Бірден айта кетерлік жай, өңірімізде биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында инвестиция тарту бойынша негізгі қор 7,3 пайызға ұлғайтылып, 69,6 миллиард теңгені құрағаны тіркелді. Бұл еліміздің өңірлері арасындағы 11-орын. Осынау істе, сөз жоқ, «ЕуроХим» компаниясының да елеулі үлесі бар. Бүгінде ол облыс экономикасы өсуіндегі қозғаушы күштердің біріне айналып отыр. Ал 2012 жылы алғаш Қазақстан Республикасы Үкіметі мен «ЕуроХим ХХК» ААҚ арасында «Қаратау фосфоритті бассейніндегі кен орнын дайындау және минералдық тыңайтқыштар өндіру зауытының құрылысы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы тарихи келісімге қол қойылғаны белгілі. Осы жылы «ЕуроХим» 138 миллион тонна фосфор оксидінің қоры бар Көкжон кен орнының үш бірдей телімінде қазба кенін пайдалану лицензиясына ие болды.
Бүгінде аталған жоба елімізде Инвестициялар және даму министрлігі мен компанияның өзара келісімімен жасалған жол картасы және жоспарларға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылу үстінде. Тұтастай алғанда, бұл жоба елімізде, оның ішінде өңірімізде химиялық кластердің дамытылуына айрықша елеулі үлес қосатын болады. Аталған өндіріс орнының жаңашылдығы мен бірегейлігі «Болашақтың энергиясы» тақырыбында Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі кезіндегі таныстырылымына қатысушылар арасында ерекше атап өтілген-ді. «ЕуроХим», бұл – әлемдегі азот, фосфор, калий тыңайтқыштарын өндіретін жетекші өндіріс орындарының бірі. Бұл топ вертикальді-кіріктірілген құрылымға ие. Компания пайдалы қазбалар алу, сондай-ақ өндіру, тыңайтқыштар логистикасы және тасымалдау қызметтерін қамтиды. Калий өндіру қуаттылығын арттыру жобалары – компанияны дамытудың басымдыққа ие стратегияларының бірі. Осы жылдың басында компания Ресейдің Пермь өңіріндегі Усольск калий комбинатында осы өнім түрін шығаруды бастады. Әрі Волгоград облысында «ЕуроХим-ВолгаКалий» жобасының екінші гринфильдін қалыптастыру жұмыстары жалғастырылуда. Усольск калий комбинаты мен «ВолгаКалиде» хлорлы калий өндіру ісінің басталуының арқасында «ЕуроХим» тыңайтқыш өндірісінің азот, фосфор, калий секілді барлық үш буынын өндіру бойынша әлемдегі көшбасшы компаниялар «үштігіне», ал өндірістік қуаттылығы мен жалпы табыстылығы бойынша ғаламдық өндірушілердің «бестігі» шоғырына кіретін болады. Сонымен қатар 2018 жылдың соңына қарай құрылысы Кингисепп (Ресей) қаласында жүргізіліп жатқан фосфор тыңайтқыштарын өндіретін «Фосфорит» зауыты тобына тиесілі аммиак өндіру зауыты пайдаланылуға берілмек. Жалпы компаниялар тобының бас кеңсесі Швейцарияның Цуг қаласында орналасқан, ал өндірістік кәсіпорындары Еуропа, Азия, ТМД елдері аумағында жұмыс істейді. Компания қызметкерлерінің штаты дүниежүзі бойынша 26 000 адамнан астам бірлікті құрайды. Қазіргі таңда Жамбыл облысының аумағында – Жаңатас, Қаратау қалаларында компаниялар тобының «ЕуроХим-Қаратау», «ЕуроХим-Тыңайтқыш» және «Сары-Тас-Тыңайтқыш» ЖШС-лары секілді үш бірдей кәсіпорны жұмыс істеуде. Компания топтарының күшімен қысқа мерзім ішінде бірқатар нақты өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, 2017 жылғы наурыз айында құрамында фосфорит бар 1 000 000 тонна кен алынғаны тіркелсе, биылғы жылдың ақпан айында миллионыншы тонна фосфорит ұны өндіріліп, тұтынушыларына жөнелтілді. Биылғы 28 маусымда қазақстандық компаниялар тобының көшбасшысы «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-ның еліміздің әділет органында ресми тіркелгеніне 5 жыл толды. Алғашқы бес жылдықта ауқымды кешенді жұмыстар жүзеге асырылды. Оның ішінде айрықша маңызға ие өндірістік табыстарды да атап өтуге болады. Ең бастысы, инвестициялық жобаның бірінші кезеңі мәресіне жетті, фосфорит кенін алу мен алғашқы өңдеу бойынша жобалық қуаттылыққа қол жеткізілді. Енді екінші кезеңнің жұмыстары жандандырылу үстінде. Жобалау жұмыстары бүгінде 70 пайызға орындалып отыр. Химия кешені құрылысы салынатын алаң үшін бөлінген жерді дайындау жұмыстары жүргізілуде. Аталған кешенді іске қосу мерзімі 2021 жылға белгіленіп отыр. Жоба жоспарға сәйкес 2022 жылы толық қуаттылығында жұмыс істейтін болады. Осы ретте компания тарапынан Жаңатас қаласының белгілі бір аумағын дамыту бойынша Санкт-Петербург қаласындағы «Биіктегі және жерасты құрылғылары КБ» ААҚ-мен бірлескен шеберлік-жоспар әзірленгенін де атап өту ләзім. 2016 жылдың күз айында ол Жамбыл облыстық әкімдігіне берілді, ендігі жерде оны өңір басшылығының Жаңатас қаласының бас даму жоспарымен үйлесімділікте жүзеге асыруы көзделуде. 2018 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша компания тарапынан жергілікті қазынаға салықтық аударымдар 11 миллиард теңгеден астам (32 миллион долларға жуық) қаржыны құрап отыр. Жобаның жүзеге асырылуы кезінде кен қазбаларын пайдалану жөніндегі келісімге сәйкес өңірдің әлеуметтік мұқтаждықтары үшін республикалық және облыстық бюджеттерге 21 миллион АҚШ доллары төленген. Жалпы жоба жүзеге асырылған жылдар ішінде 500 жаңа жұмыс орны ашылғанын, кәсіпорында жұмыс істейтіндердің 85 пайызы жергілікті тұрғындар екенін де атап өткен жөн. Ал химиялық кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін кәсіпорында 1 000-ға жуық, ал аралас салаларда 2 000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. – Мен мұнда алғашында тау-кен шебері жұмысына қабылданған едім. Ал қазір тау-кен жұмыстары бөлімін басқарамын, – дейді тау-кен жұмыстары бөлімінің басшысы Мұратбек Шуженов(суретте). – Бұдан төрт жыл бұрын жазда тау жыныстарын тасымалдау және Аралтөбе кен орнын жан-жақты зерделеу жұмыстары қалай басталғаны да күні бүгінгідей есімде. Бүгінде біз ынтымағы жарасқан ұжымбыз. Арамызда бай тәжірибе мен көп жылдық еңбек өтіліне ие мамандар жұмыс жасайды. Оларды өз ісінің нағыз кәсіби шеберлері десе де болады. Мұндай мамандармен бірге жұмыс істеу бір ғанибет. Компаниямыз жас, алайда біз көптеген жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Мемлекеттік индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында өңіріміздің де өндірісті аймаққа айнала бастауы бірінші кезекте жұмыссыздық мәселесін шешетіні, әсіресе ауылдарда ірге қозғалтпай отырған жергілікті тұрғындарды ерекше қуантатыны белгілі. Бүгінде ауылдағы атпал азаматтардың екі қолға бір күрек табылмай, құрылыс жұмыстарын жүргізу, бақалшық саудагерлікпен айналысу үшін алыс қалаларға аттанып жатқандары аз емес. Ал өндіріс, индустрияландыру сол ауылдарға жақындай түссе, іздегенің алдыңнан шыққаны емей, немене! «ЕуроХим»-нің де, елге, әсіресе екі ауданның тұрғындары тұрақты жұмысқа алынуына, табыс тауып, отбасы бақуаттылығын арттыруына тигізіп жатқан септігі аз емес. Міне, осылай бақытын еңбектен, «ЕуроХим»-нен тапқан азаматтардың бірі – Әріпбай Аманов. Ол кәсіпорынның таудағы телімінде жүргізуші болып жұмыс істейді. «Осында төрт жылдан бері еңбек етудемін. Маған жұмысым ұнайды. Бүгінде жеті бірдей ұл-қыз тәрбиелеп отырмын. Олардың ештеңеге мұқтаж болмай, молшылықта өмір сүруін қамтамасыз етуге шамам жетеді. Әсіресе біздің кәсіпорнымыздың жылдан-жылға желісі кеңейтіліп жатқаны қуантады. Жаңа автокөліктер, тау-кен техникалары, жұмыс жасауға қолайлы жағдайлар жасалуы, тұрақты еңбекақының болуы – мұның барлығы да менің болашаққа, балаларымның болашағына сеніммен қарауыма мүмкіндік беріп отыр. Олардың арасынан мен секілді өз өмірін «ЕуроХим»-мен байланыстыратындары шығатынына әбден сенімдімін», – дейді ол. «ЕуроХим»-нің елмен етенелесуі, міне, осындай игіліктерге қол жеткізуде. Ең бастысы, «ЕуроХим» ел сеніміне ие болып та үлгерді.
Баймаханбет АХМЕТ Сарысу және Талас аудандары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді