«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құлан - қасиет ті де киелі мекен

Құлан - қасиет ті де киелі мекен
ашық дереккөз
Құлан - қасиет ті де киелі мекен

Тарих үшін сексен жыл қысқа ғана мерзім. Алайда осы уақыт аралығында Құлан өңірі бүкіл еліміздегідей талай тарихи оқиғалар мен күрделі өзгерістерді басынан кешірді.

 width=Асқар ҚЫРЫҚБАЕВ, аудан әкімі.

Бұл өңірдің тарихы тым әріден, көне замандардан бастау алатыны мәлім. Деректерге сүйенсек, Құлан – Ұлы Жібек жолы бойында сонау VІІ-VІІІ ғасырларда салынған қала. Содан бері моңғол шапқыншылығын, жоңғар басқыншылығын басынан өткізген киелі мекен ықылым заманнан сыр шертетін тарихи-мәдени жәдігерлерге толы. Осыдан 300 жыл бұрын біздің жерімізге қоныс аударған орыс мұжықтары көкорай шалғынды көріп, таңдайын қағып: «Вот какие луга!» деп тамсанып, Тарты аталып кеткен Құлан қамалы тұрған жерді кейін Луговой деп атаған. Құлан – елінің бірлігі мен тұтастығын ойлаған, жау жағадан алғанда қанды шайқасқа тайсалмай кірген батырлар мен билерді өмірге келтірген өңір. Танабай батыр, Есім би, Тортай би, Тоқсаба би, Құдайберген Бәйетұлы сынды көптеген ел бастаған бабаларымыз халықтың тыныштығын, тұтастығын, ел іргесін сақтап қалған тұлғалар. Құдайберген Бәйетұлына орталық көше бойынан еңселі ескерткіш қойылды. Өткен ғасырдағы Қазан төңкерісінен соң Қазбек Асылов, Шынқожа Омаров, Иса Сұлтанбеков, Әшімжан Нұршанов және басқалары Кеңес өкіметін орнатуға белсене араласты. Қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұлов 1927 жылдың қараша айында «Түркістан-Сібір» жолының алғашқы қазығын Луговой стансасында қағып, митинг өткізді. Осы ғасыр құрылысымен қатар Луговой кенті де жылдам дами түсті. Тұрғын үйлер салынып, жұмыс орындарына тұрғындар көптеп тартыла бастады. Өткен ғасырдың 30-жылдарының басында Құлан өңірі – Луговой аумағы Меркі ауданының құрамында Оңтүстік Қазақстан облысына қарады. Бүгінгі Тұрар Рысқұлов, кешегі Луговой ауданы 1938 жылы 4 наурызда Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен өз алдына шаңырақ көтерді. Бұл – халықтың 30-жылдардағы ашаршылықтан енді құтылып, бірақ саяси куғын-сүргін зобалаңының шарықтап тұрған уақыты болатын. Аудан құрылғанда оның құрамында 27 ұжымшар, 2 кеңшар, 10 ауылдық кеңес болған. Аудандық партия комитетінің хатшысы болып Саудырбаев сайланды. Ел еңсесі енді көтеріле бастаған шақта Ұлы Отан соғысы басталды. 1941 жылдың қаһарлы күндерінде луговойлықтар Кеңес одағы халықтарымен бірге қан майданға аттанды. Жерлестеріміз сұрапыл соғыс даласында өшпес ерліктің үлгісін көрсетті. Ауданнан соғысқа 6535 адам аттанып, соның 3000 мыңға жуығы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Соғыстан кейінгі жылдары ауданымызда ауыл шаруашылығы қарыштап дами бастады. Сол жылдары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. «Восток» колхозының бригадирі Баршын Бетегенова қант қызылшасының әр гектарынан 515 центнерден өнім алып үлгі көрсетті, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне ауданнан депутат болып сайланды. 1947 жылы астықты алқаптың әр гектарынан 31 центнерден өнім алынды. Ауданда егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығы да өркендеді. Мал шаруашылығы өнімдерін өндіруде межелеген жоспар асыра орындалды. Бір ғана Ленин мемлекеттік асыл тұқымды қой зауытынан (қазіргі Р.Сәбденов ауылы) 4 бірдей Социалистік Еңбек Ері шықты. Кеңшар директоры Филиков пен бас механик Чижов, Әбдіманапов пен Дәуітов төсіне «Алтын жұлдыз» тақты. Сондай-ақ «Құттыжан» колхозынан (қазіргі Жақсылық ауылы) Бәйтік Зәуірбеков, Жақсылық Қапалбаев және Кәрібай Абақов ерен еңбектері үшін Социалистік Еңбек Ері атанды. 1954 жылы тың игеру жұмыстары ауданда да қарқынды жүргізілді. Әбілхайыр мен «Қорағаты» тыңына соқа түсіп, «Подгорный» және «Қорағаты» кеңшарлары құрылды, нәтижесінде егістік жер көлемі бір жарым есеге дейін өсті. «Подгорный» кеңшарының директоры Николай Иванович Голик Социалистік Еңбек Ері атанды. «Ердің атын еңбек шығарар» дегендей, ауданда 1948-1970 жылдар аралығында 21 адам Еңбек Ері атағына ие болып, ондаған адамдар орден, медальдармен марапатталды. №97 жылқы зауыты өзінің Абсент атты сәйгүлігімен Рим Олимпиадасының чемпионы атанып әлемге әйгілі болды. 1962 жылы партия мен үкімет экономикасы әлсіз шағын колхоздарды біріктіріп үлкен шаруашылықтар құру туралы қаулы қабылдайды. Ауданда кішігірім шаруашылықтардың негізінде 8 колхоз, 6 совхоз және 16 ауылдық кеңес құрылды. 1970-80 жылдар аралығында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы ерекше қарқын алды. 1978 жылы аудан астықтан мол өнім алды. Егілетін егіс алқабы 130000 гектарға жетіп, мал басының саны да едәуір артты. Әлеуметтік салада да көптеген игі істер атқарылып 4 мектеп, 3 балабақша, 3 медпункт, 1 кинотеатр салынып халық игілігіне ұсынылды. Ауданымызда осы жылдары ауыл шаруашылығымен қатар, өнеркәсіп, көлік, коммуналдық шаруашылық, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салалары дами түсті. Жөндеу механикалық зауыты, май зауыты, тоқыма фабрикасы іске қосылып, өнім шығара бастады. Құрылыс мекемелері ашылып, аурухана, мектеп, тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізілді. 1988 жылы ауданымыз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде облыс бойынша алдыңғы қатарға шығып, мемлекетке миллион пұттан астам астық тапсырды. «Подгорный», «Алғабас», «Луговой жылқы зауыты», Карл Маркс атындағы шаруашылықтар астық өндіруде толағай табыстарға ие болды. Социалистік Еңбек Ері Рахым Сәбденов, Ленин орденінің иегерлері, іскер ұйымдастырушылар Бектенбай Қойшыманов, Төлеген Ахтанбердиев, Шәуе Сәлімбаев, Сәлімбай Парманов, Әуесхан Әміреқұлов, Иван Афанасьевич Финько, Артур Кондратьевич Роккель, Кершайыз Мырзалиев, Дүйсеналы Тәжібаев, Тілеулес Балпанов, құқық қорғау органдарында қызмет еткен Шойбек Қалқабаев, Минавар Бүркітбаев, Тұрысбек Тасыбеков, білім саласындағы Кеңес Жәкібаев, Қапыш Құнанбаев, Қызылпан Сұлтанбеков, Әнуар Шәймерденов, денсаулық саласындағы Ақылбай Исаев, Сегізбай Рахманбердиев, Мәді Ильясов, Қырғызбай Дәулетов, қызмет көрсету саласынан Омар Сейфуллин, механизаторлар Көпен Қилыбаев, Келіс Нүсіпәлиев, Байғұтты Икрашев және басқаларының есімдерін кейінгі ұрпақ өнеге тұтады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне екі дүркін депутат болып сайланған Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған әйгілі сауыншы, ферма меңгерушісі Алмагүл Әбдірайымованы бүкіл ел таныды. 1980 жылдардың соңы мен 90-шы жылдардың басындағы дағдарыс халыққа оңай тиген жоқ. Халқымыз ғасырлар бойы армандап өткен тәуелсіздік таңын біз осындай қиын кезеңде қарсы алдық. Бұрынғы шаруашылықтар тарап, ұсақ шаруа қожалықтары құрылды, мәдениет ошақтары, балабақшалар жабылды. Алайда мұның уақытша қиыншылықтар екенін, еліміздің 5-7 жылдан соң өркендеу жолына түсетіндігін көрегендікпен айтқан Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың саясатын қолдаған халықтың сенімі ақталды. 1990 жылдардың соңында ел экономикасы қайта еңсесін тіктеді, халықтың тұрмысы түзелді. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Луговой ауданы 1999 жылы 11 наурызда алаштың біртуар ұлы, мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың атымен қайта аталды. Орталық алаңға оның еңселі ескерткіші қойылды. Еліміздің әлеуетін, оның қуатының қаншалықты артқанын аудан жұртшылығы 2003 жылғы болған зілзала зардабын жою кезінде анық сезінді. Аудан тұрғындарының басына түскен бұл ауыртпалықты бүкіл қазақстандықтар бірге көтерді. Небәрі 4-5 айдың ішінде 2724 тұрғын үй қайта салынып, 4758 үй күрделі жөндеуден өткізілді, 3 мектеп жаңадан салынды. Басқа да әлеуметтік нысандар қысқа мерзім ішінде қалпына келтірілді. Зілзала зардабын жою Елбасының тікелей қадағалауында болып, сол кездегі облыс әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің үлкен ұйымдастырушылығының арқасында жүзеге асты. Ауданымызды әр жылдары басқарып, оның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосқан бірінші басшылардың есімін келер ұрпақ біліп жүруі тиіс. Рахманалы Медеулов, Сейілхан Аққозиев, Әміре Тлепов, Василий Гордеевич Кравчук, Ташболат Байталиев, Әлмұхан Исақов, Халил Бейсеев, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Сағынхан Әміреқұлов, Сәбит Садықов, Санақ Әбеуов, Үсібәлі Халиев, Қасымхан Төлендиев, Ержанбек Нұрбеков, Бақытжан Нұркенов, Абдалы Нұралиев, Жарылқасын Айтақов және басқалардың есімін аудан тұрғындары ерекше ілтипатпен атайды. Аудан негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Биыл аудан еңбеккерлері ерен еңбектерінің нәтижесінде индикаторлық көрсеткіштерді орындауда облыс бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар көлемі жыл сайын ұлғайып, аудан шаруашылықтарының тұтыну көлемі де артуда. Бүгінде Т.Рысқұлов ауданындағы 15 ауылдық округте 65 мыңнан астам халық бар. Ауданда 20-дан астам өзге ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Оның 93,4 пайызы қазақ ұлты болса, 6,6 пайызы өзге ұлт өкілдері. Ынтымақ пен бірлікті ту еткен құландықтар ел игілігін еселеуде өз үлестерін қосуда. Өткен жылы жалпы шығарылған өнім көлемі – 45 миллиард 836,6 миллион теңгені құраса, 2018 жылы жоспар бойынша 47 миллиард 306,8 миллион теңге болады деп күтілуде. Өнім өндіру көлемінің құрамында өнеркәсіп саласының үлесі өткен жылы 15,7 пайыз болса, ағымдағы жылы 25,7 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі – 56,7 пайыз болса, биылғы жылы – 58,9 пайыз, тауарларды, қызметтерді өткізу көлемі – 6,4 пайыз болса, 10,1 пайызға арттыру жоспарлануда. 2018 жылғы аудан бюджетінің кірістері 11 миллиард 692 миллион 416 мың теңгені құрайтын болады. Аудан бойынша тіркелген 1401 шаруа қожалықтарының 1221-і жұмыс атқаруда. 2017 жылдан бастап Құлан ауылында «Astana Food Storage» ЖШС жылына 40 мың тонна өнім беретін аумағы 1000 гектар үдемелі жеміс-жидек бағын отырғызу жұмыстарын бастады. 2017 жылы 200 гектар жерге шие ағашы отырғызылды. Аудан көлемінде 23 мал бордақылау алаңы бар. Осы мал бордақылау алаңдарында 4650 мүйізді ірі қара, 780 жылқы, 4150 қой, 9770 шошқа семіртілуде. Ауданда 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылған. 2018 жылы ауданның өнеркәсіп саласындағы өнімі мен көрсетілген қызмет көлемі 7 миллиард 962,0 миллион теңгеге жеткізу көзделуде. Биыл өнеркәсіп өнімінің көлемін ұлғайту мақсатында екі жоба іске асырылуда. «BioEnergia» ЖШС-на құны 3,3 миллиард теңгеге бағаланатын 4,95 МВТ «Биогаз электр станциясы» жобасын іске асыру мақсатында 20 гектар жер телімі бөлінді. «Aguila Solar» ЖШС Құлан ауылы маңында қуаттылығы 24 МВТ күн сәулесінен электр өндіру станциясын іске қосу үшін жұмыстар жүргізілуде. Жобаның жалпы құны – 16,0 миллиард теңге. Бұл мақсатқа 74 гектар жер телімі бөлініп, бүгінгі күні барлық жобалау құжаттары толық дайындалды. Үстіміздегі жылы кәсіпкерлік саласы бойынша 2990,2 миллион теңгенің өнімін өндіру көзделуде. Ауданда ағымдағы жылы 1 мейрамхана, 3 асхана, 1 ТЖО, 5 дүкен, 1 автобөлшек дүкені, 1 көкөніс қоймасы және тағы басқа кәсіпкерлік нысандар пайдалануға беріледі. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 2017 жылы 189 тыңдаушы оқу курсынан өтіп, 47 адам өз жеке кәсібін ашып, жұмыс істеуде. Ағымдағы жылы 240 тыңдаушыны оқу курсынан өткізу жоспарлануда, 53 адам жеке кәсібін ашпақшы. Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 6,6 миллиард теңгені құрады. Бұл 2017 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 947,3 миллион теңгеге артық. Бүгінгі күні Құлан ауылында сыйымдылығы 2470 орындық 5 мектепте 1-11-сынып және мектепалды даярлық балаларын қосқанда 4095 оқушы дәріс алуда. Ауданда 58 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде. Елді мекендердегі мәдени ошақтардың 21-і – мәдениет үйлері мен клубтар, 36-сы кітапхана, біреуі кинотеатр. Барлық мекемелер Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы нәтижелі жұмыстар атқаруда. Ауданда 150 спорт нысаны бар. Ағымдағы жылдың маусым айында Құлан ауылынан 160 адамды қамтитын дене шынықтыру, сауықтыру кешені қолданысқа берілді. Қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Қазақ, орыс, өзбек, қарашай этномәдени орталықтары жұмыс істейді. Жыл сайын мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ұлтаралық және конфессияаралық достықты нығайтуға қаржы бөлініп, оларға қолдау, демеу көрсетіліп келеді. Ауданымыздағы елді мекендерді көріктендіру, көгалдандыру және абаттандыру бағытында көптеген игі жұмыстар қолға алынды. Аудан орталығынан Ауған соғысы ардагерлерінің аллеясы ашылса, Құлан ауылының кіреберісінде Дендросаябақ тұрғындарға қызмет көрсетуде. Басқа да аллеялар соғылып, заманауи үлгіде жарақтандырылуда. 65 мыңнан астам тұрғыны бар ауданымызда 20-дан астам ұлт өкілдері бар. Мұнда орныққан ұлтаралық келісім мен ынтымақты сақтау, нығайту жолында ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысын ерекше атап өткен жөн. Жерлестеріміз, танымал ғалымдар, академик Ғани Қалиев, Сағымбек Игісінов, Сейтхан Жошыбаев, Өмірхан Әбдиманов, Қанат Әбіқұлов, Есенбай Әлпейісов, Серік Тәжібаев және басқа да 30-ға тарта ғылым докторлары еліміздің ғылым саласында өзіндік орны бар азаматтар. Республикалық құқық қорғау органдарында жемісті қызмет етіп жүрген генералдарымыз Жеңіс Жұманбеков, Нартай Дүтбаев, Нұржан Мырзалиев сынды ауданымыздың айтулы азаматтарына қарап кейінгі ұрпақ бой түзейді. Елімізді әлемге танытқан Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов, Олимпиаданың күміс жүлдегері Ислам Байрамуков пен Елдос Сметов, қола жүлде алған Ақжүрек Таңатаров, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері Әділет Дауланбаев, ел және Азия чемпионы Ақерке Наурызбаева мен Азия ойындарының чемпионы Адина Қалдыбайды республика жұртшылығы құрметтейді. Ал енді республикаға белгілі өнер саңлақтарымыз, әншілер Досымжан Таңатаров, Гүлмира Ақүрпекова, Тахмина Әшімбекова, Асхат Қылышбеков, Руслан Мамытов, театр және кино актерлері Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбаев, сазгер Нұрлан Байгөзевті мақтан етсе, марқұм публицист Басқар Битанов пен сазгер Мэльс Өзбековтің, ақын Кәріпжан Нүсіптің өлеңдері мен шығармаларына көрермен ыстық ықыласпен қол соғады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Қуандық Шолақтың, Шырын Мамасерікованың жыр шумақтарын оқырман қауым асыға күтеді. Ақиық ақындар Өзбек Ақжолұлы, Әбдіәкім Жәлімбетов, Сыдық Аткелтіров, Қазыбай Бижанов, Әдібай Табылдиев, Қуандық Шолақ, Шырын Мамасерікова, Құлмахан Пірімқұлов, Кәріпжан Нүсіп, Совет Әлімқұлов, Басқар Битанов, Қыдыралы Қойтаев, Сейсен Қожеке, Хамит Есаман, Асхат Қылышбек, Аруна Керімбек, Табиғат Абаилдаев, сазгер Мэльс Өзбеков, Жаңбыршы Үсейінов, Нұрлан Байгөзов, Жорабек Әбдікерімов, Гүлнұр Өмірбаева, Василиса Омарова, Мейіржан Самылтыров, Әбдіқадыр Оңалбеков, күйші-сазгер Тәттімбет Сасайұлы, күйші әрі ақын Төребек Әбдікерімов, театр мен өнер қайраткерлері Бақытжан Әлпейісов, Жалғас Толғанбаев, Жандарбек Садырбаев, Азамат Сатыбалды, биші балерон Досжан Табылды, әншілер Гүлмира Ақүрпекова, Тахмина Әшімбекова, Досымжан Таңатаров, Сайлау Бердіқожаев және тағы басқаларды жұртшылық мақтан тұтады. Тарихы мол Құлан өңірі – еліміздің қасиетті де киелі өңірі. Осы өңірдің тарихын, әр ауылдық округтің құрылуы мен атақты ұл-қыздарының еңбегі мен ерлігін жас ұрпаққа үлгі етіп көрсету мақсатында таяуда «Жаңарған өңір» атты энциклопедиялық кітап жарыққа шығатын болады.

 

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар