«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

төтенше жағдай төнгенде...

төтенше жағдай төнгенде...
ашық дереккөз
төтенше жағдай төнгенде...

«Шайқорық» темір жол стансасында авариялық құтқару, өрт сөндіру және медициналық қызметтер, басқа да тиісті салалар мамандарының «Вагондардың жолдан шығуына байланысты темір жол көлігіндегі техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға өзара әрекеттестік» атты арнайы тактикалық оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылды. Аталған жиын барлығы 69 адамның қатысуымен және 15 техника мен өрт сөндіру, қалпына келтіру пойызының көмегімен өтті. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мақсат Қосыбаевтың айтуынша, мұндай іс-шара қызметкерлердің тәжірибесін толықтырып, олардың өздеріне жүктелген міндетті тиісті деңгейде атқаруына ықпал етпек. – Осы оқу-жаттығуды өткізудегі басты мақсат – төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша іс-қимылды, мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің ұйымдастыру қызметін одан әрі жетілдіру, темір жол көлігіндегі аварияларға байланысты басқару органдарының, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының оқыс оқиға орын ала қалған жағдайда сақадай сай тұруын қамтамасыз ету, – дейді Мақсат Амантайұлы. Жалпы, аталған оқу-жаттығу барысында сала мамандары жолаушылар және жүк тасымалы пойызының қақтығысып қалуынан туындаған апатты еңсерді. Әуелі оқиға орнына өрт сөндіру және қалпына келтіру пойыздары келіп жетті. Аварияны жою басшысының өкімімен арнайы әскерилендірілген күзет қызметкерлері апат орнын қоршады. Жүктелген міндеттеріне сәйкес, шұғыл түрде зақымдалған электр желісін өшіру, авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін рұқсат алу құжаттарын дайындау бойынша жұмыстар ұйымдастырылып, бекітілген жылдамдықта пойыздардың қозғалуын қалпына келтіру үшін жолдар тазаланды. Бұдан кейін, арнайы техникалар мен жұмысшылар темір жол магистралін қалпына келтіруге жұмылдырылды. Жедел түрде штаб құрылып, құтқару бөлімшелері барлау жұмыстарын жүргізді. Олар жанған цистернаны суыту мен жолаушылар вагонын қорғау жұмыстарына шұғыл кірісті. Осылайша зардап шеккендер сыртқа шығарылып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жаттығу соңында атқарылған жұмыстар мұқият талдаудан өтіп, темір жол көлігінде авариялар туындаған кездегі жою бойынша арнайы және құтқару бөлімшелерінің әрекеті сарапталды. Нәтижесінде жергілікті басқару органдарының дайындығына оң баға берілді.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар