«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құтқарушылар бүлдіршіндермен бірге

Құтқарушылар бүлдіршіндермен бірге
Ашық дереккөз
Төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен облыста балалардың қауіпсіздік мәдениетін ерте жастан, дәлірек айтқанда балабақшадан қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдар жасалуда. Соңғы уақытта құтқарушылардың қатысуымен көптеген тәрбиелік-танымдық шаралар қолға алынып келеді.

Мәселен, Тараз қаласындағы №22 балабақша тәрбиеленушілеріне арналған «Асфальт жолға сурет салу» танымдық акциясы өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу тақырыптарына арналды. Бұл күні мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері балаларға үйде және далада қауіпсіздік сақтау ережелерін түсінікті тілде жеткізді. Ал балалар асфальтқа өздерінің білімдері мен қиялдарын бейнелеп, тақырыптық суреттерді қызығушылықпен салды. Қауіпсіздік негіздерін үйрету бойынша іс-шаралар аясында Жамбыл ауданының «Балдырған» балабақшасының тәрбиеленушілері №6 өрт сөндіру бөлімінде болды.

Мектеп жасына дейінгі балдырғандармен кездесудің мақсаты – оларды өрт сөндіруші мамандығымен таныстыру және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Құтқарушылар кішкентай қонақтарды жылы қабылдап, өрт сөндіру техникасы мен жабдықтарын, сондай-ақ өрт сөндіру және құтқару жұмыстары кезінде қолданылатын құралдарды көрсетті.

Балалар құтқарушылардың әңгімелерін қызығушылықпен тыңдап, өрт сөндіруші киімін киіп көрді. Ең үлкен әсер қалдырған сәт – өрт сөндіру көлігінің кабинасына отырып, дабыл дыбысын қосу мүмкіндігі болды. Кездесу соңында бүлдіршіндер жылы қабылдау үшін өрт сөндіруші аға аталарына алғыс айтып, қауіпсіздік ережелерін әрқашан сақтауға уәде етті. Ал осы ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Сәуле» балабақшасында өрт қауіпсіздігі бойынша ашық сабақ өткізді.

Іс-шара балаларда қауіпсіз мінез құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған акция аясында ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер өрт сөндірушілердің киімін киіп, ойыншық өрт сөндіру техникаларымен шартты өрт сөндіру көрінісін көрсетті. Осылайша олар өз іс-әрекеттері арқылы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау маңыздылығын меңгерді.

Құтқарушылар тәрбиеленушілер мен тәрбиешілерге белсенділіктері үшін алғыстарын білдіріп, балаларға дипломдар табыстады. Мұндай іс-шаралар балалардың жеке және қоғамдық қауіпсіздікке деген жауапкершілігін ерте жастан қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз.

 

Жүрсінгүл ЖАҚЫП.

 

 

Ұқсас жаңалықтар