Қайтарымсыз қаржы керек емес пе?
Еліміздің ауылшаруашылығы саласын қолдау мақсатында жыл сайын мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Сол қаржылай қолдаулар мен субсидиялар облыс көлемінде қаншалықты игерілуде? Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековтің төрағалығымен өткен аппарат жиынының алғашқы мәселесі осыған арналды. Ауылшаруашылығына арналған қаржылай қолдаулар мен субсидияларды игеру барысы туралы облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары З.Өмірәлиев хабарлама жасады. Оның айтуынша, өткен жылы облыстың ауылшаруашылығын өркендетуге 5 миллиард 820 миллион теңге бөлінсе, биылғы жылы бұл мақсатқа 592,2 миллион теңге қаражат артығымен қарастырылыпты. Яғни, биылғы жылға ауылшаруашылығын дамыту саласына 6 миллиард 412,2 миллион теңге бөлініп отыр. Хабарламашы мақсатты қаржының игерілу барысын да тарқатып айтты. Мәселен, ағымдағы жылдың алты айында 2 миллиард 16 миллион теңгені игеру жоспарланған. Олардың нақты игерілгені 2 миллиард 13 миллион теңге. Бұл 99,8 пайызды құрайды. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға қарастырылған 372 миллион 383 мың теңге толығымен игерілген. Зиятхан Смағұлұлы «Басым дақылдарды өндіруді субсидиялау арқылы өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды және көктемгі егіс пен егін жинау жұмыстарын жүргізуге қажетті жанар-жағармай материалдары мен басқа да тауарлық-материалдық құндылықтардың бағасын арзандатуды субсидиялау» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржының игерілуі Шу ауданында небәрі – 2,2, Мойынқұм ауданында – 8,6, Байзақ ауданында 30 пайызды құрап отырғанын, бұл көрсеткіштер облыстық орташа көрсеткіштен едәуір төмен екендігін алға тартты.
Бұл мәселеге қатысты Бекболат Серікбекұлы жиынға селекторлық режімде қатысып отырған Шу ауданының әкімі Бақытжан Нұркенов пен Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Есеевтің уәждеріне құлақ түрді. Мойынқұм ауданы әкімінің міндетін атқарушы Бақытжан Жапарұлы қойылған сауалға қатысты жауабын бірден айта алмай, аудандағы ауылшаруашылығы саласының мамандарынан сұрап, кібіртіктеп жеткізді. Бұл әрекетті Бекболат Серікбекұлы бірден сынға алып: «Аудан әкімінің міндетін атқарып отырсыз, жиынға дайындалып келмейсіз бе? Тура жиын үстінде жан-жағыңыздан жалтақтап сұрап отырсыз, ұят емес пе?» деп ескертті. Бүгінде ұсақ шаруашылық нысандардың субсидия алуы да өзекті мәселе болып отыр. Ал, базарға бара қалсаңыз тек қана Өзбекстан және Қырғызстаннан әкелінген жеміс-жидектер сатылып жатады. Осы орайда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков: «Базардан қашан өз өнімімізді көреміз? Алдағы уақытта ұсақ шаруашылықтарды ірілендіріп, олардың арнайы ережеге сай субсидия алуы үшін жұмыс атқару керек» деді.
Жол бойында сегіз сервис кешені бой түземек
«Батыс «Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көліктік дәлізінің біраз бөлігі облыс аумағынан өтеді. Оның бойынан жол бойы сервис кешендері құрылысын ұйымдастыру мақсатында жұмысшы топ құрылған болатын. Олар 8 жол бойы сервистік кешендерінің құрылысын жүргізу үшін «В» санатты 4 бірлік пен «С» санатты 4 бірліктің салыну орындарын айқындаған. Сонымен қатар сервис кешендері құрылысының эскиздік жобалары да әзірленіп қойылған. Бұл жөнінде аппарат жиынында облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары О.Ағабеков тарқатып айтты. Сонымен қатар ол бүгінде аталмыш басқарма тарапынан жол бойы сервис кешендерін салу бағытында ұйымдастыру шараларының қарқынды қолға алынып отырғанын айтты. Хабарламашы атқарылған шаралармен бірге құрылыс жұмыстарын бастауға кедергі болып отырған себептерге де тоқталды. Мәселен, құрылысқа берілген жер телімдерінің деңгейлері магистраль деңгейінен 2-3 метр төмен орналасқан. Бұл жағдай инвесторлардың шығынын көбейтуге әкеп соқтырады. «Осыған орай аудан әкімдерінен жер телімдеріне жақын жерден карьер ұсынуды сұранамын» деді О.Ағабеков. Жол бойы сервис нысандарының құрылысына атсалысуға инвесторлар тартуда да біршама қиындықтар бар. Бекболат Серікбекұлы: «Мұның себебі неде?» деді. Бұған Олжас Пернеханұлы сегіз кешенді кәсіпкерлердің өз тараптарынан көп санап отырғанын жеткізді. Мәселені қорытындылай келе, Б.Орынбеков жолбойғы сервис кешендері салынатын Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы аудандарының әкімдіктері бірлесіп, қажетті құжаттарын заңдастырып, құрылыс жұмыстарына тездетіп кірісу қажеттігін тапсырды. Сонымен қатар аппарат жиынында Бекболат Орынбеков бүгінде облыста жол қауіпсіздігі ешқандай сын көтермейтінін алға тартты. Өткен сенбіде ғана «Ақкөл-Үшарал» бағытындағы жолда көлік апаты орын алып, бір жүргізуші, төрт жолаушы көз жұмған. «Өмірмен қоштасқан жолаушылардың барлығы өрімдей жастар. Қазір суға шомылу науқанының қызып тұрған шағы. Күн сайын қаншама жеткіншектеріміз суға кетіп, көз жұмып жатыр. Бейбіт күнде төтенше жағдайлардың салдарынан адамдардың мерт болуы әрбір жүректі сыздатары анық. Мұны қадағалайтын ішкі істер органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қайда қарап отыр? Олар, тіпті, аппарат жиындарына да қатыспайды. Жол қауіпсіздігін кімге сеніп тапсырамыз? Сондықтан бұл мәселені келесі аппарат жиынында кеңінен қарайтын боламыз» деді Бекболат Серікбекұлы сөзінің түйінінде.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді