Биназар батыр жайында не білеміз?

Биназар батыр жайында не білеміз?
ашық дереккөз
Биназар батыр жайында не білеміз?

Болат Оңғарбайдың туындысы шын шежіреден сыр тартады

Бүгінгі таңда кітап басып шығару қиын болмай қалды. Оған таланттың қажеті шамалы, қаржың болса жеткілікті. Сондықтан осы кезге дейін ең қымбат қазына саналған кітапқа деген көзқарас өзгерді. Өзгертіп жүрген – бәрін ақшамен шешемін деп ойлайтын кісілер. Солардың демеушілігімен шыққан шалажансар, шикі дүниелер асыл сөздің құнын кетірді де. Осындай жағдайға жеткенімізге ішіміз удай ашып жүрген...

Қолымызға қаламгер Болат Оңғарбайдың «Биназар батыр» атты романы түсті. Кітап Алматыдағы «Құралай-Б» баспасынан өткен жылдың соңғы айларында жарық көрген. Тілі шұрайлы, тарихи шығарманы бір деммен оқып шықтық. Жақсы кітап – қашанда жан азығы, оқырманның олжасы. Мұны аталған романды оқу барысында сезініп отырдық. Кітаптағы тарихи оқиғалар сонау ХІV ғасырдан бастау алады. Ақбас Алатаудың етегіндегі Балдыберек өзені, «Қырық шейіт», «Мың шейіт» атауларының қалай аталғаны қызықты баяндалады. Сол ықылым заманда Балдыберектің жағасында қалмақтармен соғысқан қазақтың мыңдаған сарбазы шейіт болады. Оларды қырық батыр бастап, ұрыс салған екен. Осы соғыста қазақтар қалмақты біраз жерге дейін қуып тастайды. Сол соғыста қазақтар жағынан қаза болған қырық батырды Балдыберектің оң жағына, оққа ұшқан мың сарбазды сол жағына жерлеген екен. Жоғарыдағы атаулар содан қалыпты. «Кеңжайлау» даласындағы «Шіңкілдек» жазығының тарихы да мұнда әсерлі баяндалады. Сол өңірде Шіңкілдек атты әулие, емші кісі өмір сүріпті. Ауыр дерттеріне шипа іздегендер осы кісінің алдынан құлан-таза айығып жазылады екен. Атағы алысқа тараған әулиені барша ел-жұрт қадір тұтыпты. Бір күні Шіңкілдек әулиеге бір көріпкел: «Ажалың қарақұрттан болады, ұзамай өлесің», – депті. Содан әулие «Қарақұрт деген пәледен қалай құтыламын» деп қайғырып, таудың биік шыңына көшіп кетіпті. Сол кездегі адамдардың имандылығын айтыңыз, осы шешімді айтқанда әйелі де еш қарсыласпай, әулиеге еріп жүре беріпті. Бәрібір әйелі базардан жеміс-жидек әкелгенде, жүзімнің ішінен қарақұрт шығып, Шіңкілдек әулиенің ажалы сол жәндіктен болған екен. Алайда осы жер «Шіңкілдек тауы» аталып кеткен. Автор бұл жерде пенде баласы Жаратқанның маңдайға жазған жазмышынан ешқашан құтыла алмайтынын меңзеп отыр. Романда Ақсақ Темірдің 1396-1398 жылдары Түркістан шаһарын хан ордасы етіп, Қожа Ахмет Яссауи бейтінің басына зәулім сағана салдыра бастағаны, бұл кезде Бәйдібек батыр Боралдай елінің жылқылы байы әрі биі болып тұрғаны, әділ сөзімен, кесімді билігімен, адамгершілік, парасатымен елге абыройы асып тұрғаны баяндалады. Ақсақ Темір Түркістан атырабындағы жұмысқа жарамды адамдарды мешіт құрылысына жұмылдырған екен. Мешіт құрылысына Бәйдібек те көп көмек көрсетіпті. Сөйтіп мешіттің бас шырақшысы, сопы Мақтым ағзаммен танысып, екеуі дос болған. Бірін-бірі қонаққа шақырысқан. Мақтым ағзам әйелі Зухраны, немере қызы Нұриланы алып, Бәйдібектің ауылында жиі қонаққа барады. Бір жолы Мақтым ағзам сопыға түсінде Қожа Ахмет Яссауи бабасы аян береді. «Жалғыз немере қызыңа әулиелік дарып, бақ қонады. Оның білегінен алғаш кім ұстаса, сол адамға некесін қиып қос, үбірлі-шүбірлі бақытты болады» дейді. Сопы осы түсін жақсылыққа жорып, «Әмин» дейді. Нұрила 14 жасқа келгенде бір күні құдықтан су ала берем дегенде, шығыр ағытылып кетіп, қауғамен бірге құдыққа құлап түседі. Оны ойнап жүрген балалар ауылға хабарлайды. Бәйдібек жақын жерде жүр екен, жүгіріп келіп, Нұриланы құтқармақ болады. Қыз құдық аузына жақындағанда, Бәйдібек білегінен ұстап, шығарып алады. Балаша көтеріп, үйіне апарады. Ыстық сүт беріп, денесін жылытады. Бұл жағдайды Мақтым атасы естіп, білегінен Бәйдібек ұстағанын біліп, Яссауи бабасы берген аян бойынша немере қызын Бәйдібекке тұрмысқа береді. Бәйдібектің әйелі Нұриладан Тәңірберді (Жарықшақ) туып, Тәңірбердіден – Албан, Суан, Дулат, Қызай, Мұрын деген ұл-қыздар тарайды. Дулаттың бір баласы Шымыр, Шымырдан – Шынболат, Шынболаттан – Бозан-Көкірек, Бозан-Көкіректен – Бұлантай, Бұлантайдан Ақеділ тарайды. Ақеділден бес ұл туады. Құлназар мен Биназар батыр болса, Ақназар, Бекназар, Есназары қара күштің иесі болады. Көкіректің ішінен шыққан Тілепалды балуанның ұлдары Дәуей, Жамантай, Қойбағар, Мәнжі, Итеке де ел қорғаған батырлар болады. Шығармада Биназар батырдың жас күнінен елдің еркіндігі үшін атқа қонып, батыр атанғанын шынайы суреттейді. 1796 жылы Ташкенттің билігі Дулат балаларының сол кездегі алауыздығынан Шайхан Тәуір қожаның ұрпағы Жүніс қожаға ауып кетеді. Төле бидің тоқалы Жүніс қожаның туған әпкесі болуы да бұл жағдайға себеп екен. Төле биден кейін Қойгелді батыр өзі өмірден өткенінше билік жүргізген. Тақ талас содан кейін басталыпты. Сол Жүніс қожа келе-келе Қоқан хандығының қолтығына кіріп, Ташкентті қоқандықтардың қол астына сатқындықпен береді. Қоқандықтар боданына кірген қазақтарды қойша қырып, алым-салықты көбейтеді. Ұлдарын құл, қыздарын күң етеді. Осындай қиянатқа Биназар бастаған батырлар шыдамайды. Романда Биназар батырдың Мәнжі, Итеке батырлармен тізе қосып, Қоқанның зекетшілеріне тойтарыс бергені, Қоқанның басқа да сарбаздарын жеңгені шынайы баяндалады. Бұл ерліктің дабылы Сыпатай батырға жетеді. Сол Сыпатайдың көзінше Биназар батыр Қоқанның айтулы батырымен жекпе-жекке шығып, аттан аударып алғаны аймаққа аңыз болып тарайды. Шығармада Итеке батырдың жалғыз өзі түйедей жолбарыспен алысып жеңгені, Есназар (Көкжелең) батырдың түйе балуандарды тегіс жеңіп, жолбарыспен айқасқаны суреттеледі. Кітапта Биназардың досы Мырза би туралы да кеңінен айтылады. Арқадан Кенесары ханның оңтүстікке келуі де көркем жазылыпты. Белгілі жыршы Дөскей Әлімбаевтың «Кенесары» поэмасынан да үзінді келтірілген. Оқырманның бұл өлең жолдарынан да алары көп. Шығармада Ағыбай батырдың түсі, Бөлтірік бидің қазақ-қырғыздың Шу бойындағы шекаралас аумағына әділ билік айтуы, Жайлыбектің болыс болуы қызықты баяндалады. Роман Байболат атты болыстың шабындық жерді қызғанып, Жайлыбек болыспен араз болған сәтімен шиеленісе түседі. Биназар мен Жайлыбек аталас әрі шабындықтары қатар екен. Бір күні бір қулық ойлаған Байболат болыс мал сойып, Биназар батыр мен Жайлыбек болысты қонаққа шақырады. Ондағы ойы – Жайлыбектің тамағына у қосып, қастандық жасау. Мұны Биназар батыр сезеді. Байболат әуелі бұларды құрақ ұшып, үлкен ықылас-пейілмен қарсы алады. Дәм дайын болғанда өзі бәрін мүшелеп, табақты қонақтарының алдына өзі қояды. Сонда Биназар: «Жасы кіші болғанмен, ел ағасы ғой, осы сыбағамды Жайлыбекке ұсынамын» деп табағын Жайлыбекпен ауыстырып алады. Ондағысы Жайлыбек уланбасын дегені. Дәмнен жеу міндет болса керек, өзі еттен бәкімен аздап кесіп жейді. Соның өзіне шыдай алмай, жайсызданып, жанындағыларға қайтайық деп ишарат жасайды. Содан дәмге бата беріліп, бұлар қайтып кетеді. Жолда жүруге жарамайтынын білген Биназар Жайлыбекке «Аттан түсір» деген белгі береді. Бағанадан бері батырдың қабағына қарап келе жатқан жігіттер оны аттан түсіреді. – Шырағым, Жайлыбек, алдыңа қойған табақты өз алдыма алғаным, ол табаққа салынған у барын сездім. Байболат болыс жамандығын жасап, сені өлтіргісі келіп бақты. Ол ойынан шықпады. Бірақ ол үшін ел арасы айтыс-тартыс болып жүрмесін. «Имансыздың арты даулы» деген. Менің кегімді қуып, болыстың ауылын шауып жүрмеңдер. Сүйегімді дәл осы жерге қойыңдар. Менің жатқан жерім екі рудың шекарасы болсын. Көкірек елі өзіңе аманат. Артымнан еріп келген туыстарым осы жерде ұрпақ өрбітіп, өркен жайсын. Сол үшін күш-жігеріңді сал, – деп даусы әлсірей береді. Сөйтіп, Биназар батыр соңғы рет ауыр дем алып, Мойынқұм даласында көз жұмады. Кітаптың оқиғасы осылай аяқталады. «Биназар батыр» романы – барша оқырманға, жастарға берер тағылымы мол шығарма. Ендеше, жаңа романды іздеп тауып, оқуға асығыңыздар, ағайын!

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар