Самат Смақов футболдағы мансабын аяқтады 

Самат Смақов футболдағы мансабын аяқтады 
ашық дереккөз
Самат Смақов футболдағы мансабын аяқтады 

Сегізінші нөмірлі Самат Смақов футболдағы мансабын аяқтап, қоштасу матчын өткізді.

Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға 10 мыңнан астам жанкүйері жиналды. «Ақтөбе» футбол командасының құрамында 6 жыл ойнап, команданың капитаны болған Самат Смақовтың атына «8» нөмірі өмір бойына бекітілді. Еліміздің 6 мәрте чемпионы, Қазақстанның супер-кубок иегеріне жанкүйерлері мен облыс әкімдігі атынан жеңіл көлік сыйға тартылды.

Аты аңызға айналған Самат Смақов футболдағы карьерасын Семейдің «Елім-ай» командасында бастады. 19 жастағы қорғаушы бір маусымда 5 гол соғып, команданың алғаш рет чемпион атануына үлесін қосты. Қазақстан футболында жарқ етіп шыққан жұлдызды жан-жаққа шақыртулар басталды. 20 жыл бойы бірнеше команданың құрамында ойнап, Қазақстан футбол құрамасының белді мүшесі болды.

Смақовтың қоштасу матчына жан-жақтан әріптестері келді. Олардың қатарында Роман Адамов, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Сидельников, Тимур Кападзе бар. Еліміздегі ең титулды ойыншының соңғы ойынында «Ақтөбе» командасының ардагерлері мен Смақовтың достары жолдастық кездесу өткізді. Ресей, Өзбекстан мен Қырғыз елінен ойыншылар келгендіктен, кездесу халықаралық деңгейде болды.

Тимур Кападзе, Өзбекстанның 12 мәрте чемпионы:

– «Ақтөбе» футбол командасының құрамында ойнаған кезім менің мәңгі есімде сақталады. Самат «қоштасу матчын өткіземін» дегенде, бәріміз қуана келісті. Ақтөбенің стадионында тағы бір рет ойнау, жанкүйерлермен жүздесу – мен үшін үлкен қуаныш. Смат Смақовқа жаңа қызметінде сәттілік тілеймін.

Ақтөбеде футбол десе, ішер асын жерге қоятындар көп. Олар Смақовтың әр ойының жібермей қарайтын. «Ақтөбе» қомандасында жүргенде, Смақов 3 мәрте Қазақстанның үздік ойыншысы атанды. Ал команда Қазақстанның кубогын жеңіп алды. Яғни «Ақтөбе» футбол клубындағы 6 жыл чемпион үшін ең жемісті кезең болды.

Нұрғазы Сидақов, футбол жанкүйері:

– 64 жылдан бері футбол көріп келемін. Бұрын «Актюбинец» болды. Қазір «Ақтөбе». Самат Смақов өзінің ойын өрнегімен жанкүйерлердің жүрегіне сіңіп қалды. Қоштасу матчына кем дегенде 10 мың жанкүйер келіп отыр.

Камшат Қопаева, футбол жанкүйері:

– «Ақтөбе» командасы үшін Смақовтың орны бөлек. Қанша жеңіс сыйлады. Смақов кезінде «Ақтөбе» чемпион болды. Осындай жеңіс үшін біз жанкүйерлер Смақовты жақсы көреміз. Болашақ жұмысына сәттілік тілейміз.

Самат Смақов Қазақстан чемпионаты ойындарында 6 клубтың құрамында ойнап, 19 маусымда 453 матч өткізген. Қарсыластың қақпасына 67 гол соқса, оның 36-сы – пенальти. 6 клубта жүргенде де жүлдегер атанған. Одан бөлек, Қазақстан кубогы ойындарында 60 рет әдемі ойын көрсеткен. Еуропа кубогында 42 матчқа қатысып, 8 голдың иесі атанды. Қазір өзі ойнаған «Ақтөбе» клубының директоры.

Самат Смақов, футболдан Қазақстан Республикасының 6 мәрте чемпионы:

– Мен өз елімде үлкен жетістікке жеткен адаммын. Футболда қандай жүлде бар, соның бәрін алдым. Оның көбін «Ақтөбе» футбол клубында жүргенде иелендім. Жарақат алып, немесе басқа да жағдайлармен орта жолда шығып қалмай, осы жасқа дейін ойнағаным үшін тағдырыма ризамын. 39 жасыма дейін ойнап, мақсаты биік командалардың құрамында болдым. 

Смақов футболмен әдемі қоштасты. Жанкүйерлері орындарынан тұрып қошемет көрсетсе, облыс әкімдігі бағалы сыйлық тапсырды. Матч билетінен түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады. Ал қоштасу матчы 6-5 есебімен аяқталып, «Ақтөбе» футбол клубының ардагерлері жеңіске жетті. Соңғы сәтте алаңға Смақовтың үлкен ұлы шығып, қарсыластың қақпасына бір гол соқты. Жеткіншек «Қайрат» футбол клубында жаттығып жүр.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

24.kz

Ұқсас жаңалықтар