Әуелет, Әлішер!

Әуелет, Әлішер!
ашық дереккөз
Әуелет, Әлішер!

Латвияның әлемге әйгілі Юрмала қаласында 22-27 шілде аралығында жас әншілердің «Жаңа толқын-2014» 13-ші байқауы өтеді. Байқаудың басты мақсаты –дарынды жастарды анықтау. Байқауды алғаш рет ұйымдастыру туралы ұсынысты 2002 жылы Игорь Крутой мен Раймонд Паулс ұсынған болатын.

Танымал музыканы орындаушылардың «Жаңа толқын» деп аталатын бұл халықаралық байқауы тек Ресей мен Латвияның ғана емес, сонымен қатар, жақын және алыс шет мемлекеттер таланттарының да басын қосатын өте ауқымды музыкалық мереке болып табылады. Миллиондаған телекөрерменнің қызығушылығын оятатын байқауды бүкіл Еуразия континентінің музыка әлеміндегі үлкен оқиға ретінде бағалайтыны да даусыз. Осы өнер додасына қатысу үшін биыл әлемнің 45 мемлекетінен 15000 өнерпаздан өтініш түсіпті. Алайда, сайыстың өз талабы бар, сол ереже бойынша соңғы сайыста 13 мемлекеттен 16 қатысушы ғана бақ сынасады. Аталған халықаралық байқауда Қазақстанның атынан Әлішер Кәрімов өнер көрсетпек. Тараз қаласында туып өскен ол 2005 жылы Superstar.KZ жобасына барып, елімізге кеңінен танымал болды. Бірақ Әлішер бұдан бұрын да халықаралық байқауларға қатысып, 2001 жылы Витебск қаласында «Славянский базар» XX халықаралық өнер фестивалінде үшінші орын иеленіп, Ресей БАҚ-тарының арнайы жүлдесіне ие болған. Сондай-ақ, Әлішер «World Champion ships of Performing Arts», АҚШ (2007 жыл) наградасының және «Ереван шақырады-2012» халықаралық поп-музыка фестивалінің үшінші жүлделі орнын иеленген болатын. Жақында әртіс «Шүкір» атты үшінші альбомын жарыққа шығарды. Қазақстан биыл бұл байқауға 12-ші рет қатысады. Әр жылдары біздің мемлекетімізден Дильназ Ахмадиева, Мақпал Исабекова, Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков сияқты әншілер мен Rin’Go тобы қатысқан болатын. Өткен жылы Юрмалада біздің мемлекетіміздің намысын әнші Adam қорғады. Ә. Кәрімовтің продюсері Алтынбек Рахметовтің айтуынша, байқаудың алғашқы күні «Әлемдік хит» тақырыбында Әлішер Адриано Челентаноның (Adriano Celentano) «Confessa» әнін орындайды. Байқаудың екінші күні әнші «Жаңа толқын-2010» байқауының екінші орын иегері украиналық әнші Татьяна Ширкомен дуэт орындайды. Байқаудың үшінші күні «Премьералар күні» деп аталады. Бұл күні қатысушылар жаңа әндер орындауға міндетті. Әлішер көпшіліктің назарына қазақ авторларының «Әрине» әнін ұсынады. Бұл ән осы байқауға арнайы дайындалған. Сөзін жас ақын Талант Арғынғали жазса, әнін композитор Ғалымбек Исімбергенов шығарыпты. Әлішер әннің бірінші бөлігін қазақ, екінші бөлігін орыс тілінде орындамақшы. Жас әншілердің «Жаңа толқын» халықаралық байқауын «Қазақстан» телеарнасы көрермендерге тікелей эфир арқылы ұсынады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Қазақстан аумағында тікелей эфирде трансляциялаудың айрықша құқығын алғаш рет иеленіп отыр. Өнер сайысы алаңынан хабарды қазақ тілінде жұмыс істейтін журналист Асхат Садырбай жүргізеді.

«Ақ жол-Ақпарат».

Ұқсас жаңалықтар