Кемшіліктер бар, оны шешу жолдары ше?

Кемшіліктер бар,  оны шешу жолдары ше?
ашық дереккөз
Кемшіліктер бар, оны шешу жолдары ше?

Байзақ ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бірқатар нысандарды аралады. Алдымен аудандық орталық аурухана мен емхана жұмысымен танысудан басталған іссапарда Еркебұлан Әбілханұлы ондағы бірқатар кемшіліктерді сынға алды. Орталық аурухананың бөлімдері мен асханасын аралап көріп, емханадағы ем алуға келген аудан тұрғындарын әңгімеге тартты. Отыз мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығы – Сарыкемер ауылына екі жүз елу орындық жаңа емхана құрылысын салу қажеттілігі туындап отыр. Алайда ол бағытта кездесіп отырған кедергілер де жоқ емес екен. Сондай-ақ Байзақ ауылында салынып жатқан 300 орындық және Ақшолақ ауылындағы 120 орындық мектептердің құрылыс барысымен танысып, Қостөбе ауылдық округіндегі жиырма гектар тұрғын алқапқа жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды көрді. Құрылыс жұмыстарына қатысты тиісті мердігерлерге ескертулер жасалып, сапаға көңіл аудару қажеттілігі айтылды. Аудан әкімдігінде өткізілген қорытынды кеңесте Еркебұлан Дауылбаев Байзақ ауданына келу іссапарының мақсатына тоқталып, сапар барысында анықталған кемшіліктер мен оны шешу жолдарын әңгімеледі. Жиында алдымен облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев баяндама жасады. Жаңа алқаптарды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, оларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспары, пәтер алуға кезекке тұрған азаматтар саны, оны жүйелі түрде шешу, 2022 жылға дейін жер телімін беру жоспары, 2018-2021 жылдар аралығында аудан бойынша мемлекетке қайтару үшін қажетті қаржы көлемі, білім беру нысандарына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы, тағы да басқа мәселелер қаузалды. Баяндамашы өз сөзінде аудан бюджеттеріне автожолдар және көшелерді күрделі, орта жөндеуге бөлінетін ағымдағы нысаналы трансферттер жайында айта келе, елді мекендерді жолаушылар көлігі қатынасымен Жаңатұрмыс, Абай, Ақтөбе, Жаңасаз ауылдары қамтылмағанын, келісімге сай ағымдағы жылдың соңына дейін аталған елді мекендерге ауданішілік бағыттар ашып, қамтылу үлесін 97,6 пайызға жеткізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ Сарыкемер ауылындағы автостансаны жолаушыларға қызмет көрсету бекетіне ауыстыру мәселесі қозғалды. Бұдан соң облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Махашев, облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қанат Айтқұлов, облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дәулет Досанов ретімен сөз алып, өз салалары бойынша баяндама жасады. Кездесіп отырған кемшіліктерге байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Жиын соңында Еркебұлан Әбілханұлы «қызыл сызықты» бақылауға алу, құрылыс жұмыстарын жүргізу ісінде аудан тұрғындарының сауаттылығын арттыру, бас жоспарды егжей-тегжейлі жоспарлау, жас мамандарға әлеуметтік көмек көрсету, қай сала болмасын жүйе жасалмай, жұмыс болмайтынын, хаттамалық тапсырмаларды мерзімінде орындау керектігін айтты.

Жанғазы АХМЕТ

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар