Көксайдың сәні су екен

Көксайдың сәні су екен
ашық дереккөз
Көксайдың сәні су екен

30 28Жуалы ауданында 8 мың гектардан астам суармалы егіс алқабы бар. Ақтөбе және Қызыларық ауылдық округтерінің аумағындағы 1700 гектарға жуық егістік Көксай каналы арқылы ылғалдандырылады. Аудан аумағында жаңа каналдың құрылысы өткен жылдың күз айларында басталған болатын. Бұл мақсатқа мемлекеттен 5,2 миллиард теңге бөлінді. Әлеуетті әрі ірі «Жігер-2004» және «Сұңқар-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері уақытты ұтымды пайдаланып, аянбай еңбек етті. Соның нәтижесінде негізгі жұмыс аяқталып, таяуда 20,4 шақырымға төселген темір құбыр арқылы егіншілерге алғашқы су берілді. Қазір құбыр арқылы секундына 1,8 текше метр су жіберілуде. Құрылыс толық аяқталған кезде онымен секундына 3,5 текше метр су ағатын болады.

Осы мерзімде «Жігер-2004» ЖШС 18260 метр жерге темір құбыр төседі. Сондай-ақ, 700 метр аумақта бұзу-жару жұмысын жүргізді. «Сұңқар-2020» ЖШС осындай жұмыстарды 2140 метр аумақта атқарды. Кейінгі компания тау етегінде сыйымдылығы 1100 текше метр су реттеу бассейнінің құрылысын жүргізуде. Оның жұмысын үстіміздегі жылғы қазан айында толық аяқтау көзделуде. Қазір мердігерлер төселген құбырлардың айналасын құммен тегістеу және жол салу сияқты жұмыстармен шұғылдануда. – Жаңа каналдың іске қосылуы жуалылықтарды үлкен қуанышқа бөлеуде. Енді қырғыз ағайындарға тәуелді болмаймыз. Құрылыс толық аяқталған кезде каналмен келетін сумен аудандағы 3 мың гектар алқапты суландыруға мүмкіндік туады. Келешекте оның бойындағы мың гектар алқапты тамшылатып суару көзделуде. Канал бойынан 10 шағын су электр стансасын да салуға болады. Мұның өзі жуалылықтарды көктем, жаз айларында арзан әрі табиғатты ластамайтын электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Жуалы ауданының әкімі Батырбек Құлекеев.

Ақылжан Мамыт,  «Ақ жол».

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар