Жастарымыз Жат ағымның «жемтігі» болмасын

Жастарымыз Жат ағымның «жемтігі» болмасын
ашық дереккөз
Жастарымыз Жат ағымның «жемтігі» болмасын

Қазіргі таңда асыл діннің атын жамылып жүрген бүлікшілердің мәселесіне бүкіл әлем алаңдаулы. Алаңдамай қайтсін?! Бұндай теріс пиғылды ағымдардың алапат күшке айналып үлгергені соншалық, кезіндегі керегесі кең мемлекеттер бүгінде осындай топтардың араласуынан өзара қырқысып, тоз-тозы шығып, құрып-бітуге бет түзеді. Әлбетте өкінішті. Бұндай жат ағым өкілдерінің біздің елімізде де әрекет ете бастағаны ащы да болса шындық. Әрине, халықтың қауіпсіздігі қашанда қатаң бақылауда болады. Әйтсе де осыдан 2-3 жыл бұрын Ақтөбе жұртын дүр сілкіндірген жан түршігерлік лаңкестік әрекет босаңсуға әсте болмайтындығын ұқтырғандай. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері баласы мешітке барып, намазға жығыла бастаса, ата-анасы кәдімгідей күдіктеніп, қорқатын жағдайға жетті. Себебі діннің атын жамылушы теріс пиғылдылардың көпке беймәлім қитұрқы әрекеттері ушығып тұр бүгінде. Осыдан кейін, үйдегі ата-ана түздегі баласы үшін қалай алаңдамасын? Елімізде болып жатқан осындай жайттар ата-бабамыздың үш ұйықтаса да түсіне кірмегені анық. Бұл ретте сауатты болсаң сан соқпайтының анық екенін айтқымыз келеді. Қалай десек те, жай жатқан елдің тыныштығын бұзатын бұндай бүлдіргі ағымдардың бетін қайтарып, екпінін басу оңай шаруа болмай тұр. Оны ешкім жоққа шығара алмайтыны белгілі. Сол себепті қазір мемлекет тарапынан діни экстремизм мен терроризмге қарсы батыл іс-шаралар қолға алынып жатқандығын айта кеткен жөн. Тиісінше, теріс пиғылды діни ағымдардың қоғамға зияны туралы үгіт-насихат та жиілей түсті. Бақсаңыз, жат ағымның жетегінде кеткендердің басым көпшілігі жастар екенін аңғару қиын емес. Өйткені түрлі ұйымдардың насихаттаушылары алдымен жастардың психологиясын улауға ден қоятыны дәлелденіп қойған. Әлгі білгіштер жасөспірімдермен қалай сөйлесу керектігін әбден меңгеріп алғаны да жасырын емес. Жұртқа терiс пиғылды дiни ағымдар туралы айтқанда, көбiне оның зияны, зардабы айтылады да, адамдардың, әсiресе жастардың осы ағымдардың жетегiнде кету себептерi ұмыт қалып жататыны бар. Осы тұста санамызда «Жастарымыз бұл жолға қалай түсті?» деген заңды сұрақтың қылаң берері сөзсіз. Біз осы сауалды Шу аудандық мешітінің бас имамы Аят Дыбысұлына қойған едік. Оның айтуына қарағанда, барлық бақытсыздықтың бастауы – имансыздық болса, имансыздыққа апарар алғашқы баспалдақ – сауатсыздық екен. – «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» дейді ғой атам қазақ. Сол секілді, сіз айтып отырған жат ағымның жетегінде кеткен жастарды біздің қоғамда жоқ деп айта алмаймыз.Бұл әрине өте өкінішті. Жасыратын несі бар, біз де күнделікті өмірде кездестіріп жүрміз. Кейбіреулері ашықтан ашық мешітке келсе, енді бірі қазіргі заңнан сескене ме, әйтеуір, жасырынып жүргенді құп көреді. Солай жүрген ыңғайлы секілді көрінеді. Ал олардың сипатына келер болсақ, көп адамдар балағы мен сақалына жармасады. Құранда сақал өсірмеу керек, балақты кеспеу керек деген аят жоқ. Мәселен, сақалды әркім өзінің кескін-келбетіне қарай жарасымды етіп қойғаны абзал. Өзге ағымның жетегінде кеткендерді сыртқы көріністен гөрі наным-сеніміне мән беріп қана ажыратуға болады. Демек, олармен сөйлесу, пікірлесу, сұрақ қою арқылы бірқатар дүниелерге көз жеткізе аламыз. Ал ол үшін діни білімнің қажеттігі айтпаса да белгілі ғой. Құранда ауыспалы мағынада түсінуге тура келетін аяттар бар. Адасқан адамдар сол аяттарды тура мағынасында түсініп, төңірегіндегілерге де сол қалпында жеткізеді. Одан халық арасында сан түрлі қарама-қайшылықты пікірлер туындайды. Былайынша айтқанда іріткі салады. Сондықтан бұл жерде сауаттылықтың маңызы аса зор екенін айта кеткен жөн. Қазақта «дінді дүмше бұзады» деген сөз бар. Яғни бұл да сол сауатсыздыққа келіп тірелетін дүние», – дейді ол. Расында да, шала сауаттылықпен шалт бассаң, өміріңнің бір-ақ сәтте өзгеріп кетуі қиын емес. Оны дәлелдеудің де қажеті шамалы ғой. Бүгінгі таңда осы өзекті тақырыптың төңірегінде туындайтын түйткіл өте көп. Сондықтан өскелең ұрпақтың білімге ден қойғаны жөн секілді көрінеді. Тағы бір айта кететіні, жоғарыда қойылған «Жастарымыз бұл жолға қалай түсті?» деген сауалға сауатсыздықтан бөлек, тұрмыстық, отбасылық жағдайдың да өз әсерін тигізіп жатқандығын көз көріп, құлақ естіп жүр. Оны да жасырып қала алмаймыз. Әсіресе ауылды жердегі жастардың жағдайы қиындау. Неге десеңіз, бүгінде ауылдағы жастардың дені күнкөріс қамымен қалаға ағылуда. Олар түрлі жұмыстарды арланбай атқарып, тұрмыс-тіршіліктің илеуіне түсіп кетеді. Осылайша, сауда орталықтарында жүк тасып, арба сүйретіп жүрген жастардың, замандастардың: «Мына ит тiрлiгiңдi таста, бiзге кел!» деп, жылы-жылы сөйлегендердiң соңына ерiп кетерi, олар ұсынған ақша мен жұмаққа илана қоятыны айтпаса да түсінікті. Тұрмысы төмен және шала сауатты бұндай жастардың санасы да қалғып-мүлгіп, өтірік пен шынды, жақсы мен жаманды, ақиқат пен ертегіні ажыратудан қалады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома іспеттес. Мұндай иммунитеті әбден әлсіреген адамды әсіре діншілдерге жылы сөзбен арбап, өз қатарларына қосып алуы қиындық тудырмасы анық. Оны естіп, біліп жүрміз. Бұқаралық ақпарат құралдарынан осындай жат ағымдарды насихаттау үшін үлкен көлемде қаржы бөлінетіндігін де құлақ шалып қалады. Бәрінен бұрын бұндай топтардың қаржылық қолдау алатынына айрықша назар аудару қажет. Себебі жат ағым жетегіндегілердің айтқанына көніп, айдауына жегілу ең әуелі әлеуметтiк мәселелердiң қордалануынан, сананың төмендiгiнен, қандай жолмен болса да ақша табу қажеттiлiгi туғандықтан, дiни ағымдардың үгiт-насихатының күштiлiгiнен және басқа да себептерден туындайтыны түсiнiктi. Әлеуметтік теңсiздiктiң қамытын киiп, күйзелiп жүрген адамға «Бізге қосылсаң, көп ұзамай-ақ аузыңнан ақ май төгілетін күнге жетесің» десе, қай-қайсысы болса да ойланып қалары анық. Міне, осыдан-ақ «Сананы тұрмыс билейдi» деген қағиданың шындығына көз жеткізуге болады. Жалпы, жат ағымдардың саяси ұстанымымен күрес жүргізу үшін алдын алу жұмыстарына мейлінше көбірек көңіл бөлу керек. Себебі біздің қоғам жымысқы саясатын астыртын жүргізіп отырған осындай діни топтардың «құрбанына» айналып жатқанын жасыра алмайтынымыз анық. Керісінше, оларға дәл осы жат ағымның «дәнін» егетін жеке адамдарға тосқауыл қою, жолдарын кесу, жастардың діни сауатын арттыру, осылайша азаматтарымызды жат пиғылдылардың әрекетінен қорғау өзектірек. Олардың қоғамымызға дендеп еніп, үлкен күшке айналып үлгергендігі осы сөзіміздің дәлелі болса керек-ті. Қалай болған күнде де сауатты адамның сан соқпасы белгілі. Түрлі діни ұйымдардың арбауына түспеу үшін де сананы білім нұрымен нұрландырған ләзім. Жастардың, жалпы адамзаттың психологиясы неғұрлым төзімді болса, соғұрлым іштен іріткі салып жүрген террорлық ұйымдар мен жат ағым өкілдеріне қарсылық көрсете алады. Бұл бағытта құзырлы мекемелер жұмыс жүргізіп жатыр. Әлі де ширата түссе, нұр үстіне нұр болмақ. Болашақ кілті жастардың қолында екенін әсте естен шығармаған ләзім.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар