Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?
ашық дереккөз
Дәрі-дәрмек жеткілікті ме?

Бүгінгі таңда облыста 407 фармацевтикалық нысан жұмыс істейді. Сондай-ақ дәрілік заттар өндірісімен айналысатын «Дала-фарм», «Эко-фарм», «Super-parm» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен Биологиялық қауіпсіздік мәселелерін ғылыми-зерттеу институты бар. Дегенмен өңіріміздегі 365 елді мекеннің тұрғындарының 46 пайызы ғана дәріханамен қамтылған. Жалпы ауылдарда 167 дәріханалық ұйым қызмет көрсетеді. Бұл мәліметті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Мадина Шыналиева мәлімдеді. Мадина Сейділдәқызы өз сөзінде ағымдағы жылдың 8 айында жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 32 тексеру жүргізілгенін тілге тиек етті. – Департамент мамандары облыстағы дәріханалар мен медициналық ұйымдарды тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша 12 нұсқаулық беріп, 17 әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде 2 260 700 теңге көлемінде айыппұл салынды. Олар алдағы уақытта толық көлемде өндіріліп, республикалық бюджеттің кірісіне алынбақ. Жалпы 2018 жылға арналған Бірыңғай дистрибьютор тізімінде 1192 дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауы бар. Оның ішінде стационарлық көмекке – 1002, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналғаны – 494. Департамент «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі» бағдарламасы бойынша республикалық және жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен тұрғындарды амбулаториялық деңгейде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінде дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етеді. Тіркеуге алынған белгілі бір созылмалы ауруларды емдеу және мамандандырылған емдік өніммен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған бағдарлама медициналық және дәріханалық ұйымдарда әрбір пациенттің мемлекет кепілдігімен берілетін дәрілік заттардың нақты алуын қадағалауға мүмкіндік береді. Айталық, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде амбулаториялық деңгейде белгілі бір аурулармен (жағдайлармен) және мамандандырылған медициналық өнімдермен, тұрғындарды дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жыл басынан 22 тамызға дейінгі кезеңде 2 490 759 455,55 теңге жұмсалды, ол 69 пайызды құрады, – деді Мадина Шыналиева. Департамент басшысы облыста дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдарға баға белгілеу үшін 4 жақты Меморандумға қол қойылғанын айтады. Меморандум аясында дәрілік заттардың және медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын тұрақтандыру, өзара түсіністік және айқындық принциптерін негізге ала отырып, дәрілік заттарға және медициналық мақсаттағы бұйымдарға үстеме бағаны төмендету бойынша жұмыстар қолға алынбақшы. Департаменттің бастамасымен облыста дәріханалық ұйымдармен тиісті фармацевтикалық тәжірибені міндетті енгізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бүгінде облыста жұмыс істеп отырған 302 дәріхананың 27-сі тиісті сертификаттарын алып үлгеріпті.

Жанғазы АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар