Ылғалға жарымай отырмыз

Ылғалға жарымай отырмыз
ашық дереккөз
Ылғалға жарымай отырмыз

Осы жылдың маусым айының 25-ші жұлдызында Қырғыз мемлекеті халықаралық АҚШ даму агенттігінің қаржылай қолдауына ие болып, Аспара өзенінің (бассейнінің) Чолок-арык айылы тұсына заманауи су өлшегіш қондырғысын орнатты. Біздің Қазақстан жағынан осы рәсімге Меркі ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Садық Бұтабаев мырза қатысып, лента қиысты. Сонымен екі ел арасындағы су дауына нүкте қойылып, меркіліктер Аспарадан қатаң түрде судың 62 пайызын алатын болып екіжақты келісімге қол жеткізілген.

Бүгінде Қырғыз елінен келіп жатқан осы суға Қазақстан жағынан екі мекеме «қожайын» болып отыр. Алдымен суды «Таразводхоз» (басшысы Мамат Отыншиев) алады, одан «Аспара» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны сатып алып, шаруаларға жеткізіп береді. Маған су Майлыбай каналымен он екі шақырым «жол жүріп», бес сағатта әрең жетеді. Сол әрең жеткен судың өзін бір ашып, бір жауып мазамызды алған соң кетпенімізді сүйретіп судың басына барамыз. Бірақ ол жақтан суға ие тірі жанды таппаймыз. Ал екі мекеменің адамдары «Суды біз жапқан жоқпыз» деп қарғанады. Ал, менің серіктестігімде 430 гектар суармалы жер бар. Оған теңдей бөліп (215 гектардан) қызылша мен жүгері дақылын еккен едім. 300 гектар алқап суарылды. Бірақ 130 гектар жерім әлі бір тамшы су ішкен жоқ. «Жылы бұлақ-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 165 гектар қызылшалығы да су «ішпей» қурап барады. Қызылша еккен «Зиядин» қожалығының да су көрмегеніне екі айдың жүзі болды. Үлкен Шу каналы арқылы су алатын Александр Бондаренконың «Рында» шаруа қожалығы бар. Ол 85 гектар жерге «дәнге» деп жүгері еккен екен, соның 40 гектары сусырап тұр. Мен өзім М. Отыншиевпен 250 мың теңгеге су сатып алуға келісімшарт жасасқанмын, соның 50 мыңын төлеп қойдым. Айтайын дегенім, үш жаңбырлатқыш қондырғым бар. Оларға тиесілі су мөлшерімен келмесе тоқтап қалады. Біз қондырғылармен суды ысырап етпей түнде де суара береміз, алайда жырымдап берілген су сушының да, біздің де жүйкемізді әбден тоздырып бітті. Әлгі екі мекемеге аудан басшылары билік айта алмайды. Бәлкім, сондықтан ба, олар білгенін істеп отыр. Біздің мынандай ұсынысымыз бар. Келешекте суды ысырап етпеу үшін тек қана жаңбырлатқыш қондырғылардың көмегіне сүйеніп суару аз, жаппай тамшылата суару тәсіліне көшуіміз керек деп ойлаймын. Сонда әр тамшы суды үнемдеуге қол жеткізер едік. Ал, мынау қазіргі ретсіздік пен берекесіздікті жоғарыда аты аталған мекеме басшылары тез арада жоймаса, біз өсіріп отырған дақылдарымыздан межелі өнім ала алмай қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан облыстағы тиісті мекеме басшылары осы іске тікелей бас-көз болып, талапты күшейтсе деген тілегіміз бар.

Қанат Шайхиев, «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар