Халықтан жиналатын салық мемлекет үшін маңызды функцияларды орындауға қажетті қаржылық қатынастардың бір бөлігі болып есептеледі. Мемлекетке түскен салықтың негізгі бөлігі қашанда әлеуметтің әлеуетін көтеру үшін жұмсалатындығы белгілі. Сондықтан заңды және жеке тұлғалар арасындағы белгілі бір мөлшердегі міндетті төлемдер болып есептелетін салық мәселесіне бейжай қарауға болмайды.
2017 жылы Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 514 және 532-баптарына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес жеке тұлғалар үшін мүлік пен жер салығын төлеу мерзімі өзгертілгені белгілі. Бұл жерде мүлік меншік иесіне тіркелген уақыттан бастап келесі салық мерзімінің 1 қазанына дейінгі уақыт аралығына, яғни иелік еткен нақты мерзіміне төленеді. Салық төлеушінің тұрғылықты мекен-жайына емес, салық алынатын мүліктің орналасқан мекен-жайына сәйкес алынады. Нақтырақ айтсақ, бұрын 2017 жылдың салығы сол жылы төленуге тиісті болса, өзгерістерге байланысты енді 2017 жылдың салығын 2018 жылы есептеп, 1 қазанға дейін төлем жасау қажет. – Биыл салықты уақтылы төлемеген жағдайда да арнайы өзгерістер енгізілген. Бұрын біз салықтық қарыздарды өндіру үшін сот органдарына жүгінетінбіз. Тәртіп бойынша салық төлеушіге қарызы туралы белгіленген үлгіге сәйкес хабарлама жолданатын. Одан соң борышкер 30 жұмыс күні ішінде салықты төлеуі тиіс. Салық уақтылы төленбеген мерзімде бұрын сотқа өтініш жолданатын. Сосын соттың бұйрығы шығатын. Биылдан бастап жаңа талапқа сәйкес хабарлама берілген уақыттан белгілі мерзімі өткеннен кейін салық бұйрығын шығарамыз. Оны салық төлеушіге ұсынамыз. Салық төлеуші оны 5 күннің ішінде төлеуі тиіс. Төлемеген жағдайда ары қарай жеке сот орындаушыларына жолданады. Олар заң аясында жұмыстарын атқарып, азаматтардың мүлкін шектеу, елімізден тыс мемлекеттерге шығуға тыйым салу секілді шектеулер қою арқылы өндіріп алады, – дейді Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Айнұр Бейсенқызы. – Сот орындаушыларға заңға сәйкес өзге де өкілеттіктер берілген. Атап айтқанда, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» Заңда қандай іс-шаралар қолдануға болатындығы қарастырылған. Мемлекеттік сот орындаушысы болса да, жеке сот орындаушысы болса да құзыры бірдей, – дейді Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жүргізу жұмыстары басқармасының бас маманы Өмірзақ Қоспанов. Мүлік салығы бойынша бүгінгі күні 45 000-нан аса салық төлеушінің қарызы бар. Бұл өсімпұлын қоса есептегенде жалпы сома 114,3 миллион теңгені құрап отыр. Жер салығынан 44 000-нан аса борышкерден 27,0 миллион теңгеге жуық қарыз сомасы құралып отыр. Көлік салығы бойынша 69 000-ға жуық борышкер бар. Бүгінгі күні жалпы қарыз 1 миллиард 500 миллион теңгеден асып тұр. Осы сомаларды өндіру үшін жыл басынан бері біршама жұмыстар атқарылуда. Нақтылы кезеңде аталған салықтың түрлері бойынша борышкерлерге 1 300,0 миллион теңгеге 75 000-нан астам хабарлама жолданып, 561,0 миллион теңгеге 15 126 салық бұйрығы шығарылды. Бүгінде осы шаралардың нәтижесімен 34 мың салық төлеушіден 620,0 миллион теңгеден аса қарыз бюджетке өндірілді. Әлі де шешімін табуы тиіс мәселелер жеткілікті. Бұрынғы талапқа сәйкес, көлік салығы көліктің тіркелген орны бойынша төленетін. Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексінің 494-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес 2016 жылдан бастап жеке тұлғалардың көлік салығы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша төленеді. Мысалы, көлік Тараз қаласында тіркеуге қойылғанымен, оның иесі басқа ауданда немесе аймақта тұратын болса, енді салығы да сол аумақта төленеді. Жақында ғана өңірімізде облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен салық төлеушілерге арналған «Борышкер – 2018» акциясы өтті. Оған облыстық ішкі істер департаменті, жеке сот орындаушылары, мемлекеттік кірістер департаменті және әкімшілік қызметкерлері тартылды. Акция барысында облыстың автомобиль жолдарында жалпы 771 көлік тоқтатылып, көлік иелері арасында 11,8 миллион теңгеге берешектері тексеріліп, 39 көлік айып тұрақтарына қойылды. Нәтижесінде 212 көлік иесі 4,1 миллион теңгені қазынаға құйды. Мұның барлығы әр борышкердің мемлекетке тиесілі салықты уақтылы төлеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасы. Бір ескере кетерлік жайт, облыста салықты тұрақты әрі мерзімінде төлеп тұратындардың басым бөлігі зейнеткерлер екен. Өкінішке қарай, қымбат көлігі мен зәулім үйі бар азаматтардың қатарында салықты уақтылы төлеуге асықпайтын жандар да жеткілікті көрінеді. Бұл да қоғам назарын аударып, ойландыратын мәселе.
Алпамыс ҚАЗЫБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді