Облыс әкімі Асқар Мырзахметов бағаны тұрақтандыру үшін көмір сатумен айналысатын кәсіпкерлерге қатты отынды қазірден бастап сатып алуға кеңес беріп, тұрғындарға қысқа дайындықты ерте бастау керектігін түсіндіруді тапсырған болатын. Өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында әрбір аудан орталықтарында көмір сататын нүктелер ашу керектігі де айтылған. Сондай-ақ қазір отын базаларында қанша қатты отын барын зерделеу қажеттігі де ескертілген еді. Осы мақсатта қаладағы көмір сататын нүктелердегі жағдаймен танысу үшін облыс әкімдігінің баспасөз қызметі арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласында орналасқан көмір сататын 6 нүкте бар екен. Біз солардың бірнешеуіне атбасын бұрдық. Бәрінде дерлік көмір бар, бірақ сатып алушылар некен-саяқ. Отын базаларында қазір сілтідей тынған тыныштық орнаған десе де болады. Алғаш Балуан Шолақ көшесінде орналасқан «Самандар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, мән-жаймен таныстық. Бұл жерге қатты отын Шұбаркөлден жеткізіледі екен. Қоймада 3,5-4 мың тоннадай көмір бар. Бірақ көмір саудалап жатқандарды мүлдем кездестірмедік. «Қазіргі таңда күніне 2-3 көлік қана көмір сатылады. Әр тоннасының бағасы ірілі-ұсақтығына байланысты 13 000 – 14500 теңге аралығында. Көбінесе майдасын кірпіш зауыты алып кетеді. Қасымызда тағы бір сауда нүктесі бар, ондағы көмір әр жақтан әкелінген. Былтыр қыста тоннасын 13500 теңгеден саудалағанбыз», – дейді осы мекеменің қызметкері Шахбоз Нәбиев. Ал келесі «Курбанов» ЖК көмір базасындағы тау болып үйілген қара отынның көлемі 7 мың тонна екен. Мұнда да қатты отын әр аймақтан тасымалданып жеткізілген. Мекеменің алдында иіріліп тұрған арнайы көліктер де сатып алушыларды күтіп тұрғандай. Техникалардың бәрі сақадай сай. – Жылыту маусымы әне-міне басталғалы тұр. Көмір тапшылығы болмасын деп қоймамызды отынға толтырып, жеткілікті етіп жинап қойдық. Қазір көмірді көбінесе аудандардан келіп алып кетеді. Сұрпына байланысты бағасы тоннасына 10 000-нан 16500 теңгеге дейін. Мысалы, Екібастұздың көмірі – 10 мың, Қаражыраныкі 14 мың 500 теңгеден сатылуда. Күн күрт суытса ғана тұрғындар көмір алуға ағыла бастайды. Оған дейін қам жасау жоқ. Өткен қыста көмірдің бір тоннасын 16500 теңгеден саудаладық. Кейбір алыпсатарлар бізден алған көмірлерінің тоннасын 20 мың теңгеден өткергенін де естідік. Осындай жағдайлар орын алмас үшін тұрғындар қысқа дайындықты осы кезден бастағандары жөн. Қыста бағасына ары кетсе 1000-1500 теңге ғана қосылады, – дейді «Курбанов» ЖК-ның директоры Еркін Құрбанов.
Камила БОРАШОВА
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді