Тараздық қаламгер Дмитрий Иванов халықаралық «Филантроп» сыйлығының иегері
Тараздық ақын, жазушы Дмитрий Ивановтың Алматы қаласында былтыр басылып шыққан кітабы (орысша атауы – «И был рывок») халықаралық конкурста үлкен табысқа жетті. Автор осы еңбегі арқылы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәдениет және өнер саласындағы айтулы жетістіктері үшін берілетін халықаралық «Филантроп» сыйлығының иегері атанып отыр. Дмитрий екі жылда бір рет өтетін халықаралық конкурс туралы бір танысынан естіген екен. «Ол төрт-бес жыл бұрын осы байқауға қатысып, екінші орынды жеңіп алған болатын. Таразда тұрған, кейін Ресейге көшіп кетті. Сол кезде кітабымды баспаға дайындап жатқанмын. Неде болса алғашқы еңбегімнің жарыққа шығуын күттім. Туындымның тұсаукесері облыс әкімдігі жанындағы кітапханада және №38 орта мектепте өтті», – дейді автор. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Мәскеу қаласында өтіпті. Жазушының жұбайы Наталья Морянова салтанатты шара өте жоғары деңгейде болғанын айтады. Қатысушылардың қала ішіндегі жүріп-тұру шығындарын түгелдей конкурсты ұйымдастырушылар көтерген. Тек, Мәскеуге барып-келген жолақысына Тараз қалалық әкімдігі демеушілер тарту арқылы көмектесіпті. Шығармалары шетелдіктерді қайран қалдырған қаламгер «Филантроп» сыйлығын «Шағын проза» аталымы бойынша алып отыр. Өз жетістігі туралы алғаш конкурсты ұйымдастырушылардың сайтынан көріп-біліпті. «Бастапқыда сайтқа кіру мүмкін болмады, сосын Мәскеуге телефон шалдым. Олар «фамилияңызды айтыңыз, біз сіздің жүлдегерлер тізімінде бар-жоғыңызды анықтап береміз» деді. Кейін менің есімім жеңімпаздар арасында жоқ екенін хабарлады. Бірақ, сонда да сайтқа кіріп, кімдердің жеңіске жеткенін білгім келді. Ашсам, Дмитрий Иванов әдебиет аталымы бойынша бірінші орын алды деп жазылып тұр», – дейді жазушы. Иванов бұл жетістігімен шектеліп қалмақ емес. Шабытқа шабыт қосып, шығармашылығын шыңдай түспек. Қазір ол «Тараз туралы аңыздар» атты поэмасымен жұмыс үстінде.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді