
Қазан-ошақ, етекке жабысқан бала, көйлекке май сіңген иіс өзіме қатты ұнайды деген келіншектерге сеніңкіремеймін. Мүмкін менікі дұрыс емес шығар. Бірақ өзін тұлға ретінде қалыптастыру жолын білмейтін, әлде талаптанбайтын, бойына біткен бір талантты тауып, өзін әлемге жарқыратып ұсынуға ұмтылмайтындардың өзін өзі алдауы деп түсінемін. Тұрмыс, отбасы жаман деген пікірде емеспін. Тек қыздардың қалың ұйқыға батып, кейде із-түзсіз жоғалып кететін дағдарыс кезеңі осы тұрмыс құру мен бала туудан бастау алады.
Бүгін тәтті арманын қиялында ғана емес, өңінде тербеген кәсіпкер келіншек Әйгерім Тілеуова туралы айтпақпыз. Ол қазіргі хит өнім тарыдан чизкейк пен түрлі тәттілер, шоколадты құлпынай дайындап сатады. Оның он саусағынан өнері тамып жасаған дүниесі бір сағатқа жетпей сатылып кетеді. Instagram әлеуметтік желісінде aika_cakes парақшасымен танымал ол тек тәтті жасап қана қоймай, кондитерлік шеберлік сағаттарын да өткізеді.
– Арман адамға қашанда тәтті болуы тиіс. Иә, кейде армандап келе жатқанда тыныш теңізде кенеттен асау толқындар пайда болып, кемені шайқап төңкеріп жіберетіні секілді, өмірде де түрлі көлденең жағдайлар болады. Кейде ілгері жүріп әрең жеткен жеріңнен қайта артқа лақтырып тастайды. Кейде қанша тырыссаң да бас көтеруге мұрша бермейді. Алайда қандай күйзеліс, төңкерістен өтіп жатсаңыз да, ішіңіздегі тәтті армандарды, биік мақсаттарды сол күйі сақтаңыз. Болды, енді мүмкін еместі айтпаңыз. Үміт отын өшірмеңіз. Кейінге шегеріңіз. Бірақ бас тартпаңыз. Мен тәттілердің бәрін үйде отырып пісіріп сатамын. Саудамды инстаграмм парақшам арқылы жүргізіп отырмын. Түн баласы шаршап, әл-дәрменің қалмаған кез жиі болады. Бірақ мен берілмедім. Соның арқасында кәсібімнің нәсібін көріп отырмын, – дейді Әйгерім Байділдәқызы.
Әйгерім 1995 жылы Т.Рысқұлов ауданының, Жарлысу ауылында дүниеге келген. Жастайынан тәтті торттар, бәліш, пирогтар пісіруге деген махаббаты ерекше болыпты. Бала күнінде пісіргенін барлығы мақтайды екен. Енді міне, бүгінде дөңгелеткен өз кәсібі бар. Бір қызығы, ол тек пісіруге ғана құштар болмай, қолы боста өлең жазып, айтыстарға қатысып, Жамбыл, Абай оқуларына қатысыпты. Содан қазақ әдебиеті пәнін таңдап, филолог мамандығын алып шыққан. Тұрмыс құрған соң ескі хоббиін еске түсіріп, қолынан келетін дәмді де тәтті чизкейктер пісіруді бастап кеткен. Бұл кәсібі оған қомақты табыс әкеледі. Бүгінде ол үш баланың анасы.
– Күйеуімнің қолдауы керемет болды. Әрбір әйелдің алмайтын қамалы жоқ. Кәсібім дамып жатыр. Оған әрине, күйеуім мен алтын енем себепші. Үш баламды қарап, менің білім алуыма және кәсіп ашуыма жағдай жасап отыр. Ер адамның әйелін қолдауы, ол үлкен тірек іспетті. Қорғанышың бар екенін, сөзіңді, ісіңді қолдаушың бар екенін түсінесің. Өмірімнің жақсы жаққа қарай өзгеруіне үйдегілердің себебі көп тиді. Алдағы уақытта тәттілер дүкенін, мейрамхана ашсақ деп отырмыз, – дейді ол.
Басынан тастамайтын ақ жаулығы өзіне жарасқан Әйгерім қыз күнінде 25-30 мың теңгедей табыс табады екен. Бұл салада алты жыл тәжірибесі бар кәсіби кондитер. Республика бойынша қыз-келіншектерді жинап, тәттілер пісіруден шеберлік сағатын өткізіп жүр. Айтуынша 50-ге жуық торт түрін жасайды екен. Өзі де ірі халықаралық деңгейдегі кондитерлердің сабақ дәрістеріне қалмай барып, білімін шыңдауда. Тәтті де сәтті бизнесті серік еткен Әйгерімнің әлі алар асуы алда.
Рузана АЙҒАРАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің этикасына мән беріледі
- 21 маусым, 2025
Бағытынан айнымаған басылым
- 21 маусым, 2025
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді