Білімділер жеңісі

Білімділер жеңісі
ашық дереккөз
Білімділер жеңісі

Онда жамбылдық оқушылардың да үлесі бар

Астана қаласындағы Назарбаев университетінің базасында өткен физика пәнінен оқушылардың 45-ші халықаралық олимпиадасында Қазақстан құрамасы командалық есепте 8-орынды иеленді. Бұл – үлкен жетістік. Өйткені, қазақ жас физиктері алдына қойылған мақсат – білім додасына қатысқан 85 мемлекеттің ішінде кемінде екінші ондықтың қатарынан көріну болған-ды. Ал елорда төріндегі жарыста білімді жастар 3 алтын және 2 күміс медальді олжалап, алғашқы ондыққа еніп отыр.

Осынау жетістікке жетуде жамбылдық жастардың да үлесі қомақты. Нақтырақ айтсақ, халықаралық олимпиадада құрама қоржынына тиісінше бір алтын және күміс жүлде салған Данат Иса мен Дінмұхаммед Нұрбек – Тараз қаласындағы облыстық дарынды ұлдарға арналған қазақ-түрік мектеп-интернатының түлектері. Бұған дейін республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында топ жарып жүрген Данат пен Дінмұхаммед (Данат – О. Жәутіков атындағы халықаралық пән олимпиадасының күміс, республикалық пән олимпиадасының алтын медальдарының иегері, Дінмұхаммед – республикалық пән олимпиадасында алтын, физика пәнінен халықаралық олимпиадада қола медальдар алған) үмітті ақтады. Аталған білім ордасы шәкірттері бір айдың ішінде бірнеше табысқа қол жеткізіп отыр. Таяуда ғана Оңтүстік Африка елінің Кейптаун қаласында өткен 55-ші халықаралық математика пәні олимпиадасында үшінші орыннан көрінген Камал Данияр да осы оқу орнында оқиды. Сондай-ақ, 25-ші дүниежүзілік биология пәні олимпиадасында Жұмаділ Хафиз күміс, ал Когай Роман мен Хван Антон қола жүлделерді иеленді. Индонезия мемлекетінің Бали қаласында өткізілген білім додасына 241 мемлекеттің оқушылары қатысқанын ескерсек, бұл – ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА,  «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар