Cоғыстан кейінгі сегіз жыл

Cоғыстан кейінгі сегіз жыл
ашық дереккөз
Cоғыстан кейінгі сегіз жыл

Cарысудан шыққан сапер мектеп Дүйсенбиев үшін оңай болған жоқ

Қазақ даласында сұм соғыстың кесірінен тұнығы шайқалмаған шаңырақ жоқ, сірә. Біреуі әкесінен, енді бірі ағасынан, ұлынан, бүкіл бір отбасы бас көтерер ер азаматтарынан айырылып, сан мыңдаған адамның жүректеріне жазылмас жара түсті. Тұрмыстың тақсіретін тартып, өзегі талғандар қаншама. Соғыстан кейінгі қираған қала, суалған көл, тоз-тозы шыққан дала... Бәрін қалпына келтіру үшін орасан күш, көптеген жылдар қажет болды. Қанқұйлы соғыс 1945 жылы 9 мамырда жеңіспен аяқталғанымен, бейбітшілік үшін күрестің елуінші жылдардың орта шеніне дейін жалғасуы сондықтан.

Сұм соғыс зардаптарын жоюға жұмылдырылған әскерилер қатарында сарысулық Мектеп Дүйсенбиев те болды. 1945 жылдың 2 ақпанында Ташкент қаласынан әскер қатарына шақырту алған майдангер елге 1953 жылдың күзінде бір-ақ оралған екен. Соғыстан кейін 2-ші танк дивизиясы 51-ші жеке саперлық батальоны сапында командир болған жауынгердің табаны туған жерге тек сегіз жылдан кейін ғана тиіпті. Бұл Мектеп Дүйсенбиев үшін өмір мен өлімнің арасында от пенен суды қатар кешкен ауыр кезең болғаны анық. Ту сыртынан жау төніп тұрмаса да, әрбір сәт қауіп-қатерге толы еді. Отан алдындағы зор жауапкершілік 2-ші танк дивизиясының 51-ші жеке саперлық батальоны жауынгерлеріне еш босаңсуға мүмкіндік бермейтін. Керісінше, ширықтырып, шынықтыра түсетін. 51-ші саперлық батальон 1951 жылы 30 маусымнан қарашаға дейін Ресейдің Новгород облысын минадан тазарту жұмыстарына қатысыпты. Ұлы Отан соғысында немістер мина көміп тастаған даланы одан тазарту өте қауіпті болатын. Осынау қауіп-қатермен сан рет бетпе-бет келген сапер Мектеп Дүйсенбиев кейін Эстонияның Выру қаласын, станса Паланы, Ленинград облысында осы жұмысты атқарған. 1951 жылдың желтоқсан айынан 1953 жылдың қыркүйек айы аралығында мина-саперлық взводының командирі болып, 13-ші гвардиялық механикаландырылған дивизияда лейтенант лауазымында Австрияның Клостернойбург қаласында тактикалық оқу-жаттығу өткізген. Жарты Еуропаны– Австрия, Венгрия, Чехословакия, Румыния, Польша, Болгарияны басып өткен әкенің қиын тағдырын бүгінгі ұрпағы әркез мақтан етіп отырады. Саперға тән қырағылық пен батылдық, шұғыл шешім қабылдау секілді қасиеттер оған елге оралғанда да көп пайдасын тигізген еді. Мектеп Дүйсенбиев туған жеріне оралған бетте қол қусырып қарап отырмай, бірден халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына білек сыбана кіріскен екен. Ол біраз жыл Сарысу ауданында спорт бөлімін басқарып, жастарды саламаттылыққа тәрбиелеуге үлес қосты. Аудандық сотта хатшы болған, 44 жыл ауылшаруашылығы саласында еңбек етті. Бұл кез ауданның төрт түлік малды өсіріп, атақ-даңқы республикаға тарап тұрған кез еді. Мал шаруашылығының өркендеп өсуіне малшылар мен мал мамандарының сіңірген еңбегі ерен. Қалың құмда қыстаған малды жаз айында сонау Сарыарқаның төріне шығаратын. Мыңдаған шақырымға малшылар көшіп-қонып жететін. Қыруар мал аяғымен жайылып, күзде кері қайтатын. Бейнетке толы осы жылдар мамандарға да үлкен жауапкершілік жүктейтін. Мектеп аға еңбектің осы тайқазанында шыңдалып, тер төкті. Аудандағы еңбекқор, бейнеткеш, білікті маман ретінде саналатын. Осы салада жарты ғасырға жуық мерзім тер төккен еңбек тарланы Мектеп Дүйсенбиев құрметті еңбек демалысына шығады. Бұрынғы Коммунар ауылында дүниеге есігін ашқан Мектеп Дүйсенбиев қос майданда тер төккен ардагер еді. Соғыстан кейін де сегіз жыл ел тыныштығын күзетті. Отставкадағы аға лейтенант жыл сайын жеңіс мейрамын айрықша салтанатпен қарсы алатын. Өйткені, ардагер бұл күні қос қуанышты қатар атап өтуші еді. Бірінші мерекесі, екіншісі – туған күні. Биыл 9 мамыр күні 90-ға толды. «Әкемнің жастық шағы майдан даласында өтті. Өз замандастары секілді жеңісті жақындатуға үлес қосты. Қиындыққа мойымайтын қайсар мінезді жан еді. Тоқсанға келіп, бас ауырып, балтыры сыздаса да бізге сездірмеуге тырысатын. Ауырып-сырқамайтын. Өмірден көпті көрген әкемнің денсаулығы әлі де тың, санасы сергек еді. Анамыз 12 құрсақ көтеріпті. Солардан 8 немере, 4 шөбере көрді. Құдайға шүкір, ұрпағы өсіп-өніп, еліміздің игілігі жолында еңбек етуді мұрат тұтады. Өмірден көрген-түйгенін мұра етіп, бізге өсиет еткен аяулы әкеміздің әр сөзі әлі есте. Осыны мият тұтамыз, – дейді ардагердің қызы Алтын ағынан жарылып. Иә, күн сайын селеудей селдіреп арамыздан кетіп жатқан ардагерлердің қатары азайып келеді. Аға-ұрпаққа өмір өз қиындығын тосты. Сол қиындықты еңселері бүгілмей көтеріп, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен аға-ұрпақтың алдында бүгінгі ұрпақ қашанда қарыз.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

 

Ұқсас жаңалықтар