Жылу қазандығы пайдалануға берілді

Жылу қазандығы пайдалануға берілді
ашық дереккөз
Жылу қазандығы пайдалануға берілді

Бүгінде өңіріміздің жылу өндіруші кәсіпорындары алдағы қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалу үстінде. Бұл жөнінде БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз турында кеңінен айтылды. Биыл Асқаров көшесінің бойына орналасқан №217 қазандық заманауи электрондық басқару жүйесіне көшірілген екен. Былтыр мұнда Германияда жасалған екі қазандық орнатылыпты.

«Жамбыл-жылу» МКК өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Гүлнар Нұрпейісова журналистерді кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен жан- жақты таныстырып өтті. Оның айтуынша, мұндағы әрбір құрылғы жұмыс істеу барысында күніне 1000 текше метр табиғи газ үнемделуін қамтамасыз етеді. Қазандықтарды қайта жаңғырту инвестициялық жобасының жалпы құны 70 миллион теңгені құраған. Қазіргі таңда аталған қазандықтар жүйесі жылыту маусымына сақадай сай әзір. Осылай 18 нысан мен 13 көппәтерлі үйді жылумен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік туып отыр. Іс-шара барысында журналистер сала мамандарымен бірге Байзақ ауданы, Үлгілі ауылы, Үлгілі орта мектебінде болып, осында жақында іске қосылған жаңа қазандықтың жай-күйімен танысты. Анығырақ айтсақ, бұл қазандық құрылғысының республикада баламасы жоқ десе де болады. Оның көлемі кіші, қысымы 0,6 мегапаскаль ғана болғанмен, сағатына 190кВт жылу энергиясын бөледі. Бұл 800 бала оқитын мектепті жылытуға әбден жетеді. Тіпті Мәдениет үйін қоса жылытуға да болады. Қазандықтың газбен жұмыс істеуі көмір тасымалдау әбігерінен де құтқарады әрі көмір сақтау қоймасының да қажеті жоқ. – Алдағы уақытта ауылдық Мәдениет үйінің де қатты отынға арналған қазандығын газбен жылыту жүйесіне ауыстыру жоспарлануда. Жобаның құны 63 миллион теңгені құрап отыр, – деді бұл тұрғыда Г. Нұрпейісова. Ал «Қант зауыты» аумағында, «Қарасу», «Қаратау» шағын аудандарындағы жалпы ұзындығы 1200 шақырым аумақты құрайтын жылу жүйелері бойынша инвестициялық жоба аясында 27 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылған. Сондай-ақ инвестициялық бағдарлама бойынша жылу жүйелерінде ақау болған жағдайда оны тез арада қалпына келтіру мақсатында экскаватор тиегіштің жаңа маркасы және ескірген газ құрылғыларын ауыстыру үшін газдың жоғары және орташа қысымын реттегіш жаңа газ пунктері сатып алыныпты. Арнайы техника мен технологиялық құрылғыларға 27 миллион теңге қаражат жұмсалған. Бүгінде техникалық жаңғырту жұмыстарын жүргізу мен экологиялық маңызы тұрғысынан қатты отыннан табиғи газға көшудің тиімділігі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан кәсіпорын тұрғындарға қажетті жағдайлар қарастыруда. Себебі газды пайдалану көмірден бөлінетін буды азайтуды да көздейді. Қатты отыннан бөлінетін будың көлемінен газдан бөлінетін бу 1,7 есе, ал мазуттан 1,4 есе аз. Ал газбен жағылатын қазандықтан бөлінген көмірқышқыл газы көмірмен жағылатын қазандыққа қарағанда едәуір төмен екені де белгілі. Сондықтан көмірмен жағылатын қазандықтардың газбен алмастырылуы тұрғындар тығыз орналасқан өңірдегі экологиялық жағдайды да едәуір жақсарта түспек. Іс-шара барысында көңілімізге түйген бір ой осы болды.

 

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Ұқсас жаңалықтар