Қыстан қысылмай шығамыз ба?

Қыстан қысылмай  шығамыз ба?
ашық дереккөз
Қыстан қысылмай шығамыз ба?

Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұйымдастырған кезекті баспасөз туры «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-на қарасты «Северная» қосалқы стансасы базасында өтті. Бұл жолы БАҚ өкілдері ұсынылатын электрмен жабдықтау қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталған инвестициялық бағдарлама мен басқа да жөндеу жұмыстарының іске асырылуы барысымен танысты.

Баймаханбет АХМЕТ

Серіктестік бұдан он тоғыз жыл бұрын «Жамбыл электр тарату компаниясы» акционерлік қоғамының мүліктік кешені негізінде құрылған. Мекеменің қызмет көрсету аумағы 144,2 мың шаршы километрді құрайды. Оның құрамына Тараз қалалық және 12 аудандық электр жүйесі мекемесі, сондай-ақ электр желілері мен қосалқы стансалардың негізгі қондырғыларын жөндейтін 7 орталықтандырылған өндірістік қызмет те кіреді. Аталған салада биыл барлық деңгейдегі кернеулік бойынша 1586,1 километрлік электр таратқыш желілері мен жалпы қуаты 180,371 МВА болатын 329 дана қосалқы станса қондырғыларын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Бүгінгі күні бұл жұмыстар 100 пайыз көлемінде орындалып та отыр екен. Департамент басшысы Ерболат Дүйсембиев биыл серіктестік жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржыны толықтай игеріп, жоспарды 103,5 пайызға асыра орындағанын атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпорын бұдан тыс инвестициялық бағдарлама аясында 2016 жылы 701,9 миллион, 2017 жылы 910,4 миллион теңгенің жұмыстарын жүзеге асырыпты. Атап айтқанда, «Северная», «Қаратау-1», Рысбек, «Южная» қосалқы стансаларында тиісінше бірқатар қондырғылар алмастырылып, жаңғыртылған. Ал биыл серіктестік бойынша бірқатар аумақта жалпы сомасы 812,7 миллион теңгені құрайтын инвестициялық бағдарлама аясында қосалқы станса қондырғыларын жаңарту, кернеуі 6-10 кВ кабель желілерін қайта жаңғырту, ағаш бағандарды темір-бетонды бағандарға және жалаң сымды оқшауланған сымға ауыстыру секілді тірліктер тындырылған. «ЖЭЖ» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімі басшысының орынбасары Жандос Сембиев пен «Северная» қосалқы стансасы басшысының орынбасары Самат Орымбаев журналистерге өздерінде атқарылған жұмыстар жөнінде айтып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қысқасы, кәсіпорынның құрылымдық бөлімшелерінің күзгі-қысқы маусымға дайындығы талап деңгейінде. Бұл ретте биыл Меркі аудандық электр жүйесі мен «Ново-Воскресеновка» қосалқы стансасы өндірістік базалары газбен жылытуға көшірілгенін атап өту жөн. Мұндай іс «Шу-110» стансасында да қолға алынуда екен. Жоспарлы іс-шаралардың толық көлемінде орындалуы саланың 2018-2019 жылдардағы күзгі-қысқы маусымға ешқандай апат жағдайынсыз жұмыс істеуге өтуіне жол ашып отыр. Сондай-ақ қалалық және аудандық электр жүйесі мекемелерінің барлығында да кенеттен туындауы ықтимал апаттық жағдайларды қалпына келтіру мақсатында жедел қызмет көрсету бригадалары құрылып, жұмыс істеуде. Ықшам топтар тәулік бойы қызмет көрсетеді. Тиісінше автокөлікпен, диспетчерлік орталықпен радиобайланысымен, қорғаныш қондырғыларымен жеткілікті жарақтандырылған. Аталған іс-шара журналистер қауымының өңірімізді электр қуатымен қамту ісінің қыр-сырына жете қанығуына мүмкіндік беруімен де құнды болды.

Ұқсас жаңалықтар