Ақтоты (әңгіме)

Ақтоты (әңгіме)
ашық дереккөз
Ақтоты (әңгіме)

Ауылда еркек атаулыдан бригадир Егізбай, бір аяғы ақсақ пошташы Қыдырбай және қыли Есенбай ғана. Екі қызылша звеносында он-оннан қыз-келіншектер еңбек етеді. Жасы да, жасамысы да осында. Таң қылаң бере жаяулап қызылша басына жетеді. Қызылшаның жекесі біткен, енді арамшөптен тазалап жатыр. Түске таман бәрі жиналып шәй ішеді. Бірі нанын, бірі құрты мен майын әкеліп дегендей, маңдайларынан шып-шып тер шығады. – Уһ, жаным-ай, құйшы тағы да, – деп, кесесін ұсынған кексе әйелдерге жас келіншек Ақтоты майысып отырып шәй құяды. Шөлдерін басқан соң, әңгіме басталады. Айтатындары «кімнен хат-хабар келді», «не депті» деген әңгіме. Сосын ішіндегі Ақтотыға тиіседі. – Бізді қойшы ыстық-суығымыз басылған, мына Ақтотыға обал. Тұрмысқа шыққаны сол еді, күйеуі соғысқа кетті. Әйелінің аяғы ауыр екенін де білген жоқ қой. Кейін хат жазып хабарладың ба, ей, келін, – деген кексе әйелдердің бірі Шәркүлдің сөзіне Ақтоты төмен қарап: – Жаздым, естіді ғой, – деп жәймен жауап берді. – Күйеуіңнің түрін ұмытқан жоқсың ба? Іргебай келе қалса, қандай еді деп танымай тұрмасаң болды да, – деп қалжыңдайды тағы бірі. Ақтотының әппақ жүзі алабұртып, қызарып, «танимын ғой» дегеніне қыз-келіншектер мәз болып күледі. Әңгімеге тағы да Шәркүл араласып: – Маған осы бригадир ұнамайды, жаныңа келсе көзбен ішіп-жеп, өңменіңнен өтіп, бас-аяғыңа қарап тұрғаны. Әсіресе, мына Ақтотыға қарағанынан қорқамын. Қырыққа жетпеген еңгезердей жігіт, неге осыны соғысқа шақыртпайды, әлде бірдеңесі кем бе екен? – дегенде, басқалары да шуылдап, қосыла жөнелді. – Өзі бір нағыз оңбаған. Азанда мен жұмысқа келе жатсам, алдымнан кездесіп, аттың үстінде сіресіп тұрып, не айтқанын білсеңдер ғой, – деген Жадыраның сөзіне бәрі де құлақ түріп, «не деді, айтсаңшы» деп ынтызарлана қалған. – Айтсам айтайын. Ол оңбаған маған бүгін ел жатқанда қора жаққа келсеңші. Екеуміз бір жақсылап ойнайық дегені. – Ал, сен не дедің? – Не деуші едім. Оңбаған екенсің, сенімен ойнағанша анау ұзын бойлы орыс Кузьмамен ойнамаймын ба сасық неме деп едім, қамшысымен тартып жіберіп, «көресің әлі, көрсетем» деп, шаба жөнелді. – Ол өзі бір сондай жексұрын адам. Ана Айбала жеңешеме айтып қою керек. Болмаса, Бүбісара бастық келгенде арыздансақ қайтеді, – деді Аманкүл. – Сендер не білесіңдер. Бұл Егізбайдың райкомдағы ағасы военкоммен дос екен. Сол әскерге жібермей жүрген оны. Әйтпесе, алып бара жатқан ауруы жоқ ол нәлеттің, – деді іштеріндегі үлкені Ұлбосын. Әйелдердің әңгімесін тыңдаған сайын Ақтоты біресе сұрланып, біресе қызарып, бозарып, басын төмен салып үндемей отыр. «Ол оңбаған маған да көзін сүзіп жүр». Бір-екі рет қалжыңдаған боп: «Келін, қалай інішекті сағынып жүрсің бе? Күйеуіңмен ағайынбыз ғой. Інісі жоқ болса, ағасы бар. Сені қатты ұнатамын» деген сөзіне «Қайнаға, немене ініңізден қара қағаз келіп пе еді? Ұялмайсыз ба?! Ертең Іргебайым аман-есен елге оралса, не бетіңізбен қарайсыз. Күйеуім келеді, мен оған адал жармын. Қанша болса да күтем, менен аулақ жүріңіз» деп бетін қайтарғанын ойлайды. «Әй, келін, сен өйтіп кергіме. Сен менің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымдасың. Күйеуің жоқта күйеу болам. Қажет болса сенен сұрамаймын да. Әлі де болса ойлан, әйтпесе күнің қараң болады. Зорласам да сен мендік боласың» деп бұрылып кеткені де есінде. Дегенмен байқайды, жүрген ізін аңдиды. Ақтоты жұмыстан келе салып енесі мен баласына тамақ дайындайды. Сол кезде бригадир қайнағасы көрші болған соң далада отырып алып, мұның жүрген-тұрғанын байқап отырады. Ақтоты енесіне айтсам ба екен деп талай рет оқталды да, «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген, өзің алдында сылаңдап жүргенсің ғой» – деп ұрса ма деп батпайды. Абысынына айтайын десе тағы да ұялады. Ол байғұс не істей алады, бригадир байынан екі күннің бірінде өзі таяқ жейді. Ылғи көзінің алды көгеріп жүргені. Ауылдағы әйелдерге кеткен өшін содан алып жүрген сияқты. «Тамағың суып қалыпты, дәмі жоқ, шәйің қайнамаған» – деп тиісіп отырғаны. Дәмі жоқ болса еті мен тұзы жоқ. Оны қайдан таппақ, байы әкеліп бермесе. Қазір де әйелдердің сөзін тыңдап ойланып отыр. Қайынағасына ашу шақырып ұрсайын десе, жасы кіші келін аты бар. Жанындағы құрбыларына да тіс жарып айта алмады. Күндер осылай өтіп жатты. Дәтке қуаты, күйеуінен хат-хабар келіп тұр. Жақында, «жараланып госпитальға түстім» деген хабар алған. Содан бері де біраз уақыт өтті. Тағы бір хабар болар деп күтіп жүрген. Ауылда егін орағы аяқталуға жақын. Түс кезінде төрт-бес келіншекпен масақ теріп қайтады. Бір-екі уыс бидай жинап алса соған қуанады. Баласына қуырып берсе, қарны аш болмайды ғой. Күнде екі-үш уыс бидайды жинап, оны енесі талқан етіп қол диірменге тартып, өзіне де, немересіне де талғажау қылады. Осындай күндердің бірінде қайдан келе қалғаны белгісіз, Егізбай бригадир жандарына атпен шауып келіп: – Әй, қатындар, үкіметтің бидайын тонап жатырсыңдар ма? Бұл бидайдың әрбір дәні жауға атылған оқ қой. Ал сендер сол жауға көмектесіп, бидайды ұрлап жатырсыңдар. Қәне, төк бәрін мына жерге, – деп діңкілдей жөнелді. – Ойбай, ұрлаған жоқпыз. Қалған-құтқан масақты теріп, балаларға талғажау болсын дегеніміз ғой, – деп шу ете түсті әйелдер. – Білмеймін ештеңені. Қәне, әкеліңдер, – деді әйелдерге ақырып. – Жоқ қой, немізді береміз, – дегендерге: – Көйлектеріңді көтеріңдер, ышқырларыңды көрсетіңдер, – деп зіркілдей түсті. – Ойбай, о несі, қайтіп көрсетеміз ышқырларымызды, – деп зарлап қоя берді әйелдер. Тыңдайтын Егізбай жоқ: – Болыңдар. Өз еріктеріңмен бермесеңдер, күштеп аламын, – деп атын омыраулатып, қамшымен тартып-тартып жібергенде, әйелдер амалсыздан бір-екі уыс бидайын жерге төкті де, қарғай жөнелді. – Оңбаған Егізбай, адам болмай кеткір Егізбай, – деп шулаған әйелдерді қамшының астына алған ол болса: – Жабыңдар ауыздарыңды! Бәріңді соттатам, итжеккенге айдатам, – деп діңкілдей түсті. Ақтоты сілейіп, бір орнында тапжылмай тұр. Есі ауысқандай. – Ей, сұлу, сен неге сіресіп тұрсың? Көтер көйлегіңді. Әкел жинағаныңды, – деп ақырып жібергенде, ұйқыдан оянғандай селк етіп, ақшыл өңі сұрланып, екі көзімен Егізбайды атып жіберердей қарап: – Мен саған ештеңе де бермеймін, көйлегімді де көтермеймін, – деп қасарысып тұрып алды. Әйелдердің: – Айналайын келін, бер, құтыл мына пәледен, – дегендеріне де құлақ аспады. Шыдамы таусылған бригадир жанына жақындап келіп, Ақтотының ұзын шашынан ұстап атпен сүйрей жөнелді. Онымен қоймай, ат үстінен еңкейіп келіп, көйлегін етегінен көтеріп, жыртып жіберді. Ақтотының әппақ денесі жарқ ете түсті. – Жібер деймін сұмырай, арсыз, ұятсыз, фашист! – Ә, сен мені «фашист» дедің бе? Көрсетейін онда, – деп, Егізбай үзеңгісіне шірене тұрып, қамшымен арқадан осып-осып жібергенде Ақтотының екі көзінен жас парлап қоя берді. – Оңбаған дейді ғой. Жүр, сені бастыққа апарайын. Көрсетейін «фашист» дегеніңді, – деп сүйрей жөнелді. Қарулы еркек қоя ма, Ақтоты амалсыздан бүкшеңдеп сүйретіліп келеді. Әйелдер болса шулап, Егізбайды қарғап-сілеп жатыр. Колхоздың кеңсесіндегі адамдар таңырқай қарайды. Еркектер теріс айналып, әйелдер бетін басты. Егізбай болса: – Бастық, кел бері. Көр мынаны! – деп айқайға басты. Сыртқа жүгіре басып шыққан колхоз бастығы Бүбісара мына сұмдықты көрген бойда: – Ой, оңбаған қарабет, жібер келінді, – деп қолындағы қамшымен Егізбайды тартып-тартып жіберді. – Әй, бастық, мен саған ұрлықшыны әкеліп тұрсам, мұның не? Сен де жаусың онда. Қазір райкомға, НКВД-ға барам, – деп шаба жөнелді. Ақтотыда тіл жоқ, жерге сылқ түсіп құлады. Бүбісара айқайлап: – Әй, біреуің киім әкеліңдер, – деп, Ақтотының басын сүйеп, демей берді. – Айналайын, мен ол оңбағанның сазайын беремін. Не деген жексұрын еді, өзі. Ақтоты бастықтың сөздерін бірде естіп, бірде естімей, үнсіз жылап жатыр. Әйелдердің біреуі орамалымен жалаңаш денесін жапқан. Бастық Ақтотыны орнынан тұрғызып, үйіне дейін өзі ертіп келді. Келінінің түрін көрген енесі: – Ойбай, не болған мынаған, Құдай-ау, көрсетейін дегенің осы ма? – деп аңырай жөнелді. Бүбісара бар жайды айтып берді. Оны естіген енесі: – Тұқымың құрығыр Егізбай, ол дүние мен бұл дүниеде жақсылық көрме! Бала-шағаң қырылып, сеңделіп қал! Келінге тиген қолың қырқылып түссін! Құдай бар болса, жеті атаға жете алмай қырылып қал, ит өліммен өл! – деп қарғай жөнелді. Көп ұзамай колхоздың бастығы Бүбісара «жауға көмектесті, колхоздың дүниесін ысырап етті» деген айыппен алты жылға сотталып кетті. Ақтоты бір ай ауырып, қожа-молдаға, тәуіпке қаралып, әрең оңалды. Күйеуі Іргебай соғыстан бір көзінен айырылып елге оралды. Болған әңгімені естіген бойда ағайыны болып келетін Егізбайдікіне барып, екеуі оңаша сөйлесті. Сол күні Егізбай отбасымен басқа колхозқа көшіп кетті. Көп ұзамай соғыс та бітті. Соғыстың соңғы жылында Егізбай қайтыс болыпты деген хабар келді. Әйелі мен ұл-қызы да бір-екі күн ғана ауырып көз жұмған. Қаралы хабарды естіген ауылдағылар: – Қарғыс жібермеді оны. Бірақ әйелі мен ұл-қызына обал болыпты, – деп біраз күн әңгіме етті де қойды. Ал Ақтоты болса, күйеуі келген соң қайтадан түрленіп, өзі бұрынғыдан да сұлуланып кетті. Өмірге бір ұл, бір қыз келді.

4Мәскеу НОҚРАБЕКОВ.

Ұқсас жаңалықтар