Әуен – адамның жан сыры, ішкі дүниесі, алай-дүлей сезімі. Әр өңірдің ерекшелігіне, табиғатына қарай әуеннің де адуынды, арынды, екпінді, асау, баяу, байсалды болып бөлінетіні бар. Мәселен, Жетісу аймағы, оның ішінде Жамбыл өңірінің ән ырғағында тұмса табиғаттың мөлдірлігі, дана менен даланың байсалдылығы, адамның кіршіксіз сәби көңілі байқалады. Себебі біздің өңірде дүрсілдеп, арқырап, дауылдатып ағып жатқан теңіз жоқ. Байсалды, қоңыржай тіршілік бар. Ол әуенге міндетті түрде әсер етеді.
Әуен – адам жанының айнасы. Қоңыржай белдеудің қоңырқай ғана үнімен әдемі философия айтылады. Жамбыл өңірінде шатынап, тасқындап, өңменіңді жұлып алатындай ойнақтатып айтылатын әуен аз. Есесіне ерекше байсалдылық, тыңдарманға тағылым болатын үйлесімді ырғақ бар. «Аса байлық не керек, ден сау болса болғаны-ай» дейді. Ағайынға амандық тілеу, қанағатшыл көңіл бар. – Алма ағаштың гүліндей-ау, Текеметтің түріндей-ау. Өтіп дәурен бара жатыр, Сіз бен бізге білінбей-ау, – деп келеді Жетісу әуені. Осы әннің шумағын талдап көрейікші. Әуелі алма ағаш қай жерде гүлдейді? Осы Оңтүстік өңірде гүлдейді. Демек, бұл әнді батыстың немесе солтүстіктің әуені деп ешкім айта алмайды. Текеметті де оңтүстіктің әжелері мен келіндері көп басады. «Өтіп дәурен бара жатыр, сіз бен бізге білінбей-ау» деген жолдарда қандай қимастық, сағыныш, аңсау жатыр десеңізші! Өмірдің заңдылығын мойындау бар. Өмірдің тәттілігін суреттеп философиялық түйін жасайды. Айтыс әлемі арқылы танылған Аяз Бетбаев пен Әзімбек Жанқұлиевтың әуендері де осындай қоңыржай болмыстан алшақ емес. Белгілі күйші Әбдімомын Желдібаев өмірде өте асау, мінезді, адуынды адам. Бірақ ол жазған музыка – бөлек дүние. Күйінің мөлдірлігі жанының мөлдірлігіндей таза. Толғанып, сол музыканың ішіне кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Міне, композитордың шеберлігі, бақыты осында!
Сағындырған сағым күндер
Енді біраз жылдарға шегініс жасасақ. Өзімнің балалық шағыма оралғым келіп отыр. Біз сол соғыстан зардап шегіп үрейленген, кейінгі бейбіт күндерге «тәубе» деген қанағатшыл, мейірімді, шуақты адамдардың шет жағасын көрдік. Әке-шешемізді ала таңнан бригадир жұмысқа қуып әкетеді. Таң қараңғысынан кеңшардың жұмысына кеткен үйіміздің отағасы мен отанасы ымырт үйірілгенде есекпен үйге қарай келе жатады. Есекке күнделікті жағатын отынын өңгеріп алған. Солар кешке дейін бел жазбай еңбек етеді ғой. Кешке жай келе жатпайды, жұмыстан әндетіп қайтып келе жатады. Осы күні сол ата-әжелердің бойындағы неткен күш, сол кісілер қандай шаршамайтын адамдар деп ойлаймын. Еркеайым деген апамыз болды. Құдай қосқан жарымен екі ай ғана тұрған. Содан күйеуі соғысқа кетіп оралмаған. Ән салғанда Еркеайым апам салсын деуші едік. Ол кезде жаздыгүні жайлауға киіз үйлер шеңбер тәріздес дөңгеленіп тігіледі де, қой отары сол шеңбердің ортасына иіріледі. Әр үйден жиналған мал ғой. Сонда жатады. Ел орынға отыра бере Еркеайым апам ән бастайды. Сол сәтте апамның әнін күтіп отырғандай, бүкіл ауыл сонда жиналады. Мен қазір сол кезде адамдардың тыныштығы өз алдына, иіріліп жатқан қойлар да маңырамай, тыңдап қалады-ау деп ойлаймын. Еркеайым апам бірер әннен кейін халық әні «Ала қарғаға» ауысады. «Аха-ха-ау, ала қарға, Қонады жардан-жарға. Қосылса екі жақсы, Угәй-угәй-әй, арман бар ма?» – дейді. Бұл ән Еркеайым апамның орындауында әсерлі сезімге, толғанысқа толып кетеді. Майданнан оралмаған, әлі де үмітін үзбеген күйеуіне деген сағыныш, өкініш, аңсау, құштарлық бәрі-бәрі осы бір әуенге, әуеннің сырлы шумақтарына сыйып кететін. «Ала қарға» айтылғанда көзіне жас алмайтын, жыламайтын адам аз. Барлық адам егіліп, езіліп отырады. Себебі Еркеайым апаммен тағдырлас қаншама әжелер, жеңгелер бар еді! Әнші апам да «Әсембегім қайда?» – деп зарламайды. Осы бір әнге сыйдырып, ішкі жан сырын, толғанысын, сағынышын, зарын шығарады. Бұл да Жамбыл өңіріне тән туынды. Сол бала күнімізде Әпсаттар көкеміздің де күйлерін, әндерін толғанып, тебіреніп тыңдаушы едік. Біз осындай әуендердің ырғағымен тәрбиелендік. Әпсаттар көкемнің әнін жайлау ғана емес, бүкіл ауыл толық еститін еді-ау. Ол кезде ешқандай дыбыс зорайтқыш жоқ. Сонда да барлық ел мейірленіп, ынтамен, ықыласпен құлақ түретін. Қазір әншілер дыбыс зорайтқышпен айтпаса, қабылдай алмаймыз. Әлде құлағымыз осы бір техникалық мүмкіндікке үйреніп, дағдыланып кетті ме екен?
Экранға емес, екі адам отырған жерге шығармау керек
Жақында телеарналардың біріндегі бағдарлама барысында бір әнші (мен бұрын-соңды көрмеген әнші, бірақ өте анайы, мәдениетсіз екен) Ыбырайдың «Гәкку» әнін бұрмалап, пікір білдіріп отыр. Ол бір жезөкшелікке жол бермеу, сақтандыру туралы бағдарлама екен. Сонда әлгі әнші «Жезөкшелік бұрын да болған, әйтпесе Ыбырайдың әнінде «Аралап талай жердің дәмін таттым...» деп айтылар ма еді? Ол осы жағдайды, сал-серілігін айтып отыр деп бұрмалайды. Шынында әннің сөзі қандай еді? «Аралап талай жердің дәмін таттым, Құс салып айдын көлге дабыл қақтым. Айта алмай «Гәккуімді» ешбір адам, Мамырлап қоңыр қаздай баяулаттым», – дейді. Ыбырай «Гәккудің» алғашқы нұсқасының өте күрделі болғанын, кейінгі нұсқасын жұмсартқанын, «Мамырлап қоңыр қаздай баяулаттым» – деп мөлдіретеді. Ал жаңағы әншінікі не сандырақ? Ондай сауатсыз, мәдениетсіз әншіні экран емес, екі адам отырған жерде ән айтқызуға болмайды. Сонау ертеректе біздің облыстық қазақ драма театрына Тұрсынтай Жәкенова деген актриса келді. Ол кезде театрдағы әр қойылымнан кейін актер мен актрисалардың ән айтатын дәстүрі бар еді. Тұрсынтай Жәкенова халық әні «Керім-ау, айдай» әнін керемет орындайтын. Оның әнін тыңдағанда тыңдарманның көңілінде өкініш, аңсау, мөлдір сезім қалып отыратын. Тұрсынтайдың «Керім-ау, айдайын» көпшілік тыңдағысы келе беретін. Кейіннен Халық әртісі Роза Рымбаева бастаған топ мұны моңғол қазақтарының халық әні «Керім-ай» деп орындап жүрді. Біріншіден, моңғол қазақтарының, Ресей қазақтарының, Өзбекстан қазақтарының халық әні деген жоқ. Қазақтың халық әні деген бар. Одан соң «Керім-ай» деген айды мақтау, аспандағы айды суреттеу болады. Ал «Керім-ау, айдай» дегенде «Ай секілді керім» деп қазақ қызының сұлулығын, болмысын суреттеп тұр емес пе?! Біздің Жамбыл өңірінің әуен табиғаты туралы осындай ойларымды оқырманмен бөліскім келді.
Әлібек Әмзеұлы, мәдениет саласының ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді