– «Электронды қазақ үй» жобасын жасау идеясы қалай пайда болды? – Бұл өзі қазіргі қоғамымызға сұранып тұрған дүние ғой. Осыған дейін дәл осындай деңгейде бірде-бір дүние болған жоқ. Электронды қазақ үй – «Ұлас-Электрон» ЖШС-ның ғана емес, осы бағыттағы отандық алғашқы өнім болып отыр. Жобаның авторы Ғалымбек Қызырбекұлы атты азамат. Бұл ұлттық өнім – жобаны жүзеге асырушылардың 3 жыл бойғы қажырлы еңбегінің жемісі дер едім. Оған енгізілген музыкалық шығармалар халықтық нақыштағы туындылар. Ертегілер мазмұн, мағынасына қарай іріктелініп алынып, ән-күйлер мүмкіндігінше жоғары деңгейдегі авторлар мен орындаушылардың қорынан алынды. Бүгінгі эстрадалық әндер енген жоқ. Балалар әні де тәрбиелік мәніне қарай іріктелді. Аталған өнімнің сәтті шығуына Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты қолдау білдірді. Сондай-ақ, Серік Қалиев, Еркін Шүкіманов, Талғат Мұқыш, Мұрат Әбуғазы, Бақыт Жағыпарұлы, Дүйсенхан Сыздықов сынды өнер адамдары ақыл-кеңес беріп көмектесті. Бұл – осындай үлкен ізденістен туындаған дүние. Тұлпардың тұяғын, құстың қанатын талдырар ұлан-ғайыр даланы баяғыдан бері мекен еткен қазақ халқы ұлықтауға лайық ұлы мәдениет, өнер мен әдебиет жауһарларын жаратты. Асыл мұрасын атадан балаға жаңғырта, жандандыра отырып қалдырды. Табиғи санадағы зеректік, құймақұлақтық қасиетіміздің арқасында руханиятымыздың кәусары ғасырдан-ғасырға жетті. Осы бағалы өнерімізді келешек ұрпаққа қалдыру – біздің басты борышымыз. Осыны бұрынғыдай ауызша үлгіде емес, заманауи техниканың тетігін тиімді түрде пайдалана отырып жүзеге асырғымыз келді. Осы тұжырымды негізге ала отырып, өркениетіміздің өнегелі тұсын ұмыт қалдырмай, бүгінгі күннің жетістігімен ұштастыруды жөн санадық. Сондықтан да бала тәрбиелеуге қажетті ертегі, ән-күйлерді киелі киіз үйдің кішірейтілген нұсқасына енгіздік. – Сазды әуенмен көмкерілген ертегіні, ән-жырды қазақтың ұлттық аспаптарының біріне орналастырcа да ерекше болар еді. Киіз үйді таңдауларыңызға не әсер етті? – Бізге осы сауал көп қойылады. Дұрыс, басында ол нұсқаларын да қарастырып көргенбіз. Бірақ киіз үйден артығы жоқ болды. Өйткені, шыны керек, киіз үйіміз көз алдымыздан кетіп барады. Ауылдың өзінде бұған қажеттілік азайып тұр. Демек, қазақы үйді болашақ ұрпақтың санасында қалай қалдырамыз? Міне, осы сұрақтың жауабын таптық. Осы арқылы әрбір ата-ана өзінің баласына киіз үйдің толық құрылымын айтып беретін болады. Ал оның ішінен төгіліп тұрған ұлт руханиятының жауһарлары баланы тек тура жолға тәрбиелеп, өмірге ғашық етеді. – Мұнда топтастырылған шығармалардың мазмұнына тоқталып өтсеңіз... – Шығарма мазмұны мүмкіндігінше сараптан өткізіліп, әр сала мамандарының кеңесі ескерілді. «Электронды қазақ үй» – бесік жырлары, ертегілер, балалар әндері, халық композиторларының ән-күйлері, терме-толғаулар, отаншылдық рухтағы әндер, Абайдың қара сөздерін қамтыған 1200 мазмұнды өн-бойына сыйғызған бағалы мұра. «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең», – деп хакім Абай болмысын биіктеткен халықтық мұрамыздың бірсыпырасы көз алдыңызда көрініс табады, музыка тілімен санаңызда жаңғырады. Осылайша әр жастағы тыңдаушылар өзіне ұнаған, қалаған мазмұнды еркін таңдап, тыңдай алады, радионы да қоса аласыз. Сондай-ақ, сағынышқа, тарихқа айналған қазақ музыка өнерінің дүлдүлдерінің өз орындауындағы ән-күйлерін естіп, сағыныш, мауқыңызды басасыз. Кезінде оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыржан атамыздың немерелеріне ертегі оқып беретін әжелер мен бесік жырын айтатын келіндердің азайғанынан, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанына алаңдағанын білеміз. Бұл қорқыныштың болашағына жаны ашитын әрбір ел азаматының көкейіндегі түйткілге айналып бара жатқаны да рас еді. Осы бір мәселенің іргесін сөгіп, ел ертеңі – бүгінгі ұрпақтың өзінің тілін, фольклорын білуге, әдебиетін оқуға, мәдениетін қадірлеуге бір табан жақындататын мұндай жаңалықты жылы қабылдамауға құқымыз да жоқ болатын. Бұл ойға алған игі бастамамыздың басы ғана. Алда ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеудің арнайы бағдарламасы, ауқымды жоспары бар. Оны сәтті жүзеге асыру сіздердің де қолдауларыңызға мұқтаж. Себебі, «ұрпағын ойламаған елдің болашағы бұлыңғыр». Ендеше, ортақ мақсатқа біріге жұмылуға шақырамын. – Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Гүлжан Рахман, «Ақ жол».
Редакциядан: «Электронды қазақ үйді» қажет еткен оқырмандарымыз 87027881183 ұялы телефонына хабарласуына болады.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді