«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңғыру негізі – адами капитал

Жаңғыру негізі – адами капитал
ашық дереккөз
Жаңғыру негізі – адами капитал
[gallery bgs_gallery_type="slider" ids="83315,83316,83317,83318,83319"]

Биылғы оқу жылында 3,6,8-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алуға көшеді. Ал өңірімізде бірқатар мектептерде жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер ағылшын тілінде оқытыла бастайды. Жалпы оқыту жүйесіне енгізілген өзгерістер көп. Оның ішінде ұстаздар қауымын қуандырған жаңалықтар да жоқ емес. Дегенмен жүктелер міндеттің ауқымы – кезекті 9 айдың тынымсыз өтетінін байқатқандай. Білім мекемелерінің өткен оқу жылында қол жеткізген жетістіктері мен кемшіліктері сараланып, алдағы кезеңге белгіленген жаңа талаптар талқыланған өңір педагогтерінің дәстүрлі Тамыз кеңесінде осы мәселелер сөз болды. Жиынға облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев қатысты.

Жауапкершілік жалпыға ортақ

Жаңа оқу жылының жаңалығы да, жүктейтін міндеттері де көп. Сала басшысының сөзіне сүйенсек, ата-аналар мен оқушыларды толғандырған мәселелердің де бірқатары осы жылы шешімін таппақ. Сондай-ақ білім және тәрбие беру үдерісінде отбасы жауапкершілігі күшейтілмекші. Себебі сапаға қол жеткізу үшін балаға ұстазбен қатар, әке мен шеше де дұрыс бағыт-бағдар беріп, қажет кезде қолдау көрсетіп отыруы қажет. Жалпы өткен оқу жылы облыс үшін табысты болды десек, артық айтқандық емес. Кезең-кезеңге бөлінген жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жалғастырылды, жаңа оқулықтар енгізілді. Мұғалімдердің жалақысы өсті. Облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, жаңа талаптарды орындап, білім сапасын арттыру бағытындағы тиісті шаралар биылғы оқу жылында да өз жалғасын таппақ. – Биыл білім саласы үшін мерейлі жыл. Атап айтар болсақ, қосымша білім беру саласына – 100, Елбасымыздың «Болашақ» халықаралық бағдарламасына– 25, Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына – 10, Дарын мектептерінің ашылғанына – 20 жыл толады. Осыған қарап, мемлекеттің білім саласына үлкен қамқорлық жасап отырғанын көруге болады. Оған бір ғана біздің өңіріміздегі білім саласына бөлінген қаржының жыл санап артып отырғанының өзі дәлел. Мәселен, биыл осы мақсатқа 106,1 миллиард теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8 миллиард теңгеге артық. Оның 7,4 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қарастырылған, – деп тоқталып өтті басқарма басшысы. Білім – сатылы түрде үздіксіз дамуды қажет ететін сала болғандықтан, оның әрбір кезеңі жүйелі түрде жоспарланып, негізгі көрсеткіштер белгіленіп отыруы тиіс. Сапаға қол жеткізу үшін сала мамандарына облыс әкімі Асқар Мырзахметов осындай талап қойып отыр. Соның бірі – жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыратын ортақ меморандумдар жасасу шарты. Мұндай келісімдер білім саласына не береді? Ең біріншіден, аудан әкімдерінің жауапкершілігін арттыратыны анық. Шындығына келсек, білім саласындағы жауапты шараларды атқару мен көрсеткіштерге қол жеткізуді ауылдағы атқамінерлер науқандық жұмыс деп қабылдайтыны жасырын емес. Сондықтан өңір басшысы білім басқармасы мен аудан және қала әкімдері арасында меморандумдар жасалып, көрсеткіштерді белгілеуді тапсырған болатын. Ондағы мақсат – білім сапасына, мұғалімдер мен әдіскерлердің сапалық құрамына терең талдау жасап кешенді іс-шаралар жүргізу. Бұл бағытта жұмыс жүргізіле бастағалы көп уақыт өте қоймаса да, нәтижесіз емес. Нақты міндеттер белгіленіп, жауапкершілік арттырылған соң биыл ҰБТ-дағы орташа балл 89,4-ке жетті. Өткен жылмен салыстырғанда 11,5-ке жоғары. Рахия Сейітбекқызының сөзіне сүйенсек, білім сапасы облыс бойынша 66,5 пайызды құрап, өткен жылдан 4 пайызға өскен. – Білім алушылардың оқу жетістіктерін ұлттық және халықаралық бағалау нәтижелері де мектептегі білімнің сапасын анықтайды. Биыл TALIS, TIMSS, PISA, ICILS халықаралық зерттеулеріне 61 білім мекемесінен 495 пән мұғалімі, 28 директор, 1515 оқушы қатысты. Оның қорытындысы 2019 жылдың желтоқсан айында белгілі болады. Ал жалпы оқу жетістігін сырттай бағалау көрсеткіші биыл 11-сыныптарда 66,06-ны құрады, жоспар – 75 балл болған. Дегенмен біз республикалық көрсеткіштен 2,22 балға жоғарымыз (республикалық көрсеткіш-63,84). Бірақ облыстар арасында 6-орындамыз. 9-сыныптарда да нәтиже біршама жақсарған, өңірлердің ішінде бесінші сатыға жайғастық. Ал 4-сыныптарда да солай. Дегенмен білім деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 балға артқанымен, республикалық көрсеткіштен 0,46 балға төмен (республикалық көрсеткіш-19,97). Соның нәтижесінде алдымызға 7 аймақты шығарып алдық. Сырттай бағалау бойынша қазақ және орыс тілінде білім алатын оқушылардың білім сапасында алшақтық байқалды. Мысалы, 4-сыныптарда қазақ тілінде білім беретін мектептердің көрсеткіші 1,73 балға жоғары. Биыл алғаш рет мектептердің оқу жетістігіне «сырттай тәуелсіз бақылау» жүргізілді. 5-10-сыныптардың 90 мыңнан астам оқушыдан гуманитарлық, математикалық және жаратылыстану циклы пәндерінен 2 рет тестілеу алынды. Нәтижесінде мектеп журналдарындағы тоқсандық бағалау мен тәуелсіз бағалауда едәуір алшақтық бар екені айқындалды. Бұл ойланатын нәрсе. Сондықтан біз төмен білім сапасын көрсеткен сыныптарды мектепішілік бақылауға қойып, әдістемелік көмектер көрсететін боламыз, – дейді Рахия Тұрмаханбетова.

Үздік оқушы – үздік мұғалімнің шәкірті

Өткен оқу жылында білім саласындағы қол жеткізген жетістіктерде мұғалімдердің қосқан үлкен үлесі бар. Жалпы өңірімізде білім беретін мектептерде жұмыс істейтін 24 мың мұғалімнің 508 педагогі өткен оқу жылында республикалық байқауларда жеңімпаз атанған. Жамбылдық жас дарындардың биыл републикалық білім додаларында жетінші мәрте үздік команда атанып, 1-орыннан көрінуі де – ұстаздар еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Дегенмен жылда озат оқушылардың есімдері аталып, олардың жетекшілері тасада қалатын. Осыны ескеріп, биыл облыс әкімі озық тәжірибелі, республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқау жеңімпаздарын даярлаған педагогтерге сыйақы беру туралы ереже бекітуді тапсырған болатын. Өңірдің бас педагогінің айтуынша, олар «Жылдың үздік педагогі», «Жылдың үздік тәрбиешісі», «Жылдың үздік қосымша білім беру педагогі», «Жылдың үздік арнайы білім беру мекемесінің педагогы», «Жылдың үздік инженер-педагогі» номинациялары бойынша Мұғалімдер күніне орай арнайы марапатталады екен. Басқарма басшысының мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін 15633 немесе мұғалімдердің 63,3 пайызы жаңартылған мазмұн бойынша курстан өтіпті. 888 педагог жаратылыстану пәндері бойынша ағылшын тіліндегі курста оқыған. Соның нәтижесінде өткен оқу жылында 45 мектеп кейбір пәндерді ағылшын тілінде пилоттық режімде оқытса, жаңа оқу жылында бұл тәжірибе 185 мектепте енгізілмекші. Ол үшін арнайы Жол картасы да әзірленіпті. – Мұғалімдердің өз білімдерін жетілдіруіне бағыт-бағдар беру үшін біз 2018 жылдың ақпан айында қазақ тілі, орыс тілі пәндері мұғалімдерінің арасында эссе жазу, математика, физика пәндері мұғалімдері арасында бақылау-тестинг өткіздік. Бірақ нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Қазақ тілінде эссе жазған 540 ұстаздың 53 пайызы – үштік, 9-ы екілік алды. Орыс тілі пәні мұғалімдерінің де көрсеткіштері осыған ұқсас, 26 пайызы – 3, 12 пайызы – 2 деген бағаға жазған. Математиктер мен физиктер арасында екілік баға алғандар бұдан көп, – дейді Рахия Сейітбекқызы. Иә, осыған қарап, жаңашылдығымен, ізденгіштігімен әріптестерінен оқ бойы озық жүретін педагогтердің шәкірттері озат болатынына көз жеткізуге болатын секілді. Тек үздік оқитын балаларға – бестік, нашар оқушыға екілік баға қойылатыны белгілі, ал екі алған ұстаздарға қандай шара қолданған жөн? Басқарма басшысы пән мұғалімдеріне адресті көмек көрсету бағдарламасы әзірленгенін айтады. Сондай-ақ мамандандырылған мектептер базасында мұғалімдерді қайта оқытудың қысқы, жазғы мектептерінің жұмысы жолға қойылыпты. Сырттай оқыту, қашықтықтан оқыту мектептерінде облыстың үздік мұғалімдерінің онлайн сабақ беруі үрдіске енгізілген. Оған қоса жас мамандардың сабақ беру әдістемелерін жетілдіру мақсатында «Онлайн шеберханасы» және youtube хостингінде математика, физика пәндерінен есеп шығару әдістемесін үйретуге арналған «Эврика» каналы да ашылыпты. Бірақ бұл осы түйткілдің шешімі бола ма? Рахия Тұрмаханбетова өз баяндамасында білім берудің барлық сатысындағы қол жеткізген жетістіктер мен кемшіліктерге толық тоқталды. Конференцияда жарыссөзге шыққан ұстаздар патриот жастар тәрбиелеудің жолын, үш тілде білім берудің артықшылықтарын сөз етті. Тараз қаласындағы №40 гимназия директорының орынбасары Евгения Өмірзақова білім беру үдерісінде ақпараттық технологиялардың рөлін талдап берді. Өз сөзінде адами фактордың, яғни мұғалімнің орнын ешнәрсе толтыра алмайды деген байламға тоқтаған ол балаларға сүзгіден өткен ақпаратты ұсыну туралы мәселе көтерді. Ал жаратылыстану-математика бағытындағы пән мұғалімдеріне ағылшын тілін оқытатын «Ұстаз» орталығының директоры Нұркен Әкімов биыл жамбылдық мамандарға 1 қыркүйектен 25 мамырға дейін 14 теориялық сағат және тәжірибелік сабақтар өту жоспарланып отырғанын жеткізді. Жиында Парламент Сенатының депутаты Абдалы Нұралиев сөз сөйлеп, өңір педагогтеріне басталғалы отырған жаңа оқу жылында зор табыстар тіледі. Абдалы Тоқбергенұлы өз сөзінде Парламенттің өткен сессиясында Мәжіліс және Сенат депутаттарының қарауында 34 заң жобасы талқыланып, қабылданғанын айтып өтті. Оның ішінде білім саласына қатысты заң жобалары да бар.

Сала ісін жетілдіруге сауатты жоспар керек

Оқыту үдерісінде қолданылатын мемлекеттік стандарттар, тағы да басқа салалық бағдарламалар – білім берудегі басты бағдар екені белгілі. Дегенмен сапаға қол жеткізу үшін бұл да жеткіліксіз. Бір сөзбен айтқанда сала ісін жетілдіруге сауатты жоспар керек. Тамыз кеңесінде сөз сөйлеп, облыс мұғалімдерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған өңір басшысы осыған ерекше тоқталды. Жалпы негізгі қағида бойынша да, атқарушы билік үшін де білім беру үдерісі үш сатыға бөлінетінін, ал оның әрбір кезеңінде басқару ісін дұрыс үйлестірмейінше нәтижеге жету мүмкін емес екенін ескерткен Асқар Мырзахметов мектепке дейінгі тәрбие және білімнің қолжетімділігін арттыру үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуды ұсынды. – Облыста жекеменшік балабақша үлесі 25 пайызды құрап отыр. 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 91 пайыздан асты (2017 жылы – 90,2%). Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 98 пайызға жеткізу үшін 33 мектепке дейінгі мекеме ашу жоспарда тұр. Оның 22-і жекеменшік балабақша. Көрсеткіш жақсы, бірақ мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі аудандарда әртүрлі – 79-дан – 99 пайызға дейін. Ал балабақша кезегінде 1 мен 6 жаста 34 мыңнан астам бала тұр. Сол себепті бюджеттің мүмкіншілігін ескере отырып, қаржыны алдымен көрсеткіштері төмен аудандарға беруді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биылғы оқу жылындағы жаңалық Тараз қаласында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдау және жолдама берудің автоматты жүйесі енгізілуде. Электронды формат балабақшаға жолдаманы мобильдік құрылғылар арқылы алуға мүмкіндік береді. Бұл кезектің жылжуын тездетеді әрі ашықтықты қамтамасыз етеді.Аталған жүйені алдағы жылы Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында да енгізуді жоспарлап отырмыз, – дей келе облыстағы үш ауысымды және апатты жағдайдағы, оқушы орнының тапшылығы бар мектептер жайына тоқталды. – Үш аусымды және орын тапшылығы бар мектептердің болуы демографиялық өсімге байланысты. Жыл сайын облыста 25-26 мың бала дүниеге келеді. Оқушы саны артқан сайын жаңа мектептер салу қажет болады. Бірақ мұның барлығын мемлекет есебінен шешу – өте күрделі мәселе. 2020 жылдан бастап, мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне өтеді. Біз осы жүйенің тиімділігін бизнесмендерге түсіндіре отырып, кәсіпкерлерді жекеменшік мектептерді салу жұмысына тарту қажет. Бұл бойынша нақты жоспар жасауымыз керек. Сондай-ақ шағын жинақты мектептердің жағдайы – саладағы өзекті мәселелердің бірі. Облыстағы мектептердің 31 пайызы (140) шағын жинақты мектеп. Ондай білім мекемелерінде арнайы пәндік кабинеттер жеткіліксіз. Өңірде сыныптың балалары топтасып оқитын бастауыш мектептер де бар. Оларда жаңартылған мазмұнда білім беруді толығымен іске асыру мүмкін емес. Біз, ең бастысы, баланың сапалы білім алғанына көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан биыл оқушы саны аз 7 бастауыш мектептің қызметі тоқтатылды. Біздің мақсатымыз – қаражат үнемдеу емес, балғындарға сапалы білім беру, – деген Асқар Исабекұлы білім басқармасына, аудан әкімдеріне оқушы саны аз, шығыны көп, бірақ білім сапасы төмен білім мекемелерін оңтайландырудың үшжылдық бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Заман ағымымен барлық салаға енген цифрландыру жүйесіне көшу процесі өз кезегінде тағы бір қажеттілікті туындатуда. Ол білім беру мекемелерінің инфрақұрылымын жақсарту мәселесі. Биыл облыста осы мақсатта 1,9 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ, жаңа оқу жылында облыс орталығында ақпараттық технологиялар бойынша мамандандырылған IT лицей-интернаты ашылмақ. Бұл үшін облыс бюджетінен 121 миллион теңге бөлініпті.

Жаңалықтың бәрі Жамбылда

Жалпы Астана қаласында өткен Тамыз кеңесінде биылғы оқу жылында көптеген жаңалықтар енгізілетіні айтылған болатын. Педагогтерге әрбір оқу жылында тың тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелуі де – заңдылық. Кезекті оқыту кезеңін жаңа деп атайтынымыз да сондықтан. Дегенмен басқару және ұйымдастыру, қызмет көрсету ісінде жамбылдық мұғалімдерді күтіп тұрған өзгеріс одан да көп секілді. Соның бірі – Тараз қаласының мектептеріне балаларды 1-сыныпқа қабылдаудың автоматтандырылып жатқаны. Енді ата-аналар ашық портал арқылы мектепті таңдай алады, ал оқушы құжаттары интернет желісі арқылы қабылданады. Бұл жаңалықты өңір педагогтеріне облыс әкімі жеткізді. Асқар Исабекұлының айтуынша, 1 қазаннан бастап, Жамбыл жерінде мұғалімді жұмысқа қабылдау автоматты түрде жүргізілетін болады. Ал үміткер онлайн режімде өтініш жолдап, конкурсқа қатысады. – Жергілікті атқарушы органдарға келіп түскен арыз-шағымдар мектепте ақша жинау секілді келеңсіз жағдайларға әлі де жол беріліп отырғанын көрсетеді. Әсіресе жаңа оқу жылы басында «сағат» бөлуде орын алып жатады. Сол себепті білім басқармасына мұғалімдердің сағатын бөлу процесін автоматтандыру мәселесін қарастыруды міндеттеп, 1 қарашаға дейін ережесін бекітуді тапсырдым, – деді облыс әкімі. Біздің өңірде жыл сайын тұрақты білім деңгейін көрсететін озық білім мекемелері бар. Сол мектептердегі ұстаздардың еңбегінің арқасында облыстың білім саласындағы көрсеткіштері төмендеген емес. Әсіресе республикалық, халықаралық білім додаларындағы жамбылдық жас дарындардың олжалаған жүлделерінің саны. Облыс әкімі ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты жою үшін үздік білім ошақтарының тәжірибесін зерттеп, оны жалпы мектептерге тарату керек дейді. Сонымен қатар Асқар Мырзахметов аудандар мен қалалардағы гимназия, лицей деген мәртебе берілген білім мекемелерінің жағдайын терең зерделеу керек деп есептейді. Атап айтсақ, облыс орталығындағы №7,39,49,53 мектеп-гимназиялары, Шу ауданындағы Жібек жолы лицейі және Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназия, Сарысу ауданындағы Ш.Уәлиханов, М.Әуезов атындағы гимназияларды, Т.Рысқұлов ауданындағы №1 мектеп-лицейдің білім көрсеткіші расында осы білім ошақтары мұндай статусқа сай ма деген ойға жетелейді. – Негізі білім деңгейінің төмендігі мектеп директорларының басқарушылық қабілетінің төмендігін көрсетеді. Сондықтан біз білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындаудағы дәстүрлі жүйені өзгертіп, жаңа тәсілге бет бұруды бастадық. Бұдан былай 4 жылдан астам жұмыс істеген мектеп басшысымен келісімшарт қайта қаралады. Ары қарай жұмыс істеуі мектептің білім сапасы мен жетістіктеріне қарай. Шешім қоғамдық комиссияның қорытындысына байланысты қабылданады. Қазір облыста жалпы білім беретін мектептер арасындағы рейтингтің жаңа ережесі бекітілді. Білім беру ұйымдарының қызметін бағалау үшін оқушылар мен ата-аналардың онлайн дауыс беруі де қарастырылған, – дей келе саладағы басқа да жаңалықтарды айтып өтіп, Тараз қаласында Оқушылар сарайын салу жоспарланғанын жеткізді. Білім берудің кезекті сатысы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың бір жолы – жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастық орнату арқылы білікті кадрларды даярлау екені белгілі. Қазіргі еңбек нарығындағы сұраныс та сала мамандарынан осыны талап етіп отыр. Дерекке сүйенсек, облыстың 33 колледжінде 35 мамандық бойынша дуалдық білім беру жүйесі қолданылады. «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім беру» жобасымен 9 колледжде кіріктірілген білім бағдарламасымен жұмысшы кадрлар даярлануда. Алдағы оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына 5024 орын мемлекеттік білім тапсырысы бөлініпті. Алайда облыс әкімі мемлекеттік тапсырысты орналастыруға қатысты бірқатар шешімдер қабылдапты. Ол үшін арнайы ереже әзірленген. Соған сай бұрын тек колледждер мен студенттер арасында келісімшарт жасалса, енді жұмыс берушілер – колледждер және аудан, қала әкімдері арасында үш жақты шартқа қол қойылмақ. – Біріншіден, жұмыс беруші оқу бітірген түлекті жұмысқа қабылдауға, тиісті жалақы төлеуге міндеттеледі. Екіншіден, студент негізсіз шарт талаптарын бұзса, оған жұмсалған мемлекеттің қаржысын қайтаруға міндеттеледі. Үшіншіден, аудан әкімдеріне, мамандарға тапсырыс беруі, тікелей жүктелуі олардың жауапкершілігін арттырады. Ондағы мақсат – бюджетті тиімді пайдалану мен еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды дайындау. Осындай себептерге байланысты биыл материалды-техникалық базасы төмен 2 колледжге мемлекеттік білім беру тапсырысы тоқтатылды, – деген өңір басшысы биыл Құлан ауыл шаруашылығы және Жамбыл политехникалық колледждерін базалық етіп бекітіп, оларды жаңғырту жобалары басталғанын, бұған 300 миллион теңге бөлінгенін атап өтті. Тура осы күні Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев селекторлық кеңес өткізіп, осы жиында әр өңірде үлгілік колледждер базасын жабдықтау мәселесін көтергенін, ал бұл бағытта Жамбылда тиісті жұмыстар басталып қойғанын тілге тиек етті. Жиын соңында облыс әкімі жемісті еңбек етіп, табысқа жеткен ұстаздарды марапаттады. Жұмысының нәтижесіне қарай өңір басшысының қолынан марапат алғандар арасында тараздық Зәуре Жандыбаева, Ирина Королько, меркілік Асипа Қалқабаева, жамбылдық Алтын Әбуева, жуалылық Серік Кенжебаев, облыстық дарынды балаларға арналған үш тілде білім беретін мектептің мұғалімі Гүлназия Рысжанова бар. Ал тараздық Жаннат Әбдіхалықова, Нағима Үсенбекова, байзақтық Макира Рысбаева, Тимофеевтер отбасылық үлгісіндегі балалар үйінің тәрбиешісі Наталья Тимофеева, Талас ауданындағы №14 колледждің директоры Айман Тілеукеева «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісіне ие болды. Сондай-ақ облыс орталығындағы №51 мектептің мұғалімі Рабиға Хайрушева, №8 гимназияның ұстазы Гүлнар Мұстафаева, таластық Берік Сыдық, Меруерт Зайнишова, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбақыт Болтаев «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері атанды. Осы күні өңірдің үздік мектептері де анықталып, қаржылай қолдау көрсетілді. Ең үлкен ақшалай сыйлық – 22 миллион 627 мың 200 теңгенің сертификаты «Айша бибі» атындағы облыстық дарынды қыздарға арналған «Білім-Инновация» мектеп интернатына бұйырды. 1 000 000 теңгенің сертификаттары «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болған білім мекемелеріне берілді. Атап айтсақ, «Ең үздік қала мектебі» номинациясы бойынша –Талас ауданы Қаратау қаласындағы мектеп-лицейге, директоры Мақсат Қазанғаповқа, «Ең үздік ауыл мектебі» аталымы – Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры Дәметкен Бегмановаға тапсырылса, Сарысу ауданы Ж.Отарбаев атындағы орта мектеп «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» атанды.

Ардақ ҮСЕЙІНОВА. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар