Сіздің мамандығыңызға сұраныс бар ма, жас түлек?

Сіздің мамандығыңызға сұраныс бар ма, жас түлек?
ашық дереккөз
Сіздің мамандығыңызға сұраныс бар ма, жас түлек?

Қазір не көп, оқу орны көп. Тараздың өзінде үшеуі бар. Ал колледждерді айтып тауыса алмайсың. Орта арнаулысы бар, жоғарысы бар, жыл сайын мыңдаған жас оқу бітіреді. Сол мамандарға дипломына сәйкес жұмыс табылып жатыр ма? Егер табылмаса, 4-5 жыл бойы табанын тоздырып, университетте неге оқыды? Биыл қанша жас маман диплом алды? Ол қағазы қаншалықты кәдеге жарады? Біз осы мәселені жан-жақты зерделеп көрген едік.

Мәліметке сүйенсек, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін биылдың өзінде 1426 студент бітірген екен. Олардың 1278-і жұмыс тауып үлгеріпті. Бұл – жалпы түлектердің 72,8 пайызын құрағанмен, ол әлі толық мәлімет емес. Екі айдың ішінде бұл көрсеткіш жоғарылауы мүмкін. Университет түлектерінің 208-і грант жүйесімен оқыса, 1218 студент ақылы негізде білім алған. Жалпы осы мамандық мәселесіне келгенде ойлану керек-ақ. Жасыратыны жоқ, көп түлектер не заңгер, не мемлекеттік қызметші болып, жайлы кабинетке топ ете қалсам, жақсы айлық алсам деп армандайды. Ата-анасының да көксегені сол. Сөйтіп, әлгі оқудың ақысын соңғы сиырын сатса да төлейді. Арғы жағында «Балам дипломын алған соң, ең кемі ауыл әкімі болады» деген ниет қой олардың үмітін жалғап тұрғаны. Елбасы 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Әлемде кезекті Төртінші өнеркәсіптік революция басталды. Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлдем жаңа саланың пайда болуына алып келеді» деп атап көрсеткені белгілі. Жалпы қазіргі кезде мамандар әмбебап болуы қажет. Өз кәсібі бойынша жұмыс табылмаған жағдайда еңбек нарығында сұраныс бар кәсіптік-техникалық мамандықтарды игеріп, табыс табуға ұмтылу керек. Ұлт Көшбасшысы жастарды заманға сай, жаңашыл, талапшыл, ізденімпаз, іскер болуға шақыруда. Ал жастар уақыт ағымына қарай қалай әрекет етуде? Жастарға сұраныс көп кәсіпті игеруге бағыт беруде М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да мақсатты шаралар жүргізілуде. Аталған университеттің кәсіби даму және карьера орталығының сектор жетекшісі Жанар Ибрайымованың айтуынша, талапкерлерге мамандық таңдауда дұрыс кеңес берудің арқасында қазіргі таңда ақпараттық жүйе, математика және физика, есептеу технологиясы және бағдарламалау, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болуға ұмтылатындар қатары артқан. Жалпы алғанда бүгінгі таңда ТарМУ-дың 7 факультетінде 60 мамандық бойынша мамандар даярланып жатқан көрінеді. – Биыл біздің университетті 1526 түлек бітірді. Бұл – аз емес. Олардың еңбекке араласып, жақсы маман атанғаны бізге абырой. Сондықтан жыл бойы үздіксіз жұмыс жүргіземіз. Әуелі университетімізді бітірушілердің толық базасын түземіз. Содан кейін Тараз қаласы мен аудандық жұмыспен қамту орталықтары арқылы мекемелер мен құрылымдарға, шаруашылықтарға, өндіріс орындарына қажетті мамандарға талдау жасаймыз. Қазір жұмысшы мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары көп. Дегенмен университетті бітіріп дипломын алғандар жұмысшы болғысы келмес. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша мал дәрігері мен мейірбике мамандықтарына сұраныс жоғары. Біз түлектерімізді жұмыспен қамту үшін жыл бойы тынбай жұмыс жүргіземіз. Дөңгелек үстел ұйымдастырып, «Түлектер тақтасын» әзірлеп, оларға қажетті бағдарламаларды көрсетіп қоямыз. «Карьера апталығын» өткіземіз. Танымымды дамытамын деген студенттерді күшейтілген ағылшын тілі, кибер қауіпсіздігі, компьютердің терең бағдарламалары, медиасауаттылық курстарында тегін оқытамыз. Оған оқытушыларымыз да қатысады. Соның нәтижесі шығар, жыл сайын түлектеріміздің шамамен 80 пайызға жуығы жұмысқа орналасады. Мәселен, 2016 жылы бітірген 1786 түлектің – 77, былтыр бітірген 1510 түлектің 79 пайызы өз мамандықтарымен жұмыс істеуде. Мемлекеттің қаржысына оқығандықтан, біз негізінен грант жүйесімен оқығандардың жұмысқа тұруына ерекше назар аударамыз, – дейді Ж.Ибрайымова. Оқу бітірген жас мамандардың жұмыспен қамтылу жайын білу үшін Тараз инновациялық-гуманитарлық университетіне бас сұқтық. Бізді ТИГУ-дің оқу-әдістемелік бөлімінің басшысы Гүлжан Қабылбекова қарсы алды. «Университетімізді биыл 698 түлек 23 мамандық бойынша бітірді. Оның 74 пайызы қазірдің өзінде жұмысқа орналасты деген мәлімет алып отырмыз. Бұл көрсеткіш алдағы айларда 80 пайыздан асады деп болжануда. Жылда солай, ТИГУ-ді бітіргендер жұмыссыз қалып жатқан жоқ. Соның нәтижесі шығар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының еліміз бойынша жүргізген рейтингінде жоғары оқу орындарының ішінде әлеуметтік-гуманитарлық бағыт бойынша үздік 9 университеттің қатарында тұрмыз. Бұл – жақсы көрсеткіш», – дейді Гүлжан Айтжанқызы. Біз Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне де хабарластық. Аталған университеттің академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Асылжан Мәжібаевтың айтуынша, бұл оқу орнында да грант иегерлерін жұмысқа орналастыруға баса көңіл бөлінеді екен. Мәселен, биылғы түлектердің 223-і мемлекеттік тапсырыс жүйесімен бітірсе, қазіргі таңда оның 171-і жұмыспен қамтылып отыр. Департамент директоры «ақылы негізде бітіргендерге жұмыс тауып беру біздің міндетімізге жатпайды», – дейді. Айналып келгенде қып-қызыл ақшасын төлеп оқитындар да соңында жұмыс іздеп табанынан тозып сандалатын болып тұр. Бұл да бір мәселе. Біз мән-жайға қаныға түсу үшін түлектерді де сөзге тартып көрдік. «ТарМУ-ды биыл бітірдім. Соңғы курстың өзінде мамандығым бойынша редакцияларда жарты жүктемемен жұмыс істедім. Қазір облыстық «Жамбыл-Спорт» газетінде тұрақты жұмысым бар», – дейді Элизат Қонысбай. ТИГУ-ді бітірген жас айтыскер Нұрлыбек Құрманов жұмысқа орналасу жағынан еш қиналмағанын айтса, ТарМПУ-ды бітірген Әсел Бұралхиева Қаратау қаласынан жұмыстың реті табыла кеткенін жеткізді. Тараздағы басты-басты колледждерге де қоңырау шалдық. Жамбыл медициналық колледжін биыл 713 түлек бітірсе, оның әзірге біреуі ғана жұмыс тауып, біреуі әскерге кетіпті. Оқуды Жамбыл жоғары политехникалық колледжінде тәмамдаған 472 жас маманның 80 пайызы жұмысқа орналасады деп күтілуде. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің жауапты мамандары бітірушілердің 80 пайызы жұмыс табатынына сенімді. Сондай-ақ «Тараз-Болашақ» медицина колледжінде оқып, мамандық алған 464 түлектің қайда барып, қандай жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Медицина мамандығына сұраныс барын ескерсек, олар да жұмыссыз қалмайтын шығар...

Есет ДОСАЛЫ

Тілші түйіні: Жоғары және арнаулы оқу орындарын бітірген түлектердің жағдайы осындай. Диплом алып, маман болған жақсы ғой. Бірақ сол құжат шаң басып, сандықта жатып қалмауын да ойластыру керек-ақ. Қазіргі кезде қандай оқу орнын бітіргенің маңызды емес. Мәселе өз ісінің шебері атанып, қоғамға тигізер пайдаңда жатыр. Дамушы елдерде қызмет көрсету саласы жақсы дамыған. Соған қарай кәсібін жетік меңгерген шаштараз немесе аспаздың табысы жоғары. Бізде бұл сала әлі өз деңгейіне көтерілген жоқ. Бұл бәлкім жастардың кәсіп игеріп, өзара бәсекелестік тудыра алмай жатқанынан шығар?!

Ұқсас жаңалықтар