғылыми кеңестерде, ірі гранттық жобаларда, халықаралық зерттеулерде әйелдердің үлесі әлі де жеткіліксіз. Бұл жерде мәселе тек гендерлік теңдікте емес. Бұл – бәсекеге қабілеттілік, ұлттық мүдде мәселесі. Қазақ халқы ежелден білімді жоғары бағалаған. «Білімді мыңды жығады» деген сөз – жай мақал емес. Бұл – біздің ұлттық кодымыз. Ал әйел – дәстүрімізде тек отбасының ғана емес, ұлт тәрбиесінің өзегі. Бүгін сол рухани миссия ғылым саласында жалғасып отыр. Ғылымдағы әйел – табандылықтың символы. Ол күмәннен қорықпайды. Ол қателіктен сабақ алады. Ол нәтиже үшін тоқтамайды. Бұл – нағыз кәсіби мінез, нағыз зерттеушілік рух. Сондықтан Amanat партиясы әйелдердің ғылымдағы, инновациядағы және басқарудағы белсенділігін стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Сондықтан да партия жанындағы Әйелдер қанатының «Ғылымдағы әйел» бастамасы соның айғағы. Өткен жылы өңірімізде алғаш рет ғылыммен айналысатын әйелдердің қатысуымен дөңгелек үстел және тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Бұл – диалог бастамасы. Сонымен қатар өңірдегі әйел ғалымдардың энциклопедиясын әзірлеу қолға алынды. Бұл – олардың еңбегін жүйелеу ғана емес, болашақ ұрпаққа үлгі қалдыру. Алдағы сәуір айында «Ғылым Talks» кейсплатформасын ұйымдастыру жоспарлануда. Біз тек пікір алмасып ғана қоймай, нақты шешімдерге жол ашамыз. Ғылымдағы әйелдерді қолдау бұл – конституциялық құндылықтарды іске асыру. Қолданыстағы Конституцияда «ғылым – инновация» деген сөз жоқ. Онда тек Сот судьялары, Үкімет мүшелері, Парламент депутаттарына қатысты ғылыми жұмыспен айналысуға болатындығы ғана жазылған. Жаңа Конституцияда ғылым мен инновация мемлекеттің басым бағыты ретінде айқын бекітілді. Бұл – үлкен тарихи қадам. Неліктен бұл маңызды? Өйткені, XXI ғасыр – білім мен технология ғасыры. Экономиканың күші – табиғи ресурста емес, интеллектте. Ғылымы мықты елдің экономикасы да, егемендігі де берік болады. Дамыған елдердің тәжірибесіне қарасақ, Германия Конституциясында ғылыми еркіндік тікелей кепілденген. Оңтүстік Корея ғылым мен технологияны ұлттық дамудың тірегі ретінде бекітіп, қысқа мерзімде аграрлық экономикадан жоғары технологиялы мемлекетке айналды. Финляндия білім мен зерттеу еркіндігін Конституциялық деңгейде қорғау арқылы әлемдік білім рейтингтерінде көш бастады. Бұл мысалдардың ортақ сабағы бар, ол ғылым декларация емес, ол – жүйелі саясат. Қазақстан да осы жолды таңдады. Мемлекет ғылыми зерттеулерге кепілдік беріп отыр. Бұл – бүгінгі ұрпақ үшін ғана емес, ертеңгі буын үшін жасалған шешім. Егер жастар өз елінде өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндігін көрсе, олар шетелге кетпейді, олар өз болашағын Қазақстанда құрады. Жаңа Конституция бізге жаңа мүмкіндік берді. Енді сол мүмкіндікті нақты нәтижеге айналдыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Ғылыми қуатты ел – болашағы берік ел. Ал ғылымдағы әйелдің дауысы күшейген сайын қоғам әділеттірек, өркениеттірек және бәсекеге қабілетті бола түседі, – деді Дауыл Ыңтықбайұлы.
Конференция барысында ғылымдағы әйелдердің ғылыми-әдістемелік мүмкіндіктерін дамыту, әйел ғалымдардың көшбасшылық және тәлімгерлік мектебін қалыптастыру, тарихтағы ғалым-әйелдердің ізі және гендерлік зерттеулердің маңызы, цифрлық дәуірде жасанды интеллект, IT, STEM және технологияларды енгізудегі әйелдердің рөлін кеңейту тақырыптары талқыланды. Amanat партиясының облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Айман Әшімова жүргізген конференция барысында жаңа Конституция жобасындағы ғылым және инновацияға қатысты нормалар түсіндірілді. Ғылым университет қабырғасынан басталатыны белгілі. Жас ғалымдар, зерттеулер, идеялар – бәрі осы ортада қалыптасады. Сондықтан айтулы жиында қозғалған тақырыптар аясында өңіріміздегі іргелі жоғары оқу орындарының ғалымдары баяндама жасады. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Басқарма төрағасы-Ректор Ляззат Еркінбаева «ғылымдағы әйелдердің академиялық көшбасшылығы және университеттік қолдау тетіктері» тақырыбында ой қозғады. Қазақ Ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университеті Басқарма төрағасы – Ректор Кәмшат Түсіпова экологиялық қауіпсіздік турасында мәлімдеме жасады.
Ғылымда жетістікке жету жолдары мен қиындықтары туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Әлеуметтік психология» кафедрасының профессоры Рысты Керімбаева сөз сөйлейді. Экологиялық зерттеудегі жетістіктерімен және тәжірибесімен Қазақ Ұлттық Су шаруашылығы және ирригация университетінің Экология және тіршілік әрекеті қауіпсіздігі білім беру бағдарламасының жетекшісі Анар Жұмаділова бөлісті. Ғылымның ең шынайы тұсы – зертхана, онда нәтиже бірден шықпайды, бірақ дәл сол жерде тәжірибе жиналады. Қателік те, күмән де, қайта бастау да – бәрі сол ортада шыңдалады. Бұл жөнінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті Аквакультура ғылыми-зерттеу орталығының директоры Венера Арыстанғалиева баяндады. Ғылымға кадр дайындау мектептен басталатынын, балалардың зерттеушілік қабілетін ерте кезеңнен қолдау мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарды облыс әкімдігі білім басқармасының «Жамбыл Дарыны» аймақтық ғылыми-практикалық орталығының директоры Майра Есеналиева мәлім етті.
Партияның Әйелдер қанаты университеттер мен мектептер арасында ғылыми сабақтастықты күшейтуде жоспарлаған жобалары жөнінде Өңірлік Әйелдер қанатының «Ғылымдағы әйелдерді қолдау» бағытының сарапшысы, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің Комплаенс-қызметінің басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Орынқыз Жолдасова сөз сөйледі. Конференция соңында қатысушылар ойпікірлерін ортаға салды. Айтылған ойлар – жеке тәжірибе ғана емес, конституциялық жүзеге асырудағы нақты қадамдар болмақ. Өйткені, жаңа конституциялық өзгерістер ғылымды қолдауға айқын бағыт беріп отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
100 үздік колледж студенті анықталады
- 24 ақпан, 2026
Жас ізденімпаздар жоғары оқу орнына жолдама алды
- 23 ақпан, 2026
Ақпарат
Нарша
- 2 наурыз, 2026
Жамбылдың жауһар жырлары
- 26 ақпан, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




