Облыс орталығы тұрғындарының басым бөлігі шағын аудандарда тұрады. Мәселен, Тараз қаласы әкімінің №8 аумақтық округіне қарасты 3-«Жайлау», 4-«Салтанат», 6-«Талас», 7-«Самал» және 9-«Мыңбұлақ» шағын аудандарында 207 көп қабатты тұрғын үйде 53064 адам тұрып жатыр. 35 мекеме мен ұйымдар, 3 өнеркәсіп, құрылыс, көлік, энергетика кәсіпорындары, 7 мектеп пен 11 балабақша, екі-екіден емхана, кітапхана, мешіт, медресе орналасқан. 9 қаржы мекемесімен қатар, спорт мектебі де бар. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да аз емес. Бес бірдей шағын ауданда бір-бірден полицияның тірек пунктері орналасқан. Бизнес нысандары дегеніңіз жетіп артылады. Қоғамдық көлік қатынасында мәселе жоқ.
Бір қарағанда, адамның күнделікті тыныс-тіршілігі үшін бар жағдай жасалғандай. Халық көп шоғырланған шағын аудандарды аралап, көңілге түйе келе, бірқатар шешімін күткен мәселелерге кезіктік. Бірінші көзге түскені – кейбір көп қабатты үйлердің көздің жауын алатындай жаңғырып шыға келгені мен сондай үйлердің дәл іргесінде бетон сылақтары түсіп, шатыры кетіп, жөндеуін күткен көп қабатты тұрғын үйлер болды. №8 аумақтық округтің бас инспекторы Сағындық Үсіпбековтің мәлімдеуінше, Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша биылдың өзінде 3-шағын аудандағы 22-үй, 7-шағын аудандағы 1-үй жертөлесінен бастап, шатырына дейін жөнделіп, жаңартылды, тағы да бірнеше пәтер жөнделді. 9-шағын аудандағы 9 және 11-үйлердің шатырын жауып жатыр. Ал керісінше 4-шағын аудандағы 21, 23, 30, 6-шағын аудандағы 15, 18, 7-шағын аудандағы 8, 9, 19-үйлердің жертөлелеріндегі су және жылу жүретін құбырлары шіріген, шатырлары бүлінгендіктен, жоғары қабаттағы пәтерлерге жауын-шашын күндері су тамшылап, тұрғындар зардап шегуде. Тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасына бірінші кезекте осы көп қабатты үйлерді енгізу қажет-ақ. Бас инспектор бұл үйлердің өткен ғасырдың 70-жылдарының ортасында салынғанын айтады. Одан бері 40 жылдан аса уақыт өтті. Ұзақ мезгіл қыстың ақ түтек бораны мен жаздың аптап ыстығына шатыр да шыдас бермес, темір де тозады. 9-шағын аудандағы тал-дарақтар сарғайып, қурап кеткен. Мұны кеше түскен күзбен байланыстырудың қажеті жоқ. Мұнда арықпен келетін су жетпейді. Жол астына қойылған құбыр шіріп, бітеліп қалғандықтан, бергі беттегі арыққа бір тамшы су тамбайды. Б.Момышұлы мен Шестакович, Саңырық батыр мен Сейфуллин, Саңырық батыр мен Шестакович көшелерінің қиылысындағы су құбырлары шіріп, жермен жексен болып кеткен. Осының салдарынан 10-шағын аудан да сусыз отыр. Мұны ұсақ-түйек деп қарауға әсте болмас. Жол астына салынған су өтетін құбырды тез арада жаңартпаса көне де жаңарған шаһардың бір бөлігі айдың-күннің аманында жасыл желегінен тып-типыл болуы мүмкін. Жазда сая, қыста пана тал-дарақты сақтап қалу қалалық әкімдіктің тиісті мекеме басшыларына сын. Бұл жерде жеке меншік тұрғын үй кооперативі төрағалары да белсенділік танытуы қажет. Су дегеннен шығады, осы арық суына ие болып отырған мекемені көрмейміз. 2-шағын аудандағы 9-үйдің ауласын ауық-ауық су алып жатады. Онда да сол үйдің алдындағы жол бойына қойылған құбырдан су ары өтпейді. Тұрғындар жер астынан жүргізілген электр қуаты желісі атылып кете ме деп шыр-пыр болып жүргені ондайда. Қай шағын ауданда болсын жол әбден тозып, ойлы-шұңқыр болып, опырылып жатыр. Кейбір көп қабатты тұрғын үйлердің алдына жеңіл көлікпен барғанша селкілдегеннен ішек-қарның түсіп кете жаздайды. Бұл да шұғыл қолға алатын түйткілдің бірі. Үлкен жол бойы емес, көп қабатты тұрғын үйлердің арасындағы жолға сонша қаржы да кетпейді. Тек қана қаланың шағын аудандарында тұратын халықтың жағдайын ойлау ғана қажет. Қаланың қай жағында да кездесіп жататын «шайтан базар» мұнда да алдымыздан менмұндалап шыға келді. 3 және 4-шағын аудандардың арасындағы, үлкен жолдың іргесіндегі 4-шағын аудан жақ бетінде және Шестакович пен Б.Момышұлы көшелерінің қиылысындағы жабайы сауданы тоқтатуға әләзір ешкімнің шамасы жетер емес. Екі «шайтан базарда» да ас-ауқаттың түр-түрі ашық аспан астында қалай болса солай сатылуда. Құжынаған көліктен көтеріліп жатқан шаң-тозаң қолқаны қабады. Күнделікті тұтынатын тағам түрлері мен бау-бақша өнімдерінен түрлі ауру, оның ішінде жұқпалы дерт тарап кетпесін деңіз. Біз базарда болғанымызда не қалалық әкімдіктің, не құқық қорғау органдарының бірде-бір қызметкерлерін көре алмадық. 4-шағын аудандағы жаяу жүргіншілер жолының үстінде, аялдаманың тұсындағы «шайтан базарда» сауда көркі қызғалы қашан. Осы жерді тексеріп, сатушыларға шара қолданып жүрген тиісті мекеме қызметкерлерін ешқашан көрген емеспіз. Алайда бас инспектордың сөзіне қарағанда, қалалық әкімдіктің, жергілікті полицияның қызметкерлерімен бірігіп, бірнеше рет рейд жүргізіліпті. Заңсыз сауда жасаушыларға талай рет айыппұл да салынған. Сонда да тосқауыл болмай тұрған көрінеді. Қаланың орталығы емес, бір шетіндегі Шестакович көшесіндегі көлік кептелісі кісінің төзімін тауысып, ығырын шығарады. Күннен-күнге көліктің көбейіп жатқаны бар, көшенің тарлығы бар, кептелісті ретке келтірудің жалғыз жолы көшені кеңейту керек сияқты. Көше бойын ары-бері аралап жүріп, «қызыл сызықтан» аттап кеткен бірде-бір нысан көзімізге түспеді. Жолды кеңейтуге мүмкіндік бар. Егер қала билігі қолға алып жатса, ол да сонша қиын шаруа емес. Осы аумақтық округке қарасты Жансүгіров және Сейфуллин көшелерін демде-ақ кеңейтіп тастаған жоқ па? Шағын аудандардағы тағы бір мәселе – көрінген жерде шашылып жататын қоқыс. Осы аумақтық округке қарасты шағын аудандарда 39 контейнер алаңы бар. – Қоқыс шығарумен «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Күнде ертеңгілік cағат 7-ден бастап тұрмыстық қалдыққа толып қалған контейнерлерден қоқысты алып кетіп жатады. Олар өз жұмысын мінсіз атқарып отыр. Алайда жаз айларында көп қабатты тұрғын үйлердің көптеген пәтерлерінде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тұрғындар құрылыс материалдарының қалдықтарын сыртқа шығарып тастай салады. Ал ереже бойынша ондай пайдаланудан қалған құрылыс материалдарын арнайы полигонға апарып тастау керек, – дейді бас инспектор С.Үсіпбеков. Оның тағы бір алаңдағаны өршіп тұрған пәтер ұрлығы болды. Кәнігі ұрылар пәтерлерді тапа-тал түстің өзінде үптеп кете беретін көрінеді. Бұл полиция қызметкерлеріне сын болғанымен тұрғындардың өздері де аса қырағылық танытулары қажет-ақ. Шынында да қала тазалығына келгенде көп нәрсе тұрғындардың өзіне байланысты. Тұрмыстық қалдықты шығаруға көбіне үлкендер балаларды жұмсайды. Баланың аты – бала. Ойын баласы ойланбай қоқысты үйден шыға көрінген жерге төге салатынын өзіміз де күнделікті көріп жүрміз. Ал тұрмыстық қалдыққа жатпайтын құрылыс материалдарының қалдықтарын полигонға апармайтындар мен әлгіндей қоқыс төгуге бала жұмсағыш ата-аналарды полиция қызметкерлері тәртіпке шақыруы керек. Заң талаптарына сай айыппұл салса, ойланатын шығар. Міне, күзгі санитарлық тазалықтың, көріктендіру, көгеріштендірудің екі айлығы жарияланды. Туған қаламызды күл-қоқыстан арылтып, көгертіп абаттандыруға тұрғындар аса белсенділік танытса дейміз. Мекеме-кәсіпорын ұжымдары тазалық жұмыстарына шығады, алайда бүтіндей көп қабатты үйдің тұрғындары болып, аулаларын қоқыстан аршып жатқанын көрген емеспіз. Бұл жерде жекеменшік тұрғын үй кооперативіне жүктелер жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Кооператив төрағалары әр тұрғынмен жеке-жеке түсінік жұмыстарын жүргізіп, ұйымдастыра білсе тазалық үшін кейбір тұрғындар болмаса, барша жұрт бас тарта қоймас. Алда қыс келеді. Қыркүйек айының басындағы аздаған ызғардың өзі көп қабатты үйде тұратындарды әжептәуір әбіржітіп тастады. Дегенмен ереже бойынша жылу 15 қазаннан бастап берілуі тиіс. Былтыр 9-шағын аудандағы 62-үйге жылу бір апта кеш берілді. Ол жылу жеткізетін монополист компанияның кінәсі емес. Олардың міндеті жылуды жертөледегі элеваторға дейін жеткізу ғана. Ары қарай жертөледен пәтер-пәтерге алу тұрғындардың өздерінің жұмысы. Жекеменшік тұрғын үй кооперативіне кірмеген үйдің тұрғындары жертөледегі жылу жүретін құбырды қысқы науқанға дайындамаған. Оның үстіне жертөлені қаңғыбастар мекендеп, үйдің астын талқандап тастаған. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері тұрғындармен түсінік жұмыстарын жүргізіп, ақыры орталарынан ақша жинап, жертөлені ретке келтіріп, құбыр жөнделіп, жылу беріліпті. Арық-атыздан сылдырап су ағып жатса, жол тақтайдай тегіс болса, «шайтан базары» жабылып, сауда-саттықта өркениетке жол ашылса, тұрғындардың өзі бас болып, тазалыққа баса мән беріп жатса қаланың орталығынан гөрі адам тұруға шағын аудандар қолайлы-ау деп ойлайсың кейде. Онда жоғарыда атап көрсеткеніміздей, мектеп те, балабақша да, денсаулық сақтау мекемелері де, тіпті бизнес те кеңінен қанат жайған. Қаланың қай жағына да қатынайтын автобус бар.
Амангелді ӘБІЛ
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді